ЖЫЛҚЫБАЙДЫҢ ЖАРЫҒЫ

0 430

ERA_4266

Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз – жиырма жасында журналист мамандығына арбалып, «осы ұлы өнерге мен лайықпын ба?» деп сол кездің өзінде-ақ өзіне өзі сұрақ қойып, шығармашылық өнердің салмағы мен жауапкершілігін тұлабойымен сезініп келген азамат.

Жалпы Жылқыбай Жағыпарұлының шығар­машылық  жолын шартты түрде екі кезеңге бөлуге болатын сияқты. Біріншісі, өзінің Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетіне тәй-тәй басып келіп кіруі (сол кездегі атауы «Коммунизм нұры»), екіншісі, «Арқа ажарынан» топқа түсер балуандай толысып шығып, ұлылар іргесін қалап келе жатқан бас газетіміз «Егемен Қазақстанға» табан тірегені.

Иә, сонау жылдары  Қарқаралыдан Мәдидің екпініндей леппен келген жас Жылқыбай Ақмола-Целиноградқа тағдыр жазуымен топ еткенде, бұндағы жағдайды тілдің, елдің жәйін көріп, әуелде, «көңілінің су сепкендей» болғаны жасырын емес. Кейін  бұл жағдаймен де тебісіп-табысып үйреніскен соң, Жықаңды «Ақмоланың май топырағы» (өз сөзі) жатсынбай, өз ұлындай кеудесіне басты. Тіпті, кей сәттерде өз ұлынан да артық көрді дей аламыз. Өзі жаутаңдай бас сұққан облыстық газеттің бас редакторының бірінші орынбасарына дейін көтерілді.

Жықаң да Ақмоланы барынша құрметтей білді. 1979 жылы «Ақмола жерін Неміс автономиясына бермейміз» деген күрес кезінде жергілікті жігіттерді жұмылдырып, ерекше белсенділік көрсетті. Сол үшін үш әріптің құқайын да көрді. Шығармашылық әлемінде өзі құрметтеп, ұстаз тұтқан Ақмоланың аяулы жандарының басым көбімен сыйлас, аралас-құралас болды. «Тіршіліктен» тамыр тартқан тұлғалар» деген және тағы басқа да Ақмоланың арыстарына арналған мақалалары – соның дәлелі.

Асуы мен қиясы, ұңғылы мен шұңғылы мол шығармашылық бәсекелестікте (жақсы мағынасында) өзімшілдіктен, босқа әлек­тенуден, өндіршектеуден аулақ болды. Өзі жанындай сүйген шығармашылық өнері­мен айырылмастай дос; осы уақыт ішінде ол өнері де мұны жалғыз тастамады. Сүйемелші, тіпті, кей кезде, өзіне жанашырмыз дегендердің қолынан келмеген берік қорғаны бола білді.

Біз бұдан әрі Жықаңа өз тарапымыздан атақ, абырой қосақтап әуреленгеннен гөрі, бірден оның жазушылық суреткерлігіне көңіл бөлгенді жөн көрдік. Оның да өзіндік себебі жоқ емес. Бүгінгі нарық заманына лайық оның повестері баспагерлер тарапынан қызығушылық тудырып, қайтадан  басылуда екен.

Жылқыбай Жағыпарұлы – өзінің жазушылық өнеріне аса кірпияздықпен қарайтын қаламгер. Сондықтан болар, ол оңды-солды қалам сілтеуден барынша тартына жүріп, жазушылық өнерге іштей дайындалып, толысып келді.

Оның шығармашылық жолы неше оқысаң да толқытпай қоймайтын «Зар-нала» повесімен басталды. Әділін айту керек, шығарма оқыған оқырманын бірден баурап алды. Орынды жерінде айта кетер оқиға, бірде біз жолдасым екеуміз таксидің ішінде келе жатып, бүгінгі заманда кітаптың оқылмайтындығы жөнінде сөз қозғадық. Рөлде отырған жүргізушіміз егде адам екен. Ол «кітап неге оқылмайды, оқылады» деді де, «Зар-наланы» есіне алды. Мен таңқырқағаным соншалық, іле авторы туралы сұрап едім, бірақ, жүргізуші кітаптың авторын ұмытыпты. Ал, менің авторды жақын танитындығымды естігенде, риза болғандығы сонша, түсерге келгенде менен ақы алудан бас тартты.

Жықаңның бүгінгі шығып жатқан еңбектерін жинақтап қарасаң, негізгі мамандығы тарихшы болғасын ба екен, қазақ тарихындағы қадау-қадау кезеңдерді шығармаларында кәдімгідей қамтыған. Мәселен, революцияға дейінгі қазақ өмірі – «Кек», революция тұсындағы аласапыран – «Қиянат», революциядан кейінгі аштық «Зар-нала» повестерінде көрініс тапқан. Бір атап өтетін тұсы, үш шығармасы да өзінің нәзік пішініне қарамай, осы үш кезеңнің жүгін нар түйеше көтере білген.

Халқымыздың басынан өткен ұлы нәубет, кеңестік кезеңде құлып салынған, 1932-33 жылдардағы аштықты қозғағандардың алдыңғы легінде «Зар-нала» болды десек, орынсыз айтқандық емес. Ол жөнінде атақты журналист, мықты пәлсафашы Жомарт Әбдіхалық: «Ж.Жағыпарұлының көркем туындысы әзірге осы тақырыпты толғаған тұңғыш туын­ды­лардың прозадағы төлбасы санатында дүниеге келгендіктен, біз оның қазақ әдебиеті үшін ай­рықша орны барын баса айтамыз» («Шарболат сенім» кітабынан) деп, тіпті, еңбектің орнын да орынды айқындап кетеді.

Мұндай, автордың қолтаңбасына тән орнықты қағида Ж.Жағыпарұлының басқа туындыларында да бұлжымай көрініп отырады. Мәселен, «Қиянат» повесі – күрделі тартысқа, адам сезімдерінің тартысына құрылған ерекше шығарма.

«Кек» повесін қолға алған кезде 1905 жыл­дардағы Қарқаралы оязының Крестьян бастығы болған озбырдың қылығы бірден еске түседі. Онда Балқаш жолбарысының соңғы тұяғын аулатып әкеліп, өзіне сыйға тартқызған оқиға елес береді. Автор тарихшы ретінде бұның бәрін біле отырып, түйін түйсе керек. Сонымен қатар, Ж.Жағыпарұлы «Кек» повесінде туған жерге, туған табиғатқа жасалған қиянаттың түбі бір зардабы болмай қоймайтындығын, ол да өзіне күш көрсеткенге қарсылық танытатынын көркем, шынайы жеткізген.

Үш еңбек те қаламгердің өзіндік қолтаңба­сының әбден қалыптасып, орныққандығын куәлан­ды­ратын шығармалар.

Сондай-ақ Ж.Жағыпарұлы еңбектерінде қазақтың өзіне ғана тән мінезі мен салт-дәстүрінің иісі аңқып тұрады. Мәселен, «Зар-налада» бес ата шаңырақтан еркек кіндіктен Қайырлының ғана қалуы, осыны ұғынған қаршадай Ұлжанның ата салтына берік болғандығы сонша, өзінің басын құрбан етіп, Әбілмұңға күйеуге шығып, Қайырлыны аман-сақтап қалады. Мұнымен, автордың 1932-33 жылдардағы нәубет «Атасы басқа аттан түс, атасы бірге атқа мін» деген жаугершілік заманмен бірдей болғанын да оқыр­манның көңілін аударғысы келген тәрізді.

Қаламгердің ол қарекеті де текке кетпейді, повестің сюжеті мен композициялық құрылымына бөлекше реңк береді.

«…Қайырлының – сол шыңнан аса алмай ақыры мерт болуы – жай ғана кітап кейіпкерінің қазасы емес, бұл қазақ қоғамындағы кешегі бастан өткен зұлмат өмірдің өшпес ізі. Кешуге болмайтын керемет азасы» дейді Ж.Әбдіхалық.

Дәл осы жерде біз басты кейіпкерді қазаға ұшырады деген пайым жасап отырған Ж.Әбдіхалық пікіріне қосылмаймыз. Біздіңше, Қайырлының ұрпағы жалғасуы, сол үшін де ол аман қалуы керек. Әйтпесе, автор қозғаған идеяның құны көк тиын болмақ. Оған оқырман да келіссе керек. Міне, бізді, яғни оқырманды
әрі-сәріге салған бұл жайды да автордың тап­қырлығы демеске шара жоқ.

Ұлжан, Әбілмұң, Дәу-апа, Түйеші шал – Оразбай,  Бибіш, Қатша, Аңшы – Ақтанберді образдары повестерде барынша ашылған. Бұл жөнінде «Зар-налаға» байланысты мақаласында Ж.Әбдіхалық: «Автор объективті жағдайды дәл мүсіндей отырып, жеке адамдардың кескін-келбетін танытуға ұдайы анық бағыт ұстап отырады. Бұл – көркемсөз өнеріндегі үміт күттіретін үлкен суреткерлік нышан» дейді.

Өткен ғасырдың соңына дейін аға жазушыларымыз соцреализм бұғауынан босана алмай, тоқырап жатқан тұста Ж.Жағыпарұлы сәтті шыққан «Зар-нала» повесімен көріне білді. Өкінішке қарай, айнала жоқшылық, санадағы сергелдең автордың әдеби ортада еркін насихатталып, танылуына мұрша бермеді. Бұған автордың өзінің де, жоғарыда айтылғандай, өндіршектемеуі де себеп болды.

«Жықа!» деп еркелейтін жайсаң ағамыз Жылқыбай Жағыпарұлы бұл күнде азаматтың асқаралы жасы – алпысты бағындырып отыр. Құдайға шүкір, ел газеті «Егемен Қазақстанда» еселі еңбегімен танылып, өзінің сүйікті қаласы – кешегі Ақмола, бүгінгі Астанаға қызмет етуде.

Олай болса, жарқын жолыңыз сәтімен жал­ғасып, мерейіңіз арта берсін демекпін.

 Болат Төлепбергенов

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + 4 =