«Жылдар мен ойлар»

0 411

Астананың он бес жылдық мерейтойына «Назарбаев орталығы» көп функциялы ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық мекемесі де лайықты тарту жасады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әр жылдарда жарық көрген кітаптарынан, мақалалары мен сөйлеген сөздерінен сүзіп, ұлағатты ойлары мен қанатты сөздерін теріп, «Жылдар мен ойлар», «Времена и думы» атты кітаптар құрастырыпты. Орталықта осы кітаптардың тұсаукесер рәсімі салтанатты жағдайда ұйымдастырылды. 

Тұсаукесер рәсімінде сөз сөйлеген Президент Кеңсесінің басшысы, мекеме директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков жақында орталықта баспа үйі ашылғанын, аталған кітаптар сол баспа үйінің алғашқы жемісі екенін әңгімеледі. Бұған дейін Президенттің «Туған елім – тірегім», «Өзекжарды ойлар», «Ой бөлістім халқыммен» атты жинақтары жарық көргенін айтты. «Жылдар мен ойлар» солардың заңды жалғасы іспеттес. Бұл кітапты Елбасы туындыларының мейлінше толықтырылған нұсқасы деуге болады» деді Махмұд Базарқұлұлы.

Кітап Президентіміздің қатардағы ел басшысы емес, тұңғиық терең ойлы, алдағыны адаспай болжайтын көреген, өткір тілді шешен, оның үстіне парасатты және мәдениетті ақыл иесі екенін таныта түскен. Кітап он бес тарауға бөлініп, тақырыптарға жіктелген. Соның ішінде Отан, жер тағдыры, тәуелсіздік, тұрақтылық, ұлттық сана, ел бірлігі, ұлттық намыс және тағы басқа тақырыптарға біріктірілген сөздердің әрқайсысы асыл қазына деуге болады. Кез келген ойшыл азамат жазатын тақырыбына Елбасының осынау сөздерін темірқазық етіп ұстаса, адаспасы көрініп тұр.

Басқасына бармай-ақ, мерейтойын атап өткелі отырған Астана тақырыбына арналған сөздерінен бірер мысал келтірсек: «Астана – Қазақстан халқының жүзеге асқан үміт-арманының бейнесі», «Алматы – тәуелсіздігіміздің бесігі, Астана – болашағымыздың есігі», «Астана – Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі», «Астана келбеті – ұлт келбеті…»

Тұсаукесер рәсімінде сөйлеген Мырзатай Жолдасбеков, Қуаныш Сұлтанов, Алдан Смайыл, Жабал Ерғалиев, Несіпбек Айтұлы, Дүкенбай Досжанов, Әлібек Асқаров сынды мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақындар мен жазушылар осы ойларды барынша өрбітіп, көкейлеріндегі пікірлерін ортаға салды.

Кітаптың таралымы сегіз мың дана, баспаның соңғы жетістігімен әсем безендірілген. Ол еліміздің барлық кітапханаларымен қатар, сауда орындарына да түседі.

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 + sixteen =