Журналистер Астана шежіресін жазды

0 88

Бас қаланың 20 жылдығына орай «Astana aqshamy» және «Вечерняя Астана» газеттерінде жарияланған материалдар негізінде «Ел жүрегі – елорда шежіресі» және «Сердце мое – Астана» кітаптары жарық көрді.

Жаңа туындылардың тұсаукесер рәсіміне елорда тарихының қалыптасуына үлес қосқан қайраткерлер, қалалық мекемелердің басшылары, депутаттар және әртістер қатысты. Жиынды ашқан Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев:

– Кітапта қос газет тілшілерінің Астана жайлы мақалалары мен фоторепортаждары бар. Онда жас қаланың 20 жылдағы кескін-келбеті, елордада өткен айтулы шаралар және қала өміріндегі жаңалықтар жинақталған. Бұл кітапты біздің Астананың шежіресі деуге болады. Осыған жанын беріп, белсене атсалысқан барлық авторларға Астана қаласы әкімдігі атынан алғысымды айтамын, – деді.

Әрқайсысы 332 беттен тұратын кітаптарға шамамен 500-ге жуық мақала мен фотосурет кірістірілген. Журналистер «Astana aqshamy» және «Вечерняя Астана» газеттерінің 1998 жылдан бергі әр нөмірін қарап, осы газеттерде бұрын жұмыс істеген әріптестерімен, қала құрылыcына қатысы болған азаматтармен сөйлесіп, ақпарат жинап, жарты жыл бойы өнімді жұмыс істеген.

Қос газеттің редакцияларын біріктіретін «Elorda Aqparat» серіктестігінің директоры Қайсар Жұмабайұлының айтуынша, кітаптар алдағы уақытта қаланың барлық кітапханаларына тегін таратылады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 − six =