ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫ БАСТАЛАДЫ

0 227

ZAH_0915

Кеше Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қатысуымен 2014-2015 маусымындағы жылу беру науқанына арналған жиын өтті. Онда қала әкімінің орынбасары Василий Крылов және Есіл, Алматы, Сарыарқа аудандарының әкімдері мән-жайды баяндады.

Василий Крыловтың айтуынша, 29 қыркүйекте елордада жылу беру маусымы басталады. Қыстың қаһа­рына қазіргі уақытта қаладағы жылу ор­талықтары тас-түйін дайын көрінеді. Астана қаласы мәсли­ха­тының биылғы шешімімен  қаланы жылыту мауысымына дайындау және оны өткізу ережесі бекітілген бо­латын. Жылу беру дәл осы ережеге сәй­кес жүргізіледі.

«Білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет нысандарының жылу беру маусымына дайындығы толығымен аяқталды. Жалпы алғанда, қала тір­шілігін қамтамасыз ететін мекемелер жылу беру маусымында үздіксіз әрі тұрақты жұмыс істеуге, электр энергиясын жеткізуге толық дайын. Ауа райын болжаушыларға сенсек, ертеңнен бас­тап күн суытып, ауа температурасы төмендейді, жауын-шашын түседі. Жалпы, біз қыркүйектің 29-ы, яғни, алдағы дүйсенбіден жылу беру маусымын бастауға дайынбыз» деді Василий Крылов.

Осыдан кейін аудан әкімдері кезек-кезек сөйлеп, өздеріне қарасты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жай-күйін, ондағы мәселелерді және жүзеге асқан жобалары туралы баян­дады. Бірақ әлі де атқа­рыл­маған жұмыстардың бар екенін аң­ғардық. Кейбір жауапты мекемелер сол жағалаудағы аздаған тұрғын үйді қысқы маусымға толықтай дайындап үлгермей жатыр екен. Алайда, бұл күні техникалық және қаржылай көмектің уақтылы беріліп тұрғанына байланысты мойнында міндеті барлардың сылтау айтатын еш реті жоқ екенін бәріміз білеміз.

Жиын соңында елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов халық ара­сынан қойылған сұрақтарға нақты жауап беріп, бұқараның боран мен аяздан қорқатын жөні жоқ екенін жеткізді. Оның сөзіне қара­ғанда, әлеуметтік саладағы 170 ны­санның 103-іне жылу берілді. Ал дүй­сен­бі­ден бастап елорданың барлық ба­ла­бақшаларына, мектептеріне, ден­саулық сақтау нысандарына жылу беріледі.

«Елордада әлеуметтік саланың бірқатар нысанына жылу берілді. Нақтырақ айтсам, қазірдің өзінде Астана қаласындағы 29 денсаулық сақ­тау нысанының 14-іне  жылу беріле бастады. Бұл – 48 пайызды құрайды деген сөз. Ал 64 балабақшаның 51-і, 57 мектептің 28-і жылу беру жүйесіне толығымен қосылды.

Бірақ, біз қазір бәрін жақсы деп кеткенмен, ертең-ақ техникалық ақаулар пайда болып, үлкен мәселе тауып беруі ғажап емес. Сондықтан кез келген мезгілде қол қусырып қарап отыруға болмайды. Өйткені, Астананың қысы бәрімізге мәлім: бірнеше күн бойы 35 градустан  төмен аяз сақталуы мүмкін» деді Иманғали Тасмағамбетов.

Қазіргі уақытта орталықтан жылытылатын 2115 көппәтерлі тұрғын үйдің 2086-сында алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары аяқталған. Қорытындысында, Алматы ауданы 100 пайыздық көрсеткішпен қысқа дайын болса, Есіл ауданы – 93, ал Са­рыарқа ауданы 98,1 пайыз дайын.

 Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − 9 =