Жүз жастағы жауынгер

0 121

Әлемді қанға бөктірген екінші дүниежүзілік соғыста 4 рет жараланса да, аман қалып Берлинге дейін барған қазақ жауынгерінің бірі – Сихымбай ­Мамыров. Майдангер 1920 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысы Шу ауданы Сарыбұлақ ауылында дүниеге келген. 12 жасынан бастап қолына күрек, орақ ұстап, кетпен шапқан ол 1932 жылдан 1941 жылға дейін колхоздың барлық жұмыстарына араласып, белсенді жас атаныпты. 1942 жылы әскерге шақырылып, Өзбекстанның Ферғана қаласына орналасқан 165-атқыштар дивизиясының 51-полкінде атқыштарды дайындайтын қысқа мерзімді жаттығудан өтіп, майданға аттаныпты. Қысқа уақытта қабілеті мен қағылездігінің арқасында командир дәрежесіне көтерілген жас жауынгер өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқара білді.
Алғашында Солтүстік Кавказ майданындағы қиян-кескі соғысқа қатысып, соңынан Панфилов атындағы 8-гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында ұрыс салыпты. 1943 жылы Новгород жеріндегі Сутоки елді мекенін азат ету шайқасында Рашит Жанғожин іріктеп алған топта сапер болып міндет атқарыпты әрі шайқаста көрсеткен ерлігі үшін ІІ дәрежелері «Даңқ» орденімен марапатталыпты. Осы шайқаста бірнеше жерінен жараланса да, көп өтпей майданға қайта оралып, ұрысқа қайта араласқан майдангер 132-атқыштар дивизиясының 712-полкінің құрамында Белорусь жеріндегі шайқастарға қатысып, аталған елдің бірнеше қала, елді мекендерін азат етіпті. 1944 жылы Украина еліндегі Гравин елді мекенін азат ету шайқасында көрсеткен ерлігі үшін ІІІ дәрежелері «Даңқ» орденіне ие болыпты.
Әрине, соғыстың төрт жылында Мәскеуден Берлинге дейін шайқасып, Германияға дейін жаяу барған Сихымбай Мамыровтың қатысқан шайқасы, көрсеткен ерлігі аз емес. Дегенмен, сол бір қасіретті күнді көп еске алғысы келмей ме, жоқ «Қартайғанда ерлігіңді айтпа» дейтін аталы сөзге тоқтай ма, кім білсін, ғасыр жасаған атамыз көп нәрсені қысқа қайырады. Мүмкін «батырдың сөзі аз, тындырған ісі көп болады» деген сөз де рас шығар. – Талай қиын күндерді бастан кештік. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген рас екен, 4 рет жаралансам да, Берлинге дейін барып, соғысты бітіріп бірақ қайттым. Атамыз қазақта «өліп қалды» деген кісі тірі болса, «ұзақ жасайды екен» деп ырымдап жатушы еді ғой. Сол сияқты Новгородты азат ету шайқасында қаза тапқан 46 жауынгерге қойылған ескерткішке менің де атым жазылыпты. Оны мен 40 жылдан кейін білдім. 1985 жылы Холм қаласының басшылары мені қонаққа шақырды. Сол сапарда әлгі ескерткіш тас­тың басында болып, «тірі екені анықталды» деген өзгеріс енгізу рәсіміне қатыстым, – деп ардагер атамыз әңгімесін тәмамдады.
Осылайша қан майданда ерен ерліктер көрсеткен Сихымбай Мамыров ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, ІІ, ІІІ дәрежелері «Даңқ» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен, 18 мерейтойлық медальмен марапатталыпты.
Соғыстан кейін туған өлкесіне қайтып, зейнетке шыққанға дейін совхозда жүргізуші, қойма меңгерушісі болып 60 жылға жуық жұмыс істеген. 2000 жылдан бері елордада өз кіндігінен тараған 10 баласының, 40 немере-шөбересінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight − five =