©2020 Астана Ақшамы
Журналистиканы «жолбикелерден» қызғанамын
Расына жүгінген жөн. Бұл түйінді тақырыптың авторы мен емес. Қаламды серік етуге серттескен, талай өренді өзіне еліктеткен Жанболат Аупбаевтың сөзі. Әріптестеріне берген бір сұхбатында сөз арасында айтып қалыпты. Десе де, қалам ұстаған қауымды қарық қылмаған нарықтық заманда газеттің, тек газеттің ыстық-суығына төзіп, машақаты мен азабына көніп жүрген журналистердің көкейіндегі базына.
Апам айтатын еді: «Ең құрығанда бір кәсіптің құлағын ұстасаң еді, өмірден өз наныңды адал тауып жейтін» деп. Епсіз, болбырлау кейпіме қарап, алаңдаса керек жалғыз ұлының тағдырына. Құлағын ұстаған кәсібімнің «түрі» осы болды. Бірақ, апам қуанды. Шимай-шатпағым басылған газетті сона-а-ау шалғайда жатып, жаздырып алып оқиды… Газеттің сөзін тасқа басылған қасиетті таңбадай қадірлейді.
Менің кәсібімнің мінездемесін Шерағаң (Шерхан Мұртаза) «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп берген ғой. Одан бері де жарты ғасыр өткен болар. Әлі солай… Алайда, бүгінгі «жантақ жеп, алтын арқалағандардың» қатары аз. Дұрысы, аз емес, көп. Көбі алтынның кебегін арқалар, жантаққа жуымайды. Содан кейін де журналистиканың салмағы сын көтермейді.
«…Тоқсаныншы жылдардағы журналистика бабында еді». Бұл – Мейірхан Ақдәулеттің сөзі. Содан бастап қалам ұстағандардың көші шашырады. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі тоқырау руханияттың да тегеурінін тежеді. Журналистиканың отымен кіріп, күлімен шығып жүргендердің де шыдамы таусылғандары бар. Қаламын басқа саланың құралына айырбастағандарды кінәлау тағы артық. Заман солай! Қара нан мен қара суға зарыққан жұрт газетіңді қайтсін?! Ал, сол алмағайып кезеңде мамандығына адалдық танытқандарды «Ердің ері», «Еңбек Ері» десе, ешкім қарсы дауласпас. Өйткені, қаламның қасіреті мен қасиетін зиялы көкірек сезуі тиіс. Ал, Ердің ері, Еңбек Ері арамызда бар.
Тоқсаныншы жылдардан кейінгі тоқырау қазақ руханиятының тегеурінін тежеді дедік. Қалың бұқараның санасын нарық жаулаған. Алайда, жаңа ғасыр экономикамызға серпін әкелді. Есесіне, рухани сананы жаулаған нарықты ыдырата алмады. Газеттің тиражы да, саны да ептеп еселенгенімен, әр шаңырақтың төріндегі «көк жәшікке» телміргендер одан да жиіледі. Жеңіл ойлы жұртты қысқа ойлы, басқа сарынды бағдарламалар легі жетегіне ертті. Көпке топырақ шашты демеңіз. Теріскейдегі бұрынғы қожайынымыздың телешоуын айнытпай қайталаған біздің көгілдір экранда «жолбикелер» жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Олардың тілінің шұбарлығын айтпағанда, мәдениеті мен өнегесінің өзі өріс кеңейтпейтіндей.
Жолбикелер – қатардағы эстрада әншісі бола жүріп, экранда шүлдірлегендер. Жолбикелер – әртіс бола жүріп, әр нәрсеге басын сұқпалайтындар. Жолбикелер – шұрайлы тілі, қазақы болмысы, ұлт қазынасынан ұғымы ада бола тұра, теледидардан жылт етуге асығатындар, шалағай шоуларды шімірікпей әйгілейтіндер немесе жолдан қосылғандар. Сонысына қарамай, қаламның қасиетін ұққан, қасіретін шеккен журналистің несібесіне жармасқандар. Жармаса қалып, шаң қапса жақсы ғой. Көке, жәкесі көп жолбикелер «алтын арқалап, жантақ жеген» журналисті шаң қаптырады.
Содан кейін, журналистиканы жолбикелерден қызғанамын.
Асхат РАЙҚҰЛ,
a.raiqul@astana-akshamy.kz