Жұртқа жақын құрылым – уақыт талабы

0 28

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында құқық қорғау саласын реформалауды жүзеге асырудың негізгі бағыттарын белгілеп, құқық қорғау органдары басшыларына нақты тапсырмалар берген болатын. ҚР ІІМ министрі генерал-лейтенант Ерлан Тұрғымбаев Президент тапсырмасын жүзеге асыруда қандай жұмыстар атқарылып жатқанын баяндайды.

– Президент тапсырмаларының орындалу барысы қалай?
– Министрлік Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды жүзеге асыруға кірісті. Біріншісі – ТЖМ қайта құрылды. Функциялар мен өкілеттіктерді шектеу кезінде ешқандай проблемалар орын алмағанын атап өткім келеді.
– Президент «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі туралы айтты. Учаскелік инспектордың рөлін күшейту жұмыстары басталды ма?
– Учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін арттыру бойынша заңнамалық сипаттағы шаралар әзірленуде, материалдық-техникалық қамтамасыз ету қызметін штаттық нығайту, полиция­ның учаскелік пункттерін жарақтандыру мәселелерін пысықтау көзделіп отыр. Қазір елімізде бар 2,8 мың учаскелік полиция пункт­терінің 1400-і жөндеуді қажет етеді. Қосымша 279 учаскелік пункт салу және 1,5 мың бірлік қызметтік автокөлік сатып алу қажет. Елді мекендердің криминогендік аймақтарында полицияның тәулік бойғы посттарын орнатамыз (71-і бар). Олардың санын 218-ге жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ біз полицияның аға учаскелік офицерлер инс­титутын жандандыруды, лауазымдық жалақы мен жоғары шендерді көтеруді ұсынамыз.
– Реформа жергілікті полиция қызметіне де қатысты ма?
– Жергілікті полиция құрылымында: Құқық бұзушылықтардың алдын алу басқармасы және Қоғамдық тәртіпті қорғау бөлімі деген екі бөлімше құрылды. Осындай жұмыс аймақтық полиция органдарының құрылымдарында да жүргізілетін болады.
– Президент Жолдауда мемлекеттік қызметкерлердің санын қысқартуды тапсырды. Оңтайландыру ішкі істер министрлігінде қалай жүреді?
– Оңтайландыру мәселесіне келсек, былтырдан бастап іске асырылып жатқан Ішкі істер органдарын жаңғыртудың 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес, бірінші кезекте, ұйымдас­тырушылық-штаттық құрылымды оңтайландыру нәтижесінде ішкі істер органдары қызметкерлерінің саны 10%-ға қысқартылды. ІІМ-нің 106 құрылымдық бөлімшесі және 1 483 басшылық лауазымы таратылды. Ең бірінші қайталанатын және ішкі істер саласына тән емес функцияларды орындайтын бөлімшелерді, сондай-ақ артық басшы лауа­зымдарды жою арқылы аттестатталған 11 мың лауазымға қысқарту жүргізілді. Нәтижесінде полиция қызметкерлерінің 100 мың халыққа шаққандағы саны қазіргі уақытта 471-ден 393-ке дейін азайды. Бұл орташа еуропалық деңгейге сәйкес келеді (Бельгия – 412, Чехия – 383, Франция – 340).
Президент «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында қаражатты қалған қызметкерлердің жалақысын арттыруға бағыттай отырып, мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері саны алдағы уақытта 25%-ға қысқартылатындығын айтты. Осыған орай, ішкі істер органдарында 2020-2021 жылдары мемлекеттік әкімшілік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары қызметшілерін 10% және 15% қысқарту жоспарлануда (құжаттамалық, қаржылық, тылдық, құқықтық қамтамасыз ету).
Әлеуметтік шиеленісті болдырмау үшін кадрлардың табиғи ауысуы кезінде бос және босаған бірліктерді қысқарта отырып, оңтайландыру кезінде «жұмсақ тетіктерді» қолдану көзделген. Босаған қаражат факторлық-балдық шкала негізінде әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің жалақысын арттыруға бағытталатын болады.
– Полицияның беделін көтеру бағытында қазіргі кезде министрлік тарапынан кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның бірі – сервистік модель туралы айтсаңыз.
– Мұны қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа үлгісі десе де болады. Осы бағыттағы пилоттық жоба өткен жылдан Қарағанды облысында басталған болатын. Алдағы уақытта мұндай жоба елордада жүзеге асырылады. Сервистік модельдің мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінде жергілікті қоғамдастықпен әріптестік қатынастар орнату. Тұрғындардың пікірін жинақтау арқылы қандай мәселеге басты назар аудару қажеттігі нақтыланады. Бұдан әрі сол мәселе тұрғындармен бірлесіп жұмыс жасау арқылы шешіледі. Яғни, белгілі бір аумақта тұратын халық өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында үнемі полициямен тығыз байланыс­та болады. Бұл екі жақты қарым-қатынасты, өзара түсіністікті жақсартады әрі халық пен полицияны бір-біріне жақындастырады.
– Учаскелік полиция­ның оң имиджін қалыптастыруда олардың өкілеттіліктерін кеңейту маңызды, бұл бағытта қандай шаралар жасалмақ?
– Учаскелік полиция қызметкерлерінің өкілеттіктерін кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады: оларға отбасылық «бұзақыларға», үйден қысқа мерзімге шығаруға дейін (3 тәулікке дейін) шектеу шараларын белгілеу құқығын беру; сотқа дейінгі сатысында жәбірленушіні зорлаушымен татуластыру мүмкіндігіне тыйым салу (Канада тәжірибесі). Бұл шаралар учаскелік полиция қызметкерлерінің өнімді жұмысындағы заңнамалық кедергілерді жояды және қызметтің имиджіне оң әсер етеді. Сонымен қатар, біз персоналды күшейту мәселелері бойынша жұмыс істеп жатырмыз.
– «Бейнебақылау жүйесін дамыту жөнінде көп айтылады. Бірақ соған қарамастан құқық қорғау органдары көбінесе өздерінің ғимараттарында құрылғысыз отырады» деп сын айтқан Президент түзеу мекемелеріне және полицияның қызметтік ғимараттарына жаппай бейнебақылау орнатуды тапсырды, бұл жұмыстардың атқарылу барысы қалай?
– Полиция бөлімдерінде 9 мыңға жуық камера орнатылды. Жалпы 30 мыңнан астам бейнекамера жұмыс істейді. Әкімдердің қолдауымен бейнебақылау жүйелері, соның ішінде трафикті бақылаудың интеллектуалды жүйелері жасалуда. Жалпы респуб­ликада 230 мыңға жуық бейнекамера бар. Қауіпсіз аула бағдарламасы аясында қашықтықтан қарау мүмкіндігі бар 43,4 мың камера орнатылған. Олардың көмегімен жыл сайын 5 мыңнан астам қылмыс ашылады, 400 мыңға дейінгі әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіледі. Тек елордада жол ережелерін бұзудың 65%-ы осындай бейнежазба жүйелерімен анықталады.
– Цифрландыруға қа­тысты не айтасыз?
– Цифрландыруға қатыс­ты айтсақ, қылмыстық істерді тергеу біртіндеп электронды форматқа көшіріледі (ағымдағы жылы 67,4 мың қылмыстық іс немесе 37,2% тергелді). Патрульдік полиция электронды планшеттермен (6,9 мың), бейнетіркеуіштермен (17,3 мың), терминалдармен жабдықталған. Бұл хаттамаларды жасау уақытын қысқартады және айыппұлдарды сол жерде төлеуге мүмкіндік береді. Қылмыстық-атқару жүйе­сінде сотталғандар мен туыстарының арасындағы бейнесөйлесулер, сондай-ақ прокуратураға электронды өтініштер (шағымдар, арыздар, өтініштер) беру қызметтері енгізілуде.
– Президент Жолдауда Ішкі істер министрлігі құрылымын қайта қарап, оны саладан алшақ міндеттерден арылту керектігін, бұл маңызды ведомство жұмысының тиімділігін арттыратынын айтты.
– Ерекше функциялардан босату бойынша азаматтық қорғау бөлімдерін таратудан басқа, полиция күзететін жекелеген объектілерді жеке қорғауға беру мәселелері қарастырылуда. 2019 жылы 72 нысан ауыстырылды (382 штат бірлігі босатылды). Жалпы алғанда, 573 нысанды беру, бұл шамамен 3 мың штаттық бірлікті босатады (2949 бірлік). Сонымен қатар, көші-қон саласындағы шамамен 5 функцияны алып тастау орынды деп санаймыз. Олар: ведомствоаралық үйлестіру халықтың көші-қон саласында; азаматтығын бекіту және одан шығу, тұрақты тұруға және тұрақты тұру үшін шетелге шығуға рұқсаттарды тіркеу; еңбек мигранттарына рұқсат беру; баспана іздеушілермен және босқындармен жұмыс; шетелдіктердің Қазақстан Республикасына келуіне шақыруларды тіркеу және виза беру.
– Ал сонда Ішкі істер минис­трлігіне қандай функциялар қалдырылу керек деп ойлайсыз?
– Ішкі істер министрлігіне халықты құжаттандыру, заңсыз көші-қонға қарсы күрес және көші-қон заңнамасын бұзушылықтарды анықтау функцияларын қалдыру керек. Сонымен бірге қылмыс­тық-атқару жүйесі саласында денсаулық сақтау мен білім беру органдарын орталықтандырылмаған басқаруға ұқсас аумақтық пробация қызметін әкімдіктердің құзырына беру туралы мәселе қаралуда. Біз ҚАЖК, ведомстволық бақылау және нормативті қолдау бойынша осы саладағы мемлекеттік саясатты іске асыру функцияларын сақтап қалуға ниеттіміз.
– Ішкі істер министрлігінің жұмысы қаншалықты транспарентті, ашық жүргізіледі? Төтенше, оқыс оқиғалар болғанда қаншалықты жылдам ақпарат бересіздер?
– Ішкі істер министрінің бастамасымен бүгінде ХҚКО принципі бойынша қалалық және аудандық полиция бөлімдерінде 252 «Азаматтарға арналған қабылдаулар» бөлімі жұмыс істейді. Мұнда күніне 6 мыңнан астам адамға қызмет көрсетіледі. Азаматтар осы қабылдау бөлмесінде полиция ғимаратына бармай-ақ өздерін мазалаған мәселелерді шешіп жатады. Алдағы уақытта министрлік осындай қабылдау бөлімдерін барлық полиция бөліністерінде кезең-кезеңмен ашуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ практикаға «Жолдағы қабылдау» атты ай сайынғы кең ауқымды акциялар өткізу енгізілді. Биыл өткізілген осындай акциялар аясында 360 мың азаматқа консультациялық көмек көрсетіліп, 205 мыңнан астам арыз қаралған екен.
– Соңғы сұрақ, елордаға қатысты. Елордада жол жағдайын жақсарту және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты не айтасыз?
– Нұр-Сұлтан қаласы жедел қарқынмен дамып, автомобиль саны өсіп келеді, сондықтан да елордада жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелерін кешенді түрде, оның ішінде жоғары технологияларды қолдана отырып, Жол қозғалысын ұйымдастырудың бірыңғай орталығын құру қажеттілігі туындап отыр. Жол таңбасын пайдалану мерзімін арттыру бойынша талаптарды арттыру қажет. Белгі тәуліктің жарық кезінде және қараңғы уақытында жақсы көрінуі тиіс. Бұл – бірінші кезекте жүргізушілер мен жолаушылардың, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі мәселесі.
– Әңгімеңізге рахмет.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × four =