Жыл өткен сайын түлеген

0 33

Елордада «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» шеберлік жоспары әзірленді. Бұл бас жоспарға қарағанда егжей-тегжейлі құжат және шаһардың әрі қарай қалай дамытылатынын айшықтайды.
«Тұжырымдамада астана дамуының стратегиялық және тактикалық міндеттері көрсетілген. Ол 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімге есептелген. Құжаттың негізі – жаяу жүргіншілерге басымдылық беретін қаланы қалыптастыру. Адамдарды қызықтыратын орталықтарды, жайлы және қауіпсіз жаяу жүргіншілер өтпелерін, қолайлы демалыс, спорт, балалар алаңдарын, велоинфрақұрылымын жасау жоспарланған» деген мәлімет келтірілген Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынас­тары басқармасының ресми парақшасында.
Енді елорданың оң жағалауында жаңадан қандай нысандар пайда болатыны және қаланың бұл бөлігі қандай өзгерістерге ұшырайтыны туралы шолу жасайық.

Ескі алаңның жаңа бейнесі

Абаттандыру бағдарламасы бойынша астаналық әкімдік алдындағы ескі алаң қайта жасалатын болды. Оның сызбасын Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы әзірлеген. Жобада алаңның демалуға және қыдыруға мейлінше жайлы болуына мән берілген.
«Сол үшін бетон блоктардың орнына аязға төзімді ағаштар отыр­ғызылып, шағын сәулет пішіндері орналастырылады. Фестивальдар мен концерттер өткізетін амфитеа­тр салу жоспарланған. Амфитеатрдың көрермен отыратын орны пердемен бөлінеді, ал сахнаны айнала жарықтандырылған субұрқақ орнатылады. Сахнаның артқы жағында ұзындығы 20 метрлік аркалы субұрқақ болады» дейді басқарма мамандары.
Абай көшесіне жақын тұста құрғақ субұрқақты арт-инсталляция пайда болады. Оның қарсы бетінде түрлі тал-ағаштар егілген жасыл желек желкен жаяды.
Алаң функционалды аумақтарға бөлінеді. Қыста арт-инсталляцияны айналдыра сырғанақ тебетін мұзайдын төселеді, ал сахнаның қасына шырша орнатылады.

Қайта салынатын көшелер

Халық көп шоғырланған аудан – Бейбітшілік көшесі қайта салынады. Көше бойында екі университет бар, бірақ бірде-бір демалыс орны жоқ.
Жоспар бойынша салынуы тиіс:
• автобус жолағын қосу;
• веложол салу;
• тротуарды кеңейту;
• заманауи арт-объектер орнату;
• ағаш отырғызу.
Атқарушы билік жаяу қыдыру мәдениетін түлетіп, автомобильдерді тротуарлар мен саяжолдардан ығыстырып шығаруды көздейді.
Сәулетшілер Абай даңғылын да жаңғыртпақ. Жобалаушылардың басты мақсаты – көшені жаяу жүргіншілер, тұрғындардың қозғалысы шектеулі тобы, велосипедшілер үшін жайлы және қауіпсіз ету. Қоғамдық кеңістіктер құру жоспары бар.
Сондай-ақ қолданыстағы көлік қоятын орындар енді қозғалыс траекториясымен бағыттас орналастырылатын болады.
«Жаяу жүргіншілер аймағында сауда және аялдама павильондары, көрме, шағын сәулет пішіндері қойылады. Барлық аумақтар сәкілермен, қоқыс жәшіктерімен және заманауи үлгідегі шамдармен жабдықталады» делінген басқарма сайтында.
Аялдама павильондары мен даңғыл бойына қазақтың ұлы ағартушысы Абайдың шығармаларынан үзінділер жазылған қалқаншалар орналастырылады.
Ж.Омаров көшесі бойында – Республика даңғылынан Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драматургиялық театрына дейін жаяу жүргіншілер бульвары пайда болады.
«Республика даңғылынан М.Әуезов көшесіне дейінгі бөліктегі субұрқақтар жаңартылады. «Халықтар достығы» монументінің айналасында жаңадан субұрқақтар кешені салынады. Одан жасанды бұлақ ағып шығады. Бұлақты қос қапталында су аттракциондары орналастырылады» дейді басқарма жобаны әзірлеушілер.
Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драматургиялық театрының жанына да құрғақ субұрқақ пайда болады. Бұл ауданда шағын сәулет пішіндері, инсталляция, веложол, ойын және балалар алаңы салынады.
М.Әуезов көшесіне дейінгі учаске 2020 жылдың соңына дейін, ал Бейбітшілік көшесіне дейінгі бөлік келесі жылы салынып бітеді. Қалған көшелерді жаңғырту 2025 жылға дейін жалғасады.

Жаңа нысандар пайда болады

Астананың оң жағалауында №23-15 көшелер бойында, Байтұрсынов пен Нәжімеденов көшелері аралығында Қазақ драма театры ашылады. Ол Мыңжылдық саяжолындағы көз тартатын орталыққа айналады. Ғимараттың жалпы ауданы – 22 853 м2. Үлкен зал 640 адамға арналған, кішісі – 202 адамға. Драма театрды 2020 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған.
Басқа жаңа нысандар сол жағалауда бой көтереді. Олардың біреуі – жеңіл атлетикалық спорт кешені. Жаңа кешен Тұран және №26 мен Е51 көшелерінің қиылысында салынып жатыр. Жаңа манеж 7 мың көрерменге арналған. Мұнда әлемдік деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылмақшы.
«Бұл барлық инфрақұрылымы, оның ішінде қонақ үйі бар тұтас кешен болмақ. Жер учаскесінің аумағы – 9,1 гектар. Құрылыс ауданы – 21 808 м2. Ғимараттың жалпы ауданы – 36 655 м2» делінген Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасында. Бұл кешенді де 2020 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған.
Мәңгілік ел – Қабанбай батыр даңғылдарының қиылысында 30 мың адам сыятын жаңа мешіт салынады. Оның жалпы ауданы – 68 мың м2. Күмбезінің биіктігі – 83,2 м, минареттерінікі – 130 м. Мешітті 2021 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Ақмешіт, Сығанақ, Түркістан көшелері ауданында орналасқан Abu Dhabi Plaza көп функционалды кешеннің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл жалпы аумағы 500 мың м2 болатын бес ғимараттан құралған Орталық Азиядағы мұнаралы ең ірі кешен болғалы тұр. Оның ең биік мұнарасы – 311 метр, 75 қабатты құрайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × one =