Жүз жасаған жүрек

0 179

Кеше Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының әкімдігі елорданың құрметті тұрғыны, бұрынғы Қазақ КСР әлеуметтік қамсыздандыру министрінің орынбасары, КСРО Жоғарғы кеңесінің 3-ші шақырылымының депутаты қызметтерін атқарған қоғам қайраткері Күләш Әскееваны Наурыз мерекесімен құттықтады.

Күләш Әскеева 1921 жылы 3 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында дүниеге келген. Биыл жүз жылдық мерейтойын атап өткелі отырған абыз ана еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған. Ол партия қатарында нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, аудандық партия комитетінің хатшысы, одан кейін облыстық, республикалық, одақ деңгейінде лауазымды қызметтер атқарды. 28 жасында Жоғарғы Кеңес депутаты болып сайланды. «Құрмет белгісі» және «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін» секілді мемлекеттік орден-медальдарының иегері атанды. Қазақ КСРО Жоғары Кеңесі президиумының алтын және күміс медаль иегері.
Біз келеді дегенді естіп ғасырмен құрдас Күләш апамыз медальдарын тағып, дайындалып отыр екен. Кейуананың 3 шөпшегі бар. Балалары мен немерелері ол кісінің барлық жағдайын жасап, денсаулығына ерекше күтіммен қарайтын көрінеді. Әжеміз жүз жасаудың құпиясы үлкендердің ақ батасын көп алғандығымнан шығар дейді. «Кезінде Жамбыл облысында қызмет етіп жүргенде ауылдар арасында әрлі-берлі көп жүретін едік. Сол кезде жолда кім кетіп бара жатса да көлігімізге салып алып, жеткізіп тастайтынбыз. Сонда үлкендер «Қалқам, дүние тұрғанша тұр» деп маған көп бата беретін еді. Сондай баталы сөздің арқасы шығар. Көзді ашып-жұмғанша осы жасқа келіппін. Балаларым да жалғыз тұрғанымды қаламай, өз қолдарына алды. Ұзақ жылдар бойы халық алдында адал қызмет еткенімді бағалап, мекемелер де құттықтап тұрады» деді Күләш Әскеева.
Балаларының айтуынша Күләш Әскейқызы әлі де газет пен журнал оқып, жаңалықтарды да қалт жібермейді. Еліміздің осы деңгейге жетіп, гүлденіп жатқаны ғасыр жасаған әжеміз үшін үлкен мақтаныш екен.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + 2 =