Жүз жылдық шежіре

0 37

Ғасырмен құрдас елордадағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясының 114 жылдық тарихы қағаз бетіне бедерленді. «Өнегемен өрілген тарих» атты кітаптың тұсаукесер рәсіміне мектептің ардагер ұстаздары мен түлектері қатысты. Кітап авторы белгілі журналист-жазушы, ақпарат саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері – Жылқыбай Жағыпарұлы.Мектеп алғашқыда жұртшылықтың қаржысына салынып, мешіт жанындағы медресе ретінде құрылған. Балалар молдадан тәлім алып, діни сабақтармен қатар араб тілін үйренді. 1909 жылы қаланың зиялы азаматтарының шақыруымен мектепке Қазан қаласында «Мұхамедия» медресесін тәмамдаған, Орынбор қаласындағы мұғалімдер даярлайтын семинарияны бітірген білімді азамат Ғалымжан Құрмашев келеді. Жас маман келе сала оқу бағдарламасына арифметика, жаратылыстану, ана тілі сабақтарын енгізді. Осы уақытта оқушылардың саны 70-тен асып, Ғали Кітабов пен Сәлім Әменов деген ұстаздар мектепке қызметке шақырылады. Сол кезеңнен бастап балалар сынып-сыныпқа бөлініп оқи бастады. Мектептің оқу-техникалық базасын нығайту мақсатында 1911 жылы жергілікті халықтың қаржысына мектептің екінші ғимараты ағаштан тұрғызылып, оқуға қыз балалар да қабылданады. 1940 жылы мектепке қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі Жамбыл Жабаевтың есімі берілді. «Арқа атырабындағы алғашқы білім ордасы туралы тілге тиек еткенде, алдымен ойға оралатын – осы мектеп. Өкінішке қарай, күні бүгінге дейін астанадағы осы қазақ білімінің қара шаңырағы №4 мектеп-гимназиясының толыққанды тарихы жасалмаған екен. Мектептің айтулы 100 жылдық және 110 жылдық мерейтойларында кең ауқымда мерекелік шаралар өткізіліп, ғасырға ұласқан шежіресі бар мектептің тарихы туралы түрлі түсті журнал шығарумен ғана шектеліпті. Бірнеше жыл бұрын осы мектептің ардагер ұстазы Шолпан Сыздықова көңілін күпті еткен осы бір өкінішін айтты. Шолпан апайдың мектеп тарихын жазу туралы өтінішінен кейін үлкен жауапкершілік жүгін сезініп, ұзақ толғанысқа түскенімді жасыру мүмкін емес» деді кітап авторы Жылқыбай Жағыпарұлы.
Кітаптың тұсауын ардагер ұстаз Шолпан Сыздықова мен қайраткер-ардагер Қасым Тәукенов кесіп, мектептің талайғы тарихының басылып шыққанына өз ризашылықтарын білдірді. Мерекелік кеште сөз алған әрбір ұстаз ғасыр жасаған білім ордасының тарихын тілге тиек етіп, қуаныштарымен бөлісті. Салтанат рәсімі Сапарғали Ахметжанұлы жетекшлік ететін «Үкілі домбыра» оқушылар оркестрінің концерттік бағдарламасына ұласты. Кітап тек 50 данамен тікелей баспаның қолдауымен шыққан. Алдағы уақытта демеушілер табылып, мектептің түлектері қолдаймыз десе, таралымы тағы да көбейеді.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − 6 =