©2020 Астана Ақшамы
Жүзбен жүздесу
Қарт кісілер кішілерге разы болғанда «жүз жаса!» деп бата беріп жатады.
Жүзге жету… Бұл бейне адам өміріндегі алынбас асу тәрізді.
Иә, жүз жас – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Ендеше, осындай бақ иелері – өз шаңырағының берекесі мен киесін арттырған қазына.
Олар – жалпы елдің қазынасы.
* * *
Елордада жасы жүзден асқан тұрғындар қатары тағы бір қариямен толықты. 2013 жылдың 1 қаңтары күні Ұлы Отан соғысының ардагері Қапыш Балабеков асқарлы асу – жүзге толды.
Біздің де ұрпағымызға жұғысты болсын деген ниетпен ақсақалды үйіне іздеп бардық. Қапыш ата өзіне жатын бөлме немесе асүй ғана емес, бүкіл әлемнің өзіне айналған аядай бөлмесінде отырып, бізді жадырай қарсы алды.
«Адам қартайғанда қу томарға айналады» дейді. Алайда, бұл сөздің асылық екенін біз Қапыш ақсақалды көрген кезде сезіндік. Есту қабілеті әлсіреп, көз жанарынан айырылса да, ақсақал тас түнекке айналмапты. Шама-шарқынша бізбен әңгімелесіп, өз ойымен бөлісті. Рас, ақсақалдың аузынан шыққан әр сөз, сұрағымызға берілген әр жауабы жатқан философия дерлік. Олай болмай ше? Қапыш ата не айтса да, өзінің жүз жылдық өмірінен көргені мен түйгенін, бір ғасырда өмірден бойына сіңіргенін айтады.
Өмір-майдан
Әуелі айта кетейік, Қапыш Балабеков 1913 жылдың 1 қаңтарында Ақмола облысы, Қорғалжын ауданына қарасты Көкіртүбек ауылында дүниеге келген. Тепсе темір үзетін жиырма тоғыз жасында, яғни, 1942 жылы елдегі ер-азаматтар қатарлы қару-жарақ асынып, қан майданға аттанды. Кеңестік сарбаз ретінде Калининдегі қырғынға қатысып, жан алып, жан беріскен күндерді бастан өткерді.
Ақсақалдың ұлы Сәттібайдың айтуынша, ұрыс барысында Қапыш Балабеков алты рет тұтқынға түскен. Үш жыл бойы тұтқында жатып, азап та шеккен. Сұм соғыс аяқталып, Кеңестер одағы жеңіске жеткен уақытта бостандыққа шығып, аман-есен елге оралған ол Көкшетау облысының Казгородок кентінде еңбек армиясында болды. Алты жыл бойы сонда кен өндіру саласында жұмыс істеді.
Ұзамай елде тың иегру науқаны басталды. Соған орай, 1954 жылы Егіндікөлге көшіп барған Қапыш Балабеков сонда 1973 жылға дейін малшы болып еңбек етті.
Адалдығымен, тәртіптілігімен, алғырлығымен көзге түскен ол «Ерен еңбегі үшін», тағы басқа медальдармен марапатталды.
1973 жылдан бері дербес зейнеткер.
Бұтақ жайған бәйтерек
Бір ғасырлық тарихтың куәсі болып отырған Қапыш ақсақал бүгінде тереңнен тамыр тартып, бұтақ жайған бәйтерек секілді.
Өз заманында Әсима апамен отау тігіп, төрт ұл, екі қыз сүйген екен. Алайда, 1981 жылы жан жары дүние салады. Сөйтіп, өмірі арпалыспен өтіп келе жатқан ақсақал әрі қарай ұрпақ тәрибесін өз мойнына алды. Бертінде тұңғыш ұлы да жүрек ауруынан қайтыс болыпты. Басқа балалары, Аллаға шүкір, аман-есен. Үлкен қызының өзі қазір қартайған ата-анасының жолын қуып, зейнеткерлікке шыққалы отыр.
Ақсақалдың өзі қазақи салт бойынша кенже ұлы – Сәттібайдың қолында тұрады.
«Біздің атамыздың екі туған күні бар. Бірі 1 қаңтар – өз туған күні де, екіншісі 9 мамыр – Жеңіс күні. Осы екі мерекеде біздің шаңырағымыз қонақсыз қалған емес. Бәрі келіп, құттықтап, сый-сияпатын жасап жатады. Бұл күндерді атамыз шат-шадыман қуанышта өткізеді.
Одан да қызықтысы, ата әрбір немересі, шөбересі дүниеге келгенде қатты қуанады. Ал, келіндері сәбиі қырқынан шыққан соң міндетті түрде баланы осында әкеліп, атасына түкіртеді. Сөйтіп, қарияның батасын алады» дейді келіні Айнаш Жұмабайқызы.
Қара шаңырақ болған соң, расында, Сәттібай ағамыздың табалдырығынан қонақ үзілмейді. Қапыш ақсақал осы үйдің иесі де, киесі де.
Расында, жүзге толып отырған ақсақал алып бәйтерекке айналып бара жатқан сияқты. Алты баладан бүгінде он бір немере, он сегіз шөбере сүйіп отыр.
Жақсы бір адам қартайса…
Газеттен іздеп барған соң, біз ақсақалды айналшықтап, суретке түсіріп жүрдік. Атамыздың, әрине, газет-мазетпен шаруасы жоқ. Қойған сұрағымызға орнықты жауап беріп, суретке түсіп, көндіге берді.
Осы уақытта атасының бабын жасап, қолғабыс етіп жүрген келіні Айнашқа сұрақ қойдық.
– Қарияны күту қиын, бірақ сауапты іс деп жатады. Сізге еріңіз «келін болып түскен соң, үйде үлкен ақсақал бар, сол кісіге қарау керек болады» деп айтып па еді, – дедік аздап сырға тартып.
Жеңгей күлімдей жауап берді:
– Әрине, айтты. Бірақ, мен келін болып түскенде мына екі қабатты үлкен үйдің іргетасы ғана қаланған еді. Құрылыс аяқталғанша атам үлкен қызының қолынды болған. Кейін үйге әкелдік. Қайын әпкем: «Сен атаңа қарай аласың ба?» деп сұрады. «Иә» дедім… Күнде таңертең ерте тұрып, ботқасын дайындап беремін. Отағасы апта сайын атаны жуындырып-шайындырып отырады. Жалпы, атам беймаза кісі емес. Қыңырлығы да жоқ. Уақытында тамағын беріп, төсек-орнын тазалап, баптап отырсаң, болды…
Еріксіз өмір белестері жайлы терең ойларға жетелей беретін қарияның бөлмесінде отырып, төсек маңындағы ислам дінінің нышандарын байқадық. Осыны сезе қойған қарияның келіні Айнаш жеңгей атаның имандылық жолын ұстанған кісі екенін былай баяндап берді:
– Атам 1996 жылы Астанаға көшіп келген. Сол кезде қалалық мешітке барып тұрады екен. Рамазан айында болсын, құрбан айт кезінде болсын, ислам шартттарын орындап жүрді. Өзі еркін жүріп-тұратын халден кеткенше солай еді. Қазір де жолдасым маған әкесінің жолын ұстанып, осындай қазақтың салт-дәстүрлерін сақтап отыруды бұйырады…
Тағы бір қызық. Қария өткен жылдары ұлына бір тапсырма берген екен. Қызмет бабымен мойын бұра алмаған ұл жас балаша еркелеп, әкесіне бұлғақтаған көрінеді. «Сонда шай ішіп отырып, атам үстелді қойып қалды. «Айттым, бітті! Орындалуы керек!» деді» дейді келіні.
Мұнымен Айнаш жеңгей қарияның әлі де өз әулетіне сөзін өткізерліктей қауқарлы, сыйлы екенін білдірді.
Ең бастысы:
– Атамызды қолымызға алғалы біздің шаңырағымызға, құт келіп, ырыс-береке ұйыған тәрізді, – дейді ризалықпен.
* * *
Көп жасап, көпті көрген қариялар – елдің қазынасы. Олар қоғамның бет түзейтін құбыласы сынды. Қамқорлық көрсетіп, сауапты іс жасауға мүмкіндік тудырушы. Терең ойларға жетелеуші…
Жасы жүзге толып отырған ақсақалмен кездескеннен кейін біз беймәлім сезімдерді бастан өткізіп қайттық. Қуаныш па, мұң ба – адам түсініп, айыра алмайтын құбылыс. Сөзге сыймайтын сезім мен ой…
Кім біледі, оған «Мен әбден болдырып отырған адаммын. Құр кеудемде жаным бар» деген қарияның кездескендегі сөзі түркі болған шығар.
Бірақ, қария, тұла бойы қарттық шалғанымен, адамгершіліктің үлкен дариясы дерлік. Көзі көрмесе де, аты-жөнімізді сұрап, ақ батасын жаудырып жатыр…
P.S. Өмір өзегі – үміт.
– Ата, Құдайдан не тілейсіз? – деп сұрадық біз.
– Не тілеймін. Иман тілеймін де, отырамын.
Бұл сөз де бізді ойға қалдырды. Алладан ақсақалдың ақ тілегі қабыл болса деп тіледік.
Нәзира БАЙЫРБЕК