Жүзтаныстық бар жерде жүз шайысу сирейді

0 138

Кеше Тәуелсіздік сарайында БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясымен қабылданған Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығының ашылуына орай халықаралық форум болып өтті.

Естеріңізде болса, Қа­зақ­станның бастамасын құп алған БҰҰ Бас Ассамблея­сы өткен жылдың желтоқсанында мәдениеттердің жақындасуына тұтас онжылдықты арнайтынын жа­риялаған. Аталмыш форум – соның алғашқы шарасы. Оған отыздан астам елден халықаралық ұйымдардың басшылары, ЮНЕСКО-ның бейбітшілік пен мәдениеттердің диалогы мәсе­лелері бойынша жоғары деңгейлі тобының құрамына кіретін белгілі тұлғалар, этика мен мәдениетаралық қарым-қатынас, білім мен мәдени мұра бойынша сарапшылар жиналды.

Мәртебелі меймандардың арасында ЮНЕСКО-ның бас директоры Ирина Бокова, БҰҰ-ның Өркениеттер альянсының бас өкілі Насир Абдулазиз әл-Нассер, 1986 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты, нигериялық жазушы Воле Шойинка, Латын мәдениеті академиясының бас хатшысы Кандидо Мендес, т.б бар.
Қазақстан тарапынан форум жұмысына Парламент депутаттары, ЮНЕСКО мен ИСЕСКО істері бойынша Ұлттық ко­миссияның мүшелері, таны­мал ғалымдар, мәде­ниет және өнер қайраткерлері, атап айтатын болсақ, ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов, Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов қатысты.

– Жаһандану жағдайы мен түрлі мемлекеттер мен халықтардың ара­сындағы күн өткен сайын күрде­леніп бара жатқан қарым-қатынасты ескерсек, 2012 жылы желтоқсанда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қабылдаған «Мәдениеттердің жақындасуының онжылдығын жариялау туралы» резолюцияға үстіртін қарауға болмайды. Дәл осындай ұранмен аталып өткен 2010 жыл да мәдениетаралық диалогқа айтарлықтай үлес қосты. Алдағы декада да баршамызды ха­лықтар мен діндер, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға жұмылдырады деп ойлаймын. Әрі адамдардың санасы мен жүрегінде бейбітсүйгіштік сезімді ұялатуды мақсат еткен БҰҰ-ның белсенді ұйымы ЮНЕСКО оған қол жеткізетініне сеніміміз кәміл, – деді жиынды салтанатты түрде ашқан Астана қаласының әкімі, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы Иманғали Тасмағамбетов.

Алғашқы форумның Астанада өтуі және оған халықаралық, өңірлік, ұлттық деңгейдегі мәдениеттердің өзара түсіністігі, қазіргі қоғамдағы мультикультуризм мәселелері, кон­фессияаралық келісімнің рөлі, XIX ғасырдағы жаңа гуманизм мен жа­­һандық этиканы қалыптастыру сын­ды тақырыптардың таңдап алынуы да тегін емес.

Иманғали Нұрғалиұлының айтуынша, олардың қай-қайсысына да Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаты сай әрекет қылуда. Атап айтсақ, екі жыл сайын өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі дін көш­басшыларының сьезі, ЕҚЫҰ сам­миті, әлемнің басқа елдерінде баламасы кездесе бермейтін Қазақстан халқы ассамблеясының моделі осыған мысал.

Оны кезекті сөз алған ЮНЕСКО ұйымының Бас директоры Ирина Бокова да қуаттай түсті.

– Мәдениеттерді жақындастырудың онжылдығын жариялауға түрткі болу арқылы Қазақстан Президенті өзінің көрегендігін көрсетті. Әр елдің өзіне тән мәдениеті бар, олар бірін-бірі бө­тенсімес үшін плюрализм саясатын ұстанғанды қажет етеді. Сонымен қатар, «жаһандық көші-қон, жаңа геосаясат, осы күні әр елде кездесетін мультикультуризм жағдайында өзімізді қалай дамытамыз? Мысыр, Сирия сияқты қақтығыс боп жатқан жерлерде тарихи ескерткіштерді қалай сақтаймыз, бейбітшілікті, татулықты қалай орнатамыз?» деген сауалдарға осы Мәдениеттерді жақындастыру декадасында жауап табуға тырысуымыз керек, – деп сөз саптады Ирина Бокова. Оның айтуынша, Қазақстанның бастамасымен биылдан басталған Мәдениеттерді жақындастырудың онжылдығы бо­йынша алдағы уақытта іс-шаралар жоспары айқындалады.

Тағы бір табиғи жауһарымыз қамқорлыққа алынды

БҰҰ жанынан 1945 жылы құ­рыл­ған ЮНЕСКО-ның миссиясы Қазақстанға тәуелсіздік алғаннан кейін келді. Бүгіндері елімізде ЮНЕСКО-ның түрлі саладағы 30-дан астам клубы бар. Еліміздің бір­қатар тарихи ескерткіштері мен табиғи қорықтары, атап айтсақ, Қожа Ахмет Йассауи кесенесі, Тамғалы петроглифтері, Сарыарқа даласы мен көлдері ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра комитетінің тізіміне енген. Форум барысында Қазақстан жалпақ әлемнің назарына көздің қарашығындай сақтайтын тағы бір жауһарын жария қылды. ЮНЕСКО-ның бас хатшысы Ирина Бокова Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровқа Алакөл су
алабына биосфералық резерват мәр­тебесін берген сертификатты салтанатты түрде табыстады.

 

Пікірталас пленарлық сессияда қызды

Түс ауа форум жұмысы арнайы тақырыптарды қаузаған пленарлық сессиялардағы пікірталаспен қыза түсті. Мәселен, «Бейбітшілік орнату мен қалыпты дамуға қол жеткізудегі мәдениеттердің жақындасуы мен өзара ынтымақтастығының рөлі» атты сессияда сөз сөйлеген БҰҰ Өркениеттер альянсының бас өкілі Насир Абдулазиз әл-Нассер: «Мәдениетіміз бен дініміз қаншалықты бір-біріне ұқсамаса да, біздің әрқайсымыздың жүрек қалауымыз бір – ол дүниенің тыныштығы» десе, БҰҰ-ның білім алу құқығы жөніндегі арнайы баяндамашысы Кишор Сингх:

– БҰҰ Бас Ассамблеясының мә­дениеттерді жақындастыру жөніндегі осындай резолюцияны қабылдап, оны жүзеге асыруды ЮНЕСКО-ға жүктегені өте дұрыс. Бір жағынан, бұл БҰҰ-ның Мыңжылдық даму тұжырымдамасына сәйкес келеді. Өз тарапымнан қосарым, мәдениет арасындағы диалогты дамытқанда білім мәселесін де ұмытпауымыз керек. Болашақ әлем азаматтарының көкірек көзінің ашықтығы, мәдениет­тілігі білімге тікелей байланысты, – деп ой түйіндеді. Әсіресе, нигериялық жазушы Воле Шойинканың салыс­тырмасы қызық болды. Оның айтуынша, өз елінде осы күндері өтіп жатқан Ошун-Обатала фестивалінің Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер сьезімен ұқсастығы бар.

Әрине, ғасырлар бойғы бір-бірімен кейде келісіп, кейде керісіп келе жат­­қан діндердің, мәдениеттердің өкіл­дерін бір үстелдің басына жинап, бәтуа айту оңай емес. Бірақ, олар әр кез­дескен сайын бір-бірінен оң энергетика алады, жүзтаныстық бар жерде жүз шайысу да сирей түседі.

Осындай ұтырлы да ұрымтал пікірлер ортаға салынған форум кеш­құрым түрлі халықтардың өнері мен мәдениетін паш еткен концерттік бағдарламамен жабылды. Бүгін форум қонақтары «ҚазМедиаОрталығы» телерадиокешенін аралайды. Және жақында ғана «Спорт бойынша ЮНЕСКО чемпионы» атанған данқ­ты боксшымыз Серік Сәпиевке «ЮНЕСКО-ның спорт жөніндегі ізгілік елшісі» атағын беру салтанатты рәсіміне қатысады.

Әділбек ЖАПАҚ,
Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − 6 =