«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жылауық әндер неге көп?

0 283

Көлік жүргізгеннен кейін радионы жиі тыңдаймын. Әсіресе, ғасырлық тарихы бар «Қазақ» радиосын. Әдеттегідей, көлікте келе жатырмын. Кешкі 6-дағы жаңалықтардан кейін тыңдармандарға музыкалық бағдарлама берілді. Құлағымды тосып отырмын. Бір жылауық әндер легі басталды да кетті.

Ғашығына қосыла алмаған жігіт, мұңлық болып қалған қыз… Енді біреуі «Шәмші қайда, Мұқағали қайда…» деп еңірей жөнелді. Рас айт­сам, осы әндерді тыңдап отырып өзімнің көңілім босап, көзіме жас келді. Байқасам, жан дүнием езіліп барады. Шындығын айтқанда, қазір осындай жылауық әндер радио мен теледидарды жаулап алды. Жиырмадағы қылшылдап тұрған жігіттердің мұңлы, зарлы ән айтқаны, жас қыз­дардың жоқтау айтып тұрғандай ән салғаны, басқаны білмеймін, өзім қабылдай алмаймын. Мәселен, өзіміз төбемізге көтеріп қадірлейтін Нұрғиса, Шәмші, Әбілахат, Әсет, Ескендір, Кеңес, Сейдолла ағаларымыздың шығармаларында бір жылауық әндер кездеспейді. Олардың махаббат туралы әндерінің өзі көңілдің пернесін басып, сезіміңізді қытықтап өтеді. Мысалы, Тұманбай ағамыз сөзін жазып, Шәмші көкеміз сазын шығарған «Бақыт құшағында» атты әндегі: «Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды, Алматыда жаңа жауып басылған» деген сөздер қандай әдемі! Әсем шаһардың көркем келбеті мен нәзік сезім қалай үндесе білген.
Жалпы, адам өмірінде музыканың алар орны бөлек. Хакім Абай атамыз «Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен» деп бекер айтпаған. Қазіргі жас балалар осы жылауық әндермен тәрбиеленуде. Содан олар көзге қамшы тигендей жасық болып өседі. Сондықтан бүгінгі сазгерлеріміз тереңірек ойланса болар. Өз басым композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін тыңдасам, атқа мінгендей рухтанып кетем. Бізге осындай жігерімізді жандыратын, ұлттық рухымызды көтеретін жалынды әндер керек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды