ЖУЫРДА ЖАҺАНДЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТПЕК

0 81

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің негізгі аспектілеріне тоқталып, «А» корпусына іріктеудің аралық қорытындысын жариялады.

Оның айтуынша, жаңа модель бойынша алғаш рет облыстық және аудандық деңгейде персоналды басқарудың бірыңғай қызметтерін құру көзделген. Соның арқасында жұмыс жүйелі жолға түсіпті. Мәселен, бұрын аудандық және ауылдық деңгейде 5 мыңға жуық адам негізгі жұмысымен қатар кадр мәселесімен айналысатын. Ал, былтырғы наурыз айынан бастап осы іс 500-дей адамның ғана қолына тапсырылды. Яғни, адам ресурстері босатылды деген сөз. Осылайша, аудандық деңгейде персоналды басқару қызметтерін кәсібилендірудің институционалдық негізі қаланған. Мұны әрі қарай жетілдіру үшін келесі жылы «е-kyzmet» ақпараттық жүйесін қосу жоспарлануда.

Агенттік төрағасы өткен жылдан бастап ел азаматтары конкурсты күтпей-ақ тестілеуден өтуге құқық алғанын да айта кетті. Бұдан басқа, конкурсты өткізудің мерзімі үш есеге – 10-15 күнге дейін қысқарған. Бүгінгі күні республика бойынша 25 мың адамның қолында тестілеуден өткені туралы сертификат бар екен. Кадрларды іріктеу мен жоғарылатудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында конкурстық рәсімге бақылаушылар ретінде БАҚ-тың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатыса алады.

«А» корпусына іріктеудің аралық қорытындыларына келсек, қазір бұл корпустың кадр резервінде 400 адам тұр. Нақты іріктеуге құжаттарды қабылдау ағымдағы жылдың 13-28 наурызы аралығында жүргізілген. Бір үміткерден бірнеше қызметке құжаттарды қатар қабылдауға болатындықтан, 873 үміткерден 1029 өтініш түскен. Олардың 792-сі тестілеуге жіберіліп, 381 үміткер шекті мәнді еңсере алмаған. Сондықтан, іріктеудің келесі кезеңіне, ҚР Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияға әңгімелесуге 365 адам қатысады. Болашақта шетел үлгісімен Дарындарды басқару жүйесін де енгізу көзделуде.

Осының бәрін жеткізген Әлихан Бәйменов VІІ Астана экономикалық форумы аясында танымал халықаралық сарапшылардың қатысуымен үшінші рет «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару: жағдайы мен перспективалары» тақырыбында жаһандық конференция өтетінін хабарлады.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 5 =