«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жүзеге асырайық!

0 41

– Биыл жыл басында әлеуметтік әділетсіздікке шыдамаған халық жер-жерде митинг ашып, ақыры қаңтар көтерілісіне әкелді. Бейбіт митингті пайдаланып, биліктегі кейбір сатқын шенеуніктер мен іштен шыққан жаулар, содырлар, террористер, «мен дін өкілімін» деп терісін айналдырып жүргендер ­Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарсы шығып, орнынан аламыз деп бүлік шығарды.

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Қаншама қыршын жастар оққа ұшып, ата-аналар балаларынан айырылды. Қантөгіс болды. Осы сәтте Президент мемлекетімізге қауіп төніп тұрғанын түсініп: «Мен Қазақстаннан кетпеймін, халықпен, сіздермен бірге боламын» деп оларға қарсы шықты. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің басшыларынан көмек сұрады. Шынында да, егер сырттан көмек болмағанда, қазақ елі тәуелсіздігінен айырылар еді.

Осы кезде әлеуметтік желідегілер екіге бөлініп, солардың біразы айдап салушылардың ығына жығылып, теріс ойлар айтып, елді тағы дүрліктірмекші болды. Тіпті сөзге тоқтамай, ауыздарына келгенін айтып, бір-бірін тілдей бастады. Ел қадірлеген, қазақтың батыры атанған Тоқтар Әубәкіровтің өзіне де тиісті ғой. Осы орайда Президент дұрыс шешім қабылдап, халық жағына шықты. Бірнеше лауазымды адамдарды қызметінен босатып, елдің байлығы 162 адамның қолында кетті деп халық алдында оларды айыптады. Ендігі күрес солармен болады, шетелдің шоттарындағы валютаны елге қайтаруға жағдай жасаймыз деді. Содан бері де халық талап қойып отырған біраз жұмыстың басын шешті.

16 наурызда өткен халыққа Жолдауында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев елдің көкейінде жүрген халықтың талап-тілегін ескере отырып, «Жаңа Қазақстанды» құру үшін әділ мемлекеттік саясат жүргізетінін айтты. Оған бәрімізді атсалысуға шақырды. Адамның құқығы мен бостандығына, жеке меншікке қол сұқпауға заңды түрде кепілдік береміз деді.

Бүгінгі таңда әр отандасымыз өз елінің болашағына жауап­ты екенін сезініп, ортақ іске өз үлесімізді қосуымыз керек. Баршамыз бір тудың астына жиылып, «Жаңа Қазақстанды» құруға әрбіріміз атсалысуымыз қажет. Ол үшін алдымызда әркім өзінен бастап, адал еңбек ету міндеті тұр. Өткен жылдардағы қателіктерімізді қайта-қайта айтып, кінәні өзгелерден іздей бермей, өсек-аянға берілмей, арандатушыларға ермей, қоғамға қажетті іспен айналысқан жөн болар.

Осы ретте біздер, ардагерлер, не істеуіміз керек? Жастар арасында идеология, насихат жұмысын жандандыруымыз қажет. Соңғы жылдары жастарымыздың көзқарасы өзгерді. Ол қазіргі заман талабына сай мәселелерден туындады, сосын әлеуметтік желілердегі арандатушылардың өсек-аяңы әрі жұмыссыздық та әсер етті.

Жастар қазір әдеби кітап, газет оқып, радио тыңдамайды, теледидар көрмейді. Тек интернет желісіндегі ақпараттар мен видео-киноларға жүгінеді. Бұл дұрыс та шығар, бірақ сол ақпараттардың ішінде ұлттық құндылығымызға, туған тіліміз бен ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрімізге байланысты деректер мен ақпараттарды ғаламтордан ала аламыз ба? Әрине, жастар бізбен келіспеуі де мүмкін. «Осы қарттар мен ардагерлер жасарын жасады, енді үйде неге тыныш отырмайды екен?» деген сөздерді де естіп қаламыз. Тіпті жолдарын жастарға бермей ме дегенді де айтып жүр. «Тыныш отыр, қақпас, жолыңды жастарға бер!» деген жазбаны Facebook-тен оқып едім. Сонда бұл жастар ата-анадан тумаған ба? Үлкенді сыйлауды, әдепті білмейтін, тәрбие көрмеген жастар неге арамызда көбейіп барады? Ата-аналар сонда қайда қарап отыр?

Сондықтан біз арамыздағы көзі тірі білімді, парасатты зиялылардың аузынан жақсы әңгімелер естіп, солар арқылы өткен тарихымыз бен мәдени салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды ұрпақтар бойына сіңіруіміз керек. Қазақтың ұлттық құндылықтары – аңызға айналған, әлемді таңдандырған ұлы мұралары мен асыл қасиеттері жайлы айта отырып, жастар бойына сол құндылықтарды дарытуымыз қажет.

Біртұтас халық болып қалыптасу үшін кең-байтақ дала ғана емес, оның тереңге жайылған тағдыры, тарих сахнасынан ойып тұрып алар орны бар ұлы тұлғаларымыздың ерен ерлігін бүгінгі ұрпаққа жеткізуде біздер, ардагерлер мен ата-аналар, жауаптымыз.

Осы орайда жоғары оқу орындары мен колледждерде, мектептерде ата-бабаларымыз мен ұлы ғұламалардың, батырларымыз бен Алаш азаматтарының, желтоқсаншылардың және қазіргі замандағы қайраткерлеріміз бен ел ағаларының өткен өмір жолдары мен еңбектерін ұрпақ бойына сіңіруіміз керек.

Иә, алдымызда жастарды солардай боламыз деп ерлікке бастайтын рухты азамат етіп шығару міндеті тұр. Мектептер мен жоғары оқу орындары осы орайда тәрбиелік сағат өткізіп, зиялы қауым өкілдерімен оларды қауыштырып, ақыл-кеңесін тыңдату керек. Сонда ғана бүгінгі жастар солардай боламыз деп, алдағы уақытта жақсы қадамға барады. Бұл жұмыс сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне де қатысты. Газет-журнал, телевидение, радиода жастар мен зиялы қауымның арасында байланыс жасап, ұрпақ сабақтас­тығы жайында тақырыптық мақалалар беріп, жастар тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарымыз, қазақтың асыл мұралары жайлы бұрынғы жылдардағыдай хабарлар дайындауымыз керек.

Бұл дегеніңіз жастар арасында кезінде насихат жұмысының жүргізілмегені деп айтар едім. Өткен тарихыңды білу, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, ата-анаңның бетінен алмау, оларға көмек көрсету, жақсы оқып, тәрбиелі болуды ата-анадан басқа мектепте де жиі айтып, үлкендердің естелік-әңгімелерін тыңдап отырса, келеңсіз жайлар болар ма еді?..

Бұл орайда Нұр-Сұлтан қалалық Ардагерлер кеңесі өзінің Сарыарқа, Есіл, Алматы, Байқоңыр аудандық Ардагерлер кеңесімен арнайы жоспар жасап, жастарға ой тастайтын, олардың соңынан еретіндей қызықты да мазмұнды шаралардың ұйытқысы боламыз деп бағдарламалар әзірлеуде. Осы жұмысымыз жүзеге асса, бұл да бір жемісіміздің жеңісі болар еді. Иә, қазыналы қарттарымыз аман болсын. Жастар мен қариялар біріксе, алынбайтын қамал жоқ!

Ғалия БАЛТАБАЙ, «Құрмет» орденді

журналист, Нұр-Сұлтан қалалық Ардагерлер кеңесі медиа тобының мүшесі:

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды