Жұртқа жақындататын жобалар

0 55

Бүгінгі таңда сот саласында жаңалық көп, сотқа дейін татуласу, отбасылық сот, түнгі сот дейтін «қанатқақты» жобалар өмірімізге дендеп енді. Біз Нұр-Сұлтан қалалық сотының судьясы Сайран Әлімбаевадан істің сотқа дейін шешімін табуын көздейтін жобалар туралы сұраған едік.

– Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша аудандық соттар қанша іс қарады?
– 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша аудандық соттарға 117 034 іс пен 348 052 мате­риал түсті. Оның ішінде азаматтық істер – 89%, әкімшілік – 3%, қылмыстық 8%-ды құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда азаматтық істер – 15 473 (17%), ал материалдардың саны 44 па­йызға, ал сот орындаушылардың санкцияланатын қаулылары 45% азайды. Сот бұйрықтары бойынша істердің жүктемесі 68%-ға төмендеді, себебі істердің кейбір санаттары нотариустардың құзырына берілді.
– Азаматтық істер мен қау­лылардың, жалпы жүктеме азаюына не себеп болып отыр?
– Бұған бірден-бір себеп – 2019 жылғы 21 қаңтарда қабылданған заңнамаға енгізілген өзгерістер. Сонымен қатар соттарда жүктемені төмендетуге бағытталған нақты іс-шаралар жүргізілді.
– Ол қандай іс-шаралар, атап өтесіз бе?
– Атап айтқанда, даулардың алдын алу және сотқа дейін шешу мақсатында жергілікті әкімдіктерде үлескерлерге қатысты, банктік қарыз шарттары, еңбек даулары бойынша ведомствоаралық комиссиялар құрылды. Сондай-ақ коммуналдық ұйымдардың қызметінен туындайтын дауларды шешу комиссиялары құрылды. Соттарда тараптарды татуластыруға бағытталған жұмыстар жалғастырылуда. Соның нәтижесінде істердің жалпы санының 7%-ы тараптардың татуласуымен аяқталды (2018 жылы – 5%).
– Қанатқақты жобалар бойынша айтсаңыз…
– Өткен жылы «Татуластырушы судья» пилоттық жобасы негізінде 2018 азаматтық іс бойынша жақтар татуласты. Бұл көрсеткіш татуластырушы судьяға түскен барлық азаматтық істердің 60%-ды құрайды. 2019 жылы «Түнгі сотпен» барлық әкімшілік істердің 19% қаралды. Жоба Нұр-Сұлтан қаласының ауданаралық әкімшілік соты 2018 жылдың 4 шілдесінен 2019 жылдың аяғына дейін жоғары нәтижеде жұмыс жасады. Жоба бойынша жол Ережесін және миграция заңнамасын бұзушылықтар хаттама толтырылысымен сотқа түсіп, сол күні түнгі сотпен қаралды.

– Түнгі соттың ерекшелігі неде, шарттары қандай? Тиімділігі неде?
– Әрине, түнгі сотта істі қараудың белгілі шарттары бар. Олар: 1) құқық бұзушы кінәсін мойындауы және келген залалды өндіруге келісуі керек; 2) екі жақ та істі түнгі сотта қарауға өтініш жазуы керек; 3) істі қарауда міндетті түрде прокурор қатысады; 4) құқықбұзушыға арнаулы білімі бар адвокат және аудармашы ұсынылады.
– «Отбасылық сот» қанатқақты жобасы қолға алынғалы бір жылдан асқан екен, нәтиже қандай?
– «Отбасылық сот» Алматы аудандық сотының және ауданаралық әкімшілік соттарының жанында 2019 жылдың 10 қаңтарынан іске асырылды. Алматы аудандық сотында 718 некені бұзу туралы азаматтық іс бойынша жұптар татуласуға келді, бұл барлық ажырасу туралы қаралған істердің 43%. Әкімшілік сотта отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты істердің 62 % (562-сі) татуласумен аяқталған.
– Бұл жерде татуласу орталығының да ролі басым екені белгілі, кеңірек айтып өтесіз бе?
– Дауларды сотқа жеткізбей шешу мақсатында 2019 жылдың 10 маусымында татуласу орталығы ашылып, қазіргі күнде жұмыс жасап отыр. Орталыққа 2 253 арыз түсіп, оның 704-уі медиация тәртібімен шешілді (31%). Орталықтың жұмысының нәтижесінде 1 500 азамат дауын сотқа дейін шешті. Сонымен қатар, тегін заң көмегін алуға орталыққа 2 500 азамат келген, оларға көмек көрсету жұмыс емес сенбі күндерінде де ұйымдастырылған.
– Басқа өңірлермен салыс­тырғанда елордада еңбек дау­ларының үлесі жоғары екен, мұндай дауларды тиімді шешу үшін не істейсіздер?
– Иә, еңбек даулары сотқа түсетін барлық даулардың 1,8 % (1401 іс) құрайды. 2019 жылдың 5 ақпанында Жоғарғы Сот республика соттарының алдына «Еңбек даулары профилактикасы» пилоттық жобасын іске асыруды тапсырды. Жобаға астаналық Байқоңыр соты 13 ақпаннан, Сарыарқа, Есіл, Алматы аудандық соттары 16 сәуірден жүзеге асыруға кірді. Жобаның мақсаты: жұмыскер мен жұмыс берушінің құқықтарын қысқа мерзімде қорғауға шаралар қолданып, дауларды татуласумен аяқтауға ықпал ету, еңбек заңнамаларының бұзылу салдарын түсіндіру. Осы бағытта жұмыс беруші төлемеген еңбекақыны атқару қағазымен тез өндіру үшін нотариустармен жұмыс жүргізілді. Сөйтіп, нотариустармен еңбек даулары бойынша 2019 жылы 610 атқару қағазы туралы қаулы шығарылды.
– Мұндай мәселе көбінесе еңбек заңнамаларын жетік білмегендіктен туындайтын шығар?
– Соны ескере отырып, кәсіп­одақ орталығымен бірге жұмыс берушілермен кездесулер өткізіліп, еңбек заңнамалары түсіндірілді. Жоба барысында 3 739 000 арыз қаралды, олардың 3 500-і – еңбекақы, келісімшарт туралы, 222-і – заңсыз жұмыстан шығару жөнінде, 17-і өндірістегі жазатайым оқиғаға байланысты. Жоба кезінде еңбек инспекторларымен сотқа жеткізілмей, 26 313 жұмысшының құқығы қорғалды, 560 712 000 теңге жұмыс берушімен төленбеген еңбекақы өндірілді. Еңбек дауларын шұғыл шешу үшін Нұр-Сұлтан қалалық Кәсіподақ орталығында медиаторлар тегін татуласу жұмыстарын жүргізетін кабинет ашылды. Аталған шаралар жобаның тиімділігін көрсетіп отыр. 2019 жылдың 12 айында Нұр-Сұлтан қаласының соттарында 1 064 іс қаралды, 2018 жылмен салыс­тырғанда 200-ден артық іске азайды.
– Сақтандыру омбудсмені туралы естіп жүрміз, біздің оқыр­мандарға осы жайлы кеңірек айтып берсеңіз.
– 2019 жылдың 22 шілдесінен бастап Сақтандыру омбудсмені қанатқақты жобасы енгізілген болатын. Бұл жоба бойынша сақтандыруға қатысты іс түскен кезде, судья дауласушы жақтарға сақтандыру омбудсменіне бару құқығы түсіндіріледі, оның коор­динатасы беріледі. Тараптар келіскен жағдайда, олардан жазбаша өтініш алынады, содан соң іске маман – омбудсмен тартылып, оған істің құжаттарының көшірмесі жіберіледі. Соттарға сақтандырушылар мен сақтандыру компанияларының арасында даумен 53 арыз түскен, оның 27-і сақтандыру омбудсменіне жіберіліп, шешілген.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − thirteen =