©2020 Астана Ақшамы
Жылдың үздік кітабы
Ұлттық академиялық кітапханада «Бір ел – бір кітап» шарасының қорытынды жиыны өтті. Биыл жоба аясында көрнекті ақын Әбділда Тәжібаевтың өлеңдері мен Қазақстанның Еңбек Ері, заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбайұлының «Аңыздың ақыры» атты романын оқу таңдап алынды.
Жалпы, бұл игілікті шара елімізде әдемі дәстүрге айналып, жұртшылықтың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға елеулі үлес қосып келеді. Бұл жоба басқа мемлекеттерде де кеңінен тараған.
Өткен жылдың соңына таман 2019 жылғы «Бір ел – бір кітап» шарасы шеңберінде авторларды анықтауға әлеуметтік желіде дауыс беру жүргізілді. Сонда оқырмандар тарапынан көптеген ұсыныстар айтылды. Әркім өзі ұнатып оқыған ақын-жазушылардың шығармаларын ұсынды. Бірақ қорытынды жиында оқырмандардың қалауы және еліміздің әр аймағынан келген кітапхана басшыларының шешімімен жоғарыда айтқан қазақтың екі айтулы қаламгерінің шығармасы үздік деп танылды.
Айтпақшы, биыл «Жазса Тарас Днепрді, Жазса Пушкин Еділді. Неге маған жырламасқа, Сырда туған елімді» деп туған жерін аспанға көтеріп толғаған Әбділда Тәжібаевтың туғанына 110 жыл толады. Өткен ғасырдың 20-жылдары қазақ поэзиясына жылы леп, өзгеше өрнек әкеліп, драматургия саласына да жаңаша түрен салып, іргелі әдебиет зерттеушісі болған ақын өнімді еңбек етті. Ұзақ ғұмыр кешіп, өмірден өткенше қолынан қаламын түсірмеді.
Қазақ әдебиетінің классигі Әбіш ағамыз да көзі тірі болса, сексен жасқа келер еді. Осыдан төрт жыл бұрын дүние салған жазушының орны әлі де ойсырап тұр. Суреткер «Аңыздың ақыры» романын аңыз ізімен жазып, ондағы оқиғаны философиялық-психологиялық астармен өрбітеді. Бұл шығарма алғаш «Махаббат мұнарасы» деген атпен жарияланған. Роман төрт бөлімнен тұрады. Осы кесек дүниені Шыңғыс Айтматов жоғары бағалаған. Қорыта айтқанда, жыл бойы жұртшылық талантты қос тұлғаның туындыларымен қайта қауышып, рухани нәр алады деп ойлаймыз.
«Бір ел – бір кітап» шарасы басталғалы бері жыл сайын үлесімді қосып келемін. Тамаша ойластырылған дүние.