ЖҰРТЫМЕН БІРГЕ ЖАСАР

0 143

1327029544

Жыл толды қайырылғалы ер қанаты,

Халқының жүрегінде қалған аты.

Өшпейді өмірдегі салған ізі,

Сөнбейді өлеңдегі жанған оты.

Жаратқан жатқан орнын жарық қылсын,

Жұмақта жез киігін жолықтырсын.

Ұлтының қамын жеген қаршадайдан,

Ұл туса, Кәкімбектей болып тусын!

Сүйінді жақсылықтың барлығына,

Күйінді қатал заман тарлығына.

Ғасырдың өзі куә кешегі өткен,

Ел жүгін арқалаған нарлығына.

Тағдырдың басқа түсті тайталасы,

Әніңді дегендей бір қайталашы?

Іздеп тұр Кәкімбегін күңіреніп,

Орман-көл, тау мен тасы, сай-саласы.

Өлеңнің  тұнығынан сусындаған,

Қазақтай шын ақынды кім тыңдаған?

Іздеп жүр Кәкімбегін аласұрып,

Аққулар көлді айналып сұңқылдаған.

Түсетін  алыстарға көз қиығы,

Әркімнің өзіне аян өз биігі.

Жолықпай Кәкімбегі жабырқайды,

Жапанның желдей ескен жез киігі.

Саралап жортқан ізін ары-бері,

Күрсіне еске алады қалың елі.

Секілді сағыныштың белгісіндей,

Сарғайған Сарыарқаның сары белі.

Пенде жоқ жер бетінде өлмейтұғын,

Қайғыны уақыт қана емдейтұғын.

Жұртымен бірге жасар ән мен жыры,

Жүрегін тыңдағанның тербейтұғын.

Сартылдап жылдар өтер, күндер өтер,

Ғұмырды таусылмайтын кім дәметер?

Бейнесі қайран асыл ағалардың,

Көз көрген біздерменен бірге кетер.

Несіпбек Айтұлы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + 16 =