Жүсіпбек Аймауытов көшесі

0 18

Жазушы атындағы көше елорданың оң жағалауында орын тепкен. Үлкен болмаса да тығыз орналасқан, халық көп жүретін көше. С.Сейфуллин көшесінен басталып, Ы. Дүкенұлы көшесінен аяқталады. Жазушыға көше аты 2007 жылғы 12 желтоқсанда берілген. Ұзындығы – 1100,9 метр болатын көше Ә.Жангелдин, Панфилов көшелерін, Бөгенбай батыр даңғылын қиып өтеді.

Жүсіпбек Аймауытовқа елорданың салтанаты келіскен кең әрі үлкен көшесін берсе де жарасар еді, өйткені оның жазушылығын алсақ та, қайраткерлігі турасында айтсақ та ұлтқа сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол ең алдымен үлкен жазушы, қазақта роман жазған алғашқы адамдардың бірі. Прозада ақ өлең үлгісін қолдана отырып, көркемдіктің шыңына шыққан, бір ғана «Ақбілек» романы арқылы сол замандағы қазақтың тарихының бір парағын жазып қалдырған. Шын мәнінде әр қазақ «Ақбілек» романын әлі де тереңірек зерттеп, зерделей оқыса, көп дүниеге көзі ашыла түсер еді. Мұндағы зорланған қазақ қызының тағдыры – қыспақ пен зорлық көрген тайқы маңдай қазақтың өз тағдыры. «Қартқожа», «Ақбілек», «Дәмелі» атты романдары мен «Күнекейдің жазығы» повесі, «Қызыл отан», «Жел үстінде» әңгімесі, «Жаман тымақ», «Көк өгіз» атты балаларға арналған әңгімелері қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылды. 1918 жылы «Абай» журналының бас редакторы болып жұмыс істеген. Ол журналды Мұхтар Әуезовпен бірлесіп шығарады. Мұхтар Әуезов Аймауытовты «менің ұстазым» деп атаған.
Павлодар облысындағы Семей губерния­сының Қызылтау ауылында (1889 жылы) туған ол 1918 жылы Семейдегі оқытушылар семинариясында А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов және ұлттық интеллигенцияның басқа өкілдерімен бірге «Алаш» партия­сының жұмысына белсенді қатысады. Осы кезең оның өміріне айрықша әсер етеді. Жүсіпбек Аймауытұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Мұхтар Әуезов – бәрі бірігіп, Семейде «Жанар» атты қор құрып, қиналғандарға қол ұшын береді. 1919–1920 жылдарда Семейдегі мұғалімдер семинариясында сабақ береді. Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі, «Қазақ тілі» газетінің редакторы болады. Жас ұрпақты жаңаша тәрбиелеу, жаңаша білім беру мақсатын көздеген «Тәрбиеге жетекші», «Психология», «Жан жүйесі және өнер таңдау» атты елеулі кітаптары мен оқу құралдарын жазған. Халық жауы болып ұсталып кеткенге дейін ұлтына қалтқысыз қызмет еткен тұлғаны ұрпақ тереңірек тануы тиіс.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 − three =