©2020 Астана Ақшамы
Жылан – жақсылық жылы
Құдіретті Жаратушының құдіретімен он сегіз мың ғалам жыл сайын түрленіп отырады. Әрбір ұлттың өзінің жылнамасына сәйкес жылдары белгіленген. Қазақ халқы үшін жылдың жаманы жоқ. Бабалардың ежелгі нанымы бойынша, әрбір жылдың өз несібесі болады. Өтіп бара жатқан ұлу (кейбір деректерде айдаһар) жылы қазақ халқы үшін жайлы болды. Халықтың басы аман, бауыры бүтін күйде жылан жылына да жетті.
Жылан қазақ ұғымында өте киелі саналады. Жылан тек қазақ халқына ғана емес, жалпы мұсылман қауымы үшін қастерлі тіршілік иесі. Сондықтан халқымызда жыланның басына ақ құйып шығарып салу ырымы ежелден қалыптасқан. Ежелгі қазақ эпостарында ескі дінмен байланысты туған жылан арбау туралы да жырлар кездеседі. Жылан туралы аңыздар да ауыз әдебиетінде жетерлік. Аңыз бойынша «Башпай» Қорқыттың өмірінің ақырғы күндерінде шығарған күйі деседі. Ол кілемін дарияның бетіне төсеп отырғанда қарындасы Ақтамақ оған тамақ алып келеді. Өліммен сонша жыл арпалысып шаршаған Қорқыт ас ішіп болған соң ұйықтап кетеді. Тамақ салынған дорбамен ілесіп келген қайрақ жылан қобыздың үні шықпай тұрғанда күйшіні шағып алады. Жыланның уы бойына жайылып, хал үстінде жатқан Қорқыттан Әзірейіл келіп: «Қандай тілегің бар?» деп сұрапты. Сонда Қорқыт: «Менің өмірде екі күнәм бар. Бірінші күнәм – өлімнен қырық бір жыл бойы қашқаным. Екінші күнәм – бірде кілем жайып Сырдың бетінде отырғанда алай-түлей дауыл тұрған еді. Сол кезде қарындасыма башпайым тиіп кеткен болатын. Сол себепті менің көмгенде осы екі башпайымды ашық қалдырыңдар» – деп қобызын қолына алып «Башпай» күйін тартқан дейді. Көне аңыздарда Қараханды күтіп тұрған Айша бибіні де жыланның шағып өлтіргендігі баяндалады. Ал енді, көрнекті қайраткер Дінмұхамед Қонаевтың пірі жылан болған дейді. Сондықтан жыланның қазақ ұғымына да тікелей қатысы бар. Сондай-ақ, қазақ даласында жыланның тілін білген, тілін байлаған әулиелер де болған. Халық арасында ХХ ғасырда өмір сүрген Шошанай әулие туралы әңгімелер кең тараған. Қали дейтін баланы жылан шағып алғанда баланың туыстары осы Шошанай бақсыға ем сұрап келген дейді. Сонда Шошанай бақсы баланы шаққан қарасұр жыланды дұғасымен жарып жіберіпті дейтін аңызға бергісіз әңгіме бар.
Енді жылан жылы болған тарихи оқиғаларға тоқталайық. 1221 жылы әйгілі Шыңғыс ханның жасағы алты ай қоршап ержүрек Отырар қаласының халқын жеңді. 1845 жылы қазақтың ойлау жүйесіне төңкеріс әкелген ұлы Абай өмірге келді. Қазан төңкерісі 1917 жылы патшаны тақтан құлатса, 1928-1929 жылдары Қазақстанда жаппай кәмпеске болды. 1941 жылы неміс – фашист басқыншылары шабуылға шықты. Психологтардың айтуынша, жылан жылы туғандар сырт көзге ұяң көрінеді, маңызды істерден шеткері жүреді. Қойылған сауалға нақты жауап қайтармайды, тайсақтап қана жауап береді. Басына пәле болып жабысатын нәрсе – тілі екендігін де айтады. Шамына тисең ұяңдығының орнына шынайы мінез-құлқын көрсетеді дейді.
Бүгінде жер бетінде жыланның екі жарым мың түрі өмір сүреді екен. Адамға аса залалы жоқ тіршілік иесі көбіне шөлді жерлерді мекендейді. Түсі суық болғанымен, жыланның адам денсаулығына орасан пайда екенін медицина ғылымы да дәлелдеп отыр бүгінде.
Елімізге белгілі көріпкел Гүлмира Бақбергенованың болжауынша, жылан жылы Қазақстанда тұрғын үй бағасы арзандайды. Мыңдаған адамдар баспана мәселесін қолжетімді бағамен шешеді. Сондай-ақ, көріпкел елімізде біршама кадрлық өзгерістердің де орын алатындығын айтады. Елде жұмыссыздық азайып, өзге елдермен қарым-қатынасымыз жылдағыдан да жақсара түседі. Алайда, келер жылан жылы елімізде қаржылық дағдарыс орын алуы мүмкін екенін де ескертеді. Азық-түлік бағасы қымбаттайды-мыс. Көптеген көріпкелдердің болжамы осындай.
Қаржылық дағдарыс демекші, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2012 жылғы 23 қарашадан бастап «Шығыс күнтізбесі» монеталар сериясынан «proof» сапасымен номиналы 500 теңгелік «Жылан жылы» ескерткіш алтын және күміс монеталарын айналысқа шығарды. Ендігі жерде бұл ақша қолданыста болады. Осы күнге дейін жыл атауына байланыста ешқандай монета айналымға түспеген еді, жылан жылының басты ерекшелігі осы болмақ. Тек, жылан – жақсылық жылы болсын дейміз!
Хамит ЕСАМАН