«Жұрттың баласынан қалмасын деп…»

Жаппай репетитор жалдауға не себеп?

0 18

Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының былтырғы дерегіне жүгінсек, әрбір үшінші мектеп оқушысы сабаққа репетитормен дайындалады екен. Қазақстанда бұл мәселеге қатысты ресми статистика жүргізілмегенімен, репетиторлық қызметке деген сұраныстың бізде де жоғары екенін жарнамалардан көруге болады. Мысалы, ақылы оқытушылардың электронды анкеталары жинақталатын repetitor.kz сайтында 11499 адам тіркеулі тұр. Олардың көбі – математика (3858), ағылшын тілі (3807), физика (1371) және қазақ тілі (1368) пәндерінің мамандары. Қажеттілік туындамаса, ұсыныстың да болмайтыны анық. Ендеше балалардың жаппай репетитор жалдауына не себеп барын зерттеп көрелік.Әлеумет ТЕМІРБОЛАТҰЛЫ,
математика және физика пәндерінің оқытушысы, жеке репетитор:

– Мектеп мұғалімі әдетте сыныптың орташа деңгейіне қарай ыңғайланады. Яғни 2 мен 2-ні әзер қосатын балаға да ежіктеп түсіндіріп отыруына уақыты жоқ, сондай-ақ есепті шемішкеше шағатын «ақылды бастарға» да баса көңіл аудара алмайды. Нәтижесінде осы екі топқа жататын шәкірттерде репетиторға деген қажеттіліктің пайда болуы заңды. Тақырыпқа ілесе алмайтын балалар репетитормен жеке дайындық кезінде психология­лық еркіндікті сезінгендіктен, түсінбеген жерлерін қысылмай сұрап, «көпке күлкі болып қалмайын» деген қорқыныштан арылады. Ал жүйрік оқитындар оқу бағдарламасына енбеген олимпиадалық тапсырмаларды бірге талқылау арқылы өз білімінің әлеуетін барынша көрсетуге мүмкіндік алады.

Ардақ ҚҰЛБАТЫРОВА,
ағылшын тілі пәні мұғалімі, жеке репетитор:

– Репетиторға деген сұраныс әрқашан тек оқушы тарапынан ғана болады деу қате. Мысалы, менің тәжірибемдегі жағдайлардың 20-30 пайызында репетитормен оқуға бала емес, ата-ана мүдделі болды. «Жұрттың баласынан қалмасын» деген оймен балаларын ана репетиторға бір, мына репетиторға бір сүйреп жүргендері. Оның үстіне, қазір шетелде оқу сәнге айналып кетті ғой. «Менің ұлым шетелге оқуға түспекші» немесе «Қызым ағылшыншаға судай» деген мақтан үшін де оқытатындар бар. Бір сөзбен айтқанда, ата-ана кезінде орындалмаған өз армандарын балаларында орындалғанын қалайды. Өкінішке қарай, кей кездерде балаларының арманы мүлде бөлек.

Арманкүл АЙНИЯЗОВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

– Сыныптағы отыз оқушының қабілеті бірдей емес. Кейбіреулерінің жаңа тақырыпты қабылдауы қиын. Кейде екі-үшеуін сабақ соңынан алып қалып оқытамын. Бірақ оған әр кез мүмкіндік бола бермейді. Балалар да шаршайды, өзіңнің де уақытың жетпеуі мүмкін. Осындайда ата-аналар репетитордың көмегіне жүгініп жатады. Оның үстіне, бізде ақшасы төленген нәрсенің қадірі арта түсетіні белгілі. Ата-анасының ақша шығарып оқытып жатқанын көрген бала мектептегі мұғалімнің сөзін елемесе де, репетитордың жанында бар ынта-ықыласын салып оқиды. «Мектепте дым үйренбеп еді, репетиторға барып көзі ашылды» деген сықылды әңгімелердің түп төркіні осыдан шығады сосын.

Кәрімжан ДОСМАДИЯР, ата-ана:

– Шыны керек, жаңартылған оқу бағдарламасы бала тұрмақ, үлкеннің өзіне ауыр. Алтыншы сыныпта оқитын қызымның үй тапсырмасын кейде үй ішімізбен ойланып әрең шешеміз. Анасы екеуміз күні бойы жұмыс­тамыз. Оның сабағына тұрақты түрде көңіл бөлуге мүмкіндік жоқ. Қазір қызым «Пифагор» орталығындағы жеке репетиторға барып жүр. Сонда үй тапсырмасын да орындап, қосымша есебін де шығарып келеді. Бір жағынан, бұл қызымның сабақтан кейінгі уақытын тиімді өткізуіне көмектеседі. Үйде отырса, смартфонға алаңдайды, сабағына селқос қарайды.

Айдана ӘБДІКОВА, оқушы:

– Менің сыныбымдағы 27 оқушының жартысынан көбі репетиторға барады. Оның ішінде өзім де бармын. Бұл біздің сабақты нашар оқығанымыздан демес едім. Біріншіден, репетиторға барсақ, әрқайсымыз өзіміздің әлсіз тұстарымызға көңіл аударуға мүмкіндік аламыз. Мысалы, мен тригонометриялық теңдеулерді шешуден шорқақпын. Ал сабақ барысында мұғалім маған бола сол тақырыпты қайталай бермейді ғой. Екіншіден, репетитор әр баламен тіл табыса біледі. Түсінбеген жеріңді он қайтара сұрасаң да, шыдаммен түсіндіреді. Өкінішке қарай, сыныпта олай ежіктеп отыруға ұяласың.

 

 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды