Жылу ақысы өзгермеді

0 9

Монополияға қарсы комитеттің хабарлауынша, 2020-2021 жылдарға белгіленген тариф өзгерген жоқ. Осыған дейін шаһар тұрғындары жылуға есептелген төлемақының бірнеше есеге өскенін айтып, дабыл қаққан еді. Алайда комитет өкілінің айтуынша, бұған ауа райының суытуы себеп. Былтыр желтоқсанда күн райы ерекше суық болғандықтан, жылу энергиясы көп жұмсалды.

2019 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырар болсақ, ауа температурасы 7-ге дейін төмендесе, былтыр желтоқсанда сынап бағанасы 15-ке жетті. Осылайша, тұрғын үйлерді жылумен қамту үшін өткен желтоқсанда бөлінген энергия шығыны 348 мың гигакалорияға артық болған. Сол себепті төлем де көбейген.
– Әрбір тұтынушы төлем­ақы түбіртегіне зер салса, онда құн деген баған тұрады. Ол жерде монополия­ға қарсы департаменттің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша бекіткен тарифі көрсетілген. Қосымша құн салығын қоса есептегенде, оның бағасы бүгінде 2432 теңгені құрап отыр. Қасындағы бағанада тұтынылған жылу мөлшері көрсетіледі. Төлемақының мөлшерін тексеру үшін тарифті тұтынылған жылу мөлшерінің санына көбейтсе жеткілікті. Осылайша жылу қызметінің ақысын есептеп алуға болады, – деді Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департамент жетекшісінің орынбасары Ибрагим Тангиев.
Егер де жылу төлемақысы одан көп болса, тұрғындар департаментке арыз жазып, хабарласа алады. Тексеру кезінде төлемақының негізсіз көтерілгені анықталса, коммуналдық мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 4 =