Жылу беріле бастады

0 69

Кеше елорданың әлеуметтік ғимараттары мен тұрғын үйлеріне жылу беру маусымы басталды. Бұл науқан әу баста 10 қазанға жоспарланған-ды. Қала басшылығы күздің қара суығына халықты тоңдырып қоймай, күзгі-қысқы жылу беруді ертерек бастауды жөн көрді. Сонымен, бүгін-ертең шаһардағы мектептер мен балабақшадан бастап, тұрғын үйлерге жылу тарата бастайды. Осы ретте Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов елорданың аталған маусымға дайындығын пысықтау мақсатында жиналыс өткізді.

 Жиында жылу беру маусымына дайындық бойынша штабтың төрағасы, қала әкімінің орынбасары Василий Крылов пен аудан әкімдерінің есептері тыңдалды. Штаб төрағасы атап көрсеткендей, елорданың тұрғын үй қоры жылу беру маусымына толық дайын. Атап айтсақ, 1971 тұрғын үй, 119 білім, 25 денсаулық және 12 мәдени нысан сақадай-сай. Бұған қоса, Василий Крылов энергокешендердің дайындығы бойынша кешенді іс-шаралардың жүргізілгенін айтып, олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталды. Белгілі болғандай, Астанада 1 қазаннан бастап жылудың жаңа сараланған тарифі енгізіледі. Ол жалпы жүйелік есеп құралын орнату арқылы жүзеге асырылмақ. Аталған аспап орнатылған үйлер үшін жылу ақысын 24 пайызға үнемдеуге мүмкіндік берсе, орнатылмаған үйлерде жылу құны 20 пайызға қымбатқа шықпақ. Нақты айтсақ, жеке тұлғалар үшін тариф приборымен 1455,97 теңге/Гкал, приборсыз 2 326,92 теңге/Гкал. Ал заңды тұлғалар үшін 1 858,61 теңге/Гкал, приборсыз 3 038,10 теңге/Гкал. Жалпыжүйелік есеп приборын орналастыруға техникалық мүмкіндігі жоқ нысандарда тариф жеке тұлғалар үшін 1 939,19 теңге/Гкал, заңды тұлғалар үшін 2 025,40 теңге/Гкал бойынша есептеледі.

– Елбасының тапсырмасына сәйкес, ТКШ жаңғырту бағдарламасы бойынша, елордада 9 көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жүргізу көзделіп отыр. Бұл мақсатқа қажетті қаржы бөлініп, жақында толық іске қосылмақ. Меніңше, сол үйлерге мониторинг жүргізіп, тұрғындарға аталған жаңғыртудың тиімділігін дәлелдеу керек. Бұл жұмыстың тиімділігі мен ақшаның үнемділігіне көз жеткізу қажет. Коммуналдық қарыздарды қайтарту бағытындағы жұмыстың да қарқынын бәсеңсітпеу керек. Қысқы жылу маусымына дайындықты жақсы жүргізген баршаңызға алғысымды айтамын, – деді Астана әкімі И.Тасмағамбетов жиналғандарға қаратып.

Айнұр ШОШАЕВА


Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + eleven =