©2020 Астана Ақшамы
Жүзден жүйрік шықты
Сенбі күні Астананың 20 жылдығына арналған триатлоннан қала біріншілігі өтті. Триатлон паркте салтанат құрған бұл сайысқа жүзден аса адам қатысты.
Триатлон елордада жақсы трендке айналып келеді. Жылдан-жылға бұл спорт түріне бет бұрған бұқараның қатары да артып келеді. Биыл өткен қалалық «Астана Триатлон-2018» сайысында 117 адам бақ сынады. Ал жарыстың көрігін қыздырып, қиқу қосып, қолдап-қолпаштаған халықтың саны мыңнан асты.
Бұл дода, аты айтып тұрғандай, үш сайыстан құралды. Қатысушылар алдымен 0,75 км жүзіп, 20 км қашықтықты велосипедпен және 5 шақырымды жүгіріп бағындырды. Жалпы межені еңсеру 120 минутқа созылды. Жарыс жеңімпаздары ерлер және әйелдер арасында бес жас санаты бойынша анықталды.
Сонымен, триатлоннан биылғы қала чемпиондары атанғандар: Жандос Қайыргелді мен Айнұр Құмарова (18-29 жас), Сергей Прохоров пен Елена Пономарева (30-39 жас), Қайрат Қоянбаев пен Инна Вишнякова (40-49 жас), Александр Блюм мен Валентина Титовская (50-59 жас) және 60 жастан асқандардың ішінен барлық қашықтықты кесіп өткен Любовь Асанова.
Бексаттар САТТАР