Жүзге ұлассын жасыңыз!

0 72

Қымбатты Нұреке! Біздердің құрдастарымыздың көпшілігі – еліне ой еңбегімен де, қол еңбегімен де қызмет еткен адамдар. Әрине, солардың ішінде Сіздің орныңыз тым ерекше. Енді біздер бірнеше күннен кейін сексенге шыға бастаймыз.

Осы отыз жыл ішінде:
Қазақстан Республикасы атты жаңа мемлекет құрылды!
Байтақ даламыздың етек-жеңін қымтадық!
Қаншама қандастарымыз шет жерден елге оралды!
Қаншама аруақтарды тірілттік!
Халқымыздың қаншама тарихи ақтаңдақтары түгенделді!
Қаншама қазақ тілді мектептер мен балабақшалар салынды!
Жұртымыздың ел ертеңі деген мәңгілік сұраққа сенімі күшейді!
Сізге бұл шаруалар басында болу, ұйымдастыру оңай болмаған болар.
Дегенмен енді біздерге ұзақ өмір сүру мәселесін шешу тым оңайланып қалған секілді. Бар болғаны 80-90-100 деген үш-ақ асуды бағындырсақ жетіп жатыр. Сіздің бұл уақыттарды тек тіршілік ету үшін пайдаланбайтыныңызды білеміз. Сіз өмір тәжірибеңіз мол, рухани дүниеңіз байыған, әлем саясатының барлық қитұрқыларын дер кезінде сезіне алатындай тәжірибе жинақтаған ерекше білімдар, тарихи тұлғасыз. Сіздің жинақтаған біліміңіз бен тәжірибеңіз, табиғи талантыңыз бен тә­уекелшілігіңіз ел пайдасына әлі де қызмет ете беретініне сенімдіміз. Өйткені Сіз Ұлы Жаратушының қазақ халқына мынау өтпелі кезеңде жол көрсету үшін жіберген нұры, ел тізгінін қолына мықты ұстар сұлтаны едіңіз. Сондай ұлы міндетті Сіз тамаша атқарған, аты еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылатындай еңбек сіңірген қайраткерсіз! Рақмет Сізге!
Міне, Сіз енді аз күнде алғашқы «80» атты асу белесіне көтерілуге таяу қалдыңыз.
Құтты болғай, Нұреке, сексеніңіз!
Қалған 90 мен 100 – Сіздің болашақ өміріңіз, ел қамы деп төгер теріңіз, әлем тарихына қалдырар жаңа ізіңіз.
90 мен 100 асуларына Сіздің қиналмай жететініңізге сенім мол.
1991 жылы, Сіз Қазақ елінің тә­уелсіздік туын желбіреткен жылы, өмірге келген балалар 2021 жылы отызға, 2031 жылы қырыққа, 2041 жылы 50 жасқа толады екен. Қалай уақыт тез өтіп жатады… Біздер жүзге жетеміз!
Біз адам бақыты дегеніміз кісінің өз қолымен жүзеге асырған ісінің халқының пайдасына асқанын көруі дейміз. Соған сенетін болсақ, халықпен бірге тынған іске қуану бақыты, сәтсіз қадамдарды қайтадан зердеден өткізу мәселесі Сізге әлі де біраз жылға, бақытты жылдарға созылады деген сөз…
Бұларды Сіз бұрын да қанып ішіп келесіз, ауыртпалығынан қашып та көрмедіңіз.
Енді сіз келесі асуларды алған сәтте өзіңіз армандаған Қазақ елінің қандай сатыға жеткенін көріп, қазақ жастарының әлемдік деңгейдегі орнын байқап, ойыңыз­дағыдай болып жатса, халықпен бірге шаттана алатын боласыз.
Біз Сізге сондай бақытты сәттерді көбірек бастан кешуге жазсын деген тілек тіледік, Алла соған жазғай…
Жылауықтар (олар әу баста жылау үшін туатын болар) қанша шуылдағанмен, Сіз бастаған қазақтың керуен-көші абыроймен осы кезеңге дейін адаспай, талай тар жол, тайғақ кешуден аман өтті.
Ойран болған Алтын Орда жұрты да, бүкіл әлем зәресін ала өмір сүрген КСРО-да басқа қонған бақтарын мәңгілік ете алмады. Себебі біреу-ақ – олар өз елінде, көпұлтты елінде ел көшіне ие болатын, бірауызды қара нарын дайындай алмады. Біздің жағдайда ол – қазақ халқы.
Қазақстан Республикасының қара нары – қазақ халқы! Еліміздің керуен көшінің жүгі аумауы үшін қара нарымызға арнайы жағдайлар керек. Өйткені біз азайып қалған халықпыз. Көбіміздің санамызды басқа елдер идеологиясы меңгеріп кеткен. 1989 жылғы санақта қазақтар өз елінде тұратын халықтардың 39,7 пайызын ғана құраған еді.
Осы отыз жыл ішінде біз айтарлықтай ілгері басыппыз. Ел тыныш, жұрт аман, аспан ашық. Бұлардың бәрі де Сіздің басшылығыңызбен іске асып жатты.
Мемлекетке не керек – халқының ризашылығы, елінің тәуелсіздігі!
Халыққа не керек – нан-тұзына тарықпаса, жұмысы мен мәдени тіршілігі қамтамасыз етілсе, ең бас­тысы тілі мен ділінің таза болуын қамтамасыз ететін болса…
Ендігі жерде ел ағалары осы көштің қара нары қазақ халқы екенін түсінсе, осы мәселелерге басты назар аударса…
Сіздің осы салаларға өмір бойы тер төгіп келе жатқаныңызды, мұның арғы жағында ел білмейтін, тіпті өзіңіздің үзеңгілестеріңіздің өздері толық сезіне алмаған қаншама ақыл-ойдың, іс пен сөздің іске асып жатқанын тек қана өзіңіз білесіз. Біз секілді таза ­ниеттес жанашыр замандастарыңыз сезінеді.
Талай әдемі қадамдар жасадыңыз. Солардың бірі Сіз дер кезінде, жан-жақты жетілген білімді, толық қалыптасқан саяси тұлға дәрежесіне жеткен, әлем алдында беделі зор қайраткер дайындап, айқай-шусыз, даусыз-талассыз керуен-көш ноқтасын сенімді қолға тапсырдыңыз.
Сізге тағдырыңыз алдағы үш асуды да ойдағыдай артқа тас­тап, халқыңыздың және де өзіңіз ел тізгінін сеніп тапсырған ­Қасым-Жомарт Кемелұлының қазақ керуен-көшін, «Мәңгілік Ел» көшін сеніммен алға алып бара жатқанына сүйсіне риза болуды жазғай…
Құрметті Нұреке!
Сіздің батаңыз қабыл екен. Мына алдыңызда отырған бір жастағы Досан (2004 ж. т.) биыл Нұр-Сұлтан қаласындағы Назар­баев зияткерлік мектебінің 10-сыныбын бітірді. Домбырашы. Парижде 2016 жылы өткен оқушы балалар арасындағы әлемдік ұлт аспаптар жарысында қазақтың қара домбырасы Досан өнерімен ең жоғары бағаға ие болды.
Замандас, құрдасыңыз,

Сайын НАЗАРБЕКҰЛЫ
Ақтау қаласы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − 8 =