Жүсіпбек ӘЖІҒҰЛОВ, Астана қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері: БІЗДЕ РЕСПУБЛИКАМЫЗДЫҢ БАСҚА АЙМАҚТАРЫНАН КЕЛГЕН БАЛАЛАР ДА ЕМДЕЛЕДІ

0 133

Астана қаласындағы «Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы» МКҚК уақытылы диагностика мен ем жүргізу үшін қажетті заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған. Мұнда жұмыс істейтін жоғары білікті мамандар жұқпалы аурумен ауырған балалар мен 15-ке дейінгі жасөспірімдерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Сейсенбі күні аталмыш медициналық мекеменің бас дәрігері Жүсіпбек Әжіғұлов елорда тұрғындарымен тікелей бай­ланыста болып, осы және өзге де мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітті.

– Мен – Айжан Сансыз­баева, алдыңғы жылы 3 жасар баламмен сіздердің стационарларыңызда жатқан болатынмын. Онда менің тамағым да, төсекорным да тегін еді, биыл 1 жарым жасар балам­мен жатқанымда тамағыма ақы төледім және менің қасымда 4 жа­сар баласымен жатқан келіншек тамағына да, төсекорнына да ақы төлеп жатты. Бұл жағдайға қандай түсінік берер едіңіз. Жал­пы, осы дұрыс па?

– «Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы» мемлекеттік мекемесі 2011 жылғы 1 шілдеден бастап «Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны деп қайта аталды. Осы уақыттан бастап стационар жартылай ақылы қызмет көрсету құқығына ие болды.

Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің «Бала құқығы» деп аталған 89-бабының 2-тармағында былай делінген: «Балаларды стационарда емдеу кезінде: дәрігердің қорытындысы бойынша қосымша күтімді қажет ететін үш жасқа дейінгі, сондай-ақ жасы үлкен, бірақ науқасы ауыр балаларды күту анасына (әкесіне) немесе баланы күтуді жүзеге асы­рушы басқа да тұлғаның бала­мен бірге медициналық ұйымда болуына рұқсат етіледі және қажетіне қарай уақытша еңбекке жарамсыздық парағы беріледі. Ал, бір жасқа дейінгі баласын емізуші аналар медициналық ұйымдарда болған кезеңінде ақысыз тамақпен қамтамасыз етіледі.

Жоғарыда көрсетілген баптың 2-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, «Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы» МКҚК-да 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап балаларын емізбейтін ана­лар немесе науқас баланы күтуді жүзеге асырушы басқа да тұлғалар келісім-шарттың негізінде ау­рухана тағамымен ақылы түрде қамтамасыз етіледі.

– Астана қаласындағы балалар жұқпалы аурулар ауруханасының стационарла­рында қанша жасқа дейінгі бала­лар ем қабылдай алады?

– Біздің стационар – Астана қаласы бойынша балалардың жұқпалы ауруларын емдеуге рұқсатнамасы бар, арнайы мамандандырылған медициналық қызмет көрсететін жалғыз медициналық мекеме. Сондықтан, біздің стаци­онар 1 айлық нәрестеден бастап жасы 14 жас 11 ай 28 күн болатын жасөспірімдерге стационарлық қызмет көрсетеді.

– Сонда стационарларыңыз қанша орынға арналған?

– Балалардың жұқпалы ау­руларын емдеуге арналған ста­ционарымыз 161 төсек-орынға есептелген. Біздің ауруханада Астана қаласының балалары ғана емес, республикамыздың басқа да аймақтарынан республикалық ғылыми-медициналық орталықтарға емделуге келген балалар да емделеді. Сондықтан, біз үшін 161 төсек-орын әрине аз.

2011 жылғы есеп бойынша біздің қаламыздың балаларына 370 төсек-орын қажет, осыған байланысты балалардың жұқпалы ауруларын емдеуге арналған аурухананың жаңа ғимаратының құрылысы жүріп жатыр.

– Жүсіпбек Қасымбекұлы, сіздерде бір күндік тамақтың орташа бағасы қанша? Аурухананың ақылы тамағынан бас тартып, үйден тамақ алдыруға бола ма?

– Біздің стационарда бір күнде 4 рет тамақтанудың бағасы – 880 теңге. Науқас баланы күту үшін ауруханада болудың бір күні – 1600 теңге, мұнда тамақтануы қоса есептелген.

Стационарда болған кезеңінде аурухана тамағынан бас тартқан жағдайларда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2002 жылғы 8 сәуірдегі «Емдеу-алдын алу ұйымдарда емдік тағамдарды ұйымдастыру туралы» бұйрығына сәйкес, пайдалануға рұқсат етілген тағамдардан үйде дайындалған тамақты пайдалану­ларына болады.

Ауруханада көрсетілетін ақылы қызметтің прейскуранты көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын қаржының көлемімен байланысты. Осыған қатысты құжатты 2011 жылғы 21 шілдеде Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы бастығының келісіуімен стационар бас дәрігері бекіткен болатын.

– Жақында ғана бала­мызбен Астанадағы бала­лар жұқпалы аурудар аурухана­сына жатып, емделіп шықтық. Әрине, балам барғандағыдан әлдеқайда жақсарып, денсаулығы түзеліп қалды. Бұл, сөз жоқ, дәрігерлердің арқасы. Тек, білейін дегенім: сіздердің стационарларыңызда балаларға арналған ойын бөлмелері, теледи­дар неліктен қарастырылмаған?

– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2010 жылғы 20 тамыздағы «Денсаулық сақтау нысандары­на қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық ережесін бекіту туралы №533 бұйрығына сәйкес, жұқпалы аурулар ауруханасының палаталарында теледидар, т.б. техникалық құрылғылар қоюға рұқсат берілмейді, әрине сондай-ақ, науқас балалар бір-бірімен қарым-қатынасқа түспеулері үшін олардың ортақ орында шоғырлануларына да рұқсат етілмейді.

– Мен сіздердің ауруханаларыңыздың қабылдаудиагностикалау бөлімінде баламмен стационарлық емдеуде болдым. Сол кезде біздің жеке басымыздың гигиенасына қатысты мәселе болды. Осы бөлім мүлде душпен қамтамасыз етілмеген. Осының себебі не?

– Біздің стационар типтік негізде салынбағандықтан әуел баста стационардың осы бөлімінде душ қарастырылмаған. Бірақ басқа бөлімдердің барлығында кесте бойынша жұмыс істейтін және әр бокста жеке-жеке душ бар.

Қазіргі уақытта қаламызда 250 орындық жаңа типтегі ста­ционар құрылысы жүргізілуде. Ол стационардың құрылыстық жобасында жеке бас тазалығын қамтамасыз етуге қажетті барлық жағдайлар қарастырылған.

– Астанадағы бала­лар жұқпалы аурулар ауруханасында УДЗ, рентген, зертханалық талдаулар жасату сияқты қызметтерді сырттан келіп ақылы түрде пайдалануға бола ма?

– 2011 жылғы 21 шілдеде Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы бастығының келісуімен Ақысыз медициналық көмектің кепілді шеңберіне енбеген медициналық қызмет прейскуран­тын бекіттік. Осы құжатқа сәйкес, бактериологиялық және клиника-диагностикалық зертханалардың тізімге енген түрлері мен рентген және УДЗ, сондай-ақ инфекционист дәрігерлердің қызметі стационар емдеуінен тыс жүгінген балаларға ақылы түрде көрсетіледі.

– Жүсіпбек Қасымбекұлы, айтыңызшы, сіздерде стационар қызметкерлері үй-жаймен қамтамасыз етіле ме?

– Өкінішке қарай, қазіргі уақытта бастарында баспанасы жоқ қызметкерлер саны өте көп. Олардың барлығын сөзсіз баспа­намен қамтамасыз ету жағдайы қарастырылмаған. Алайда, үй алу кезегіне тұрғызып, кезегі келгенде қамтамасыз етіліп отырады. Бірақ бір жылда 1-2 пәтермен қамтамасыз етіп отыру бұл мәселені шешпейтіні анық. Сондықтан, болашақта мүмкін осы мәселені жіті шешу қарқыны артар деп үміттенеміз.

– Менің балам гепатит­пен ауырып, қаламыздағы ересектерге арналған жұқпалы аурулар ауруханасына жолдан­ды. Сол сәт мені «ол неліктен ба­лалар стационарына жіберілмеді екен?» деген ой мазалады. Осыған жауап бере аласыз ба?

– Әрине, біздің стационар әуел баста құрылған кезінде гепатит ауруларын емдеуге есептелмеген. Ондай ауруларды емдеу үшін олар басқа жұқпалы аурулардан оқшау орналасуы керек, ал ересектерге арналған стационарда олар үшін арнайы бокстар қарастырылған. Құрылысы жүріп жатқан жаңа ау­рухана ғимаратында гепатит ауру­ларын емдейтін балаларға арналған арнайы бөлім болады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 3 =