ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

0 120

«Қыс – қыр астында», демек, бейқам отыруға болмайды. Оның үстіне, Арқаның аязын бәріміз жақсы білеміз. Жұртшылықты толғандырған ортақ сұраққа Алматы ауданы әкімінің орынбасары Әлихан Қуатбеков жауап берді.

  – Жалпы, аудан бойынша жылу беру маусы­мына дайындық қай деңгейде?

– Аудан көлемінде 1012 көпқабатты тұрғын үй бар. Осыларға 162 мекеме қызмет жасайды. Кестеге сәйкес жылу келетін барлық жүйелерге жөндеу жүргізілуде. Бүгінгі таңда бұл төңіректегі жұмыстар денсаулық, мәдениет саласында толықтай аяқталды деп сеніммен айта аламын. Ал, тұрғын үйдің тоқсан пайыздайы қыс қаһарына әзір тұр.

Жыл басында ПИК басшылығы тұрғындармен кездесіп, атқарылатын істің барысын пысықтап алған еді. Демек, назардан таса қалып қойған ешқандай мәселе жоқ.

– Тұрғын үйді модернизациядан өткізу үшін нендей жұмыстар атқарылды?

–Пәтер иеленушілер тарапынан 19 миллион теңгеге жылу жүйелерін алмастыру көзделіп отыр. ТҚШ-ны модернизациялау бағдарламасы негізінде 11 тұрғын үй жөндеуден өткізілмек. Автоматтандырылған жаңа құрылғыны орнатқан кезде электр қуатын үнемдеуге жол ашылады. Қазірдің өзінде мұндай үйлердің қатары жыл өткен сайын артып келеді.

– Тұрғындарға лифт қызметі ауадай қажет. Ал, қауіпсіздік ережесі сақталған ба?

Жоғарыда атап өткен тұрғын үй бағдарламасы бойынша 8 лифт ауыстырылатын болады. Қазіргі кезде 5 лифт жөндеуден өткізіліп болды. Ал, 3 лифті жөндеуге дайын тұр. Техникалық қауіпсіздік ережелерін ұдайы назарда ұстаймыз. Сондықтан, алаңдауға еш негіз жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − twelve =