Журналист болып қалыптастым

0 70

«Астана ақшамы» газеті редакциясының табалдырығын 1998 жылы аздап тартыншақтап басқаным анық. Ол кезде Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің студенті едім. Редакция Желтоқсан көшесіндегі бұрынғы балабақша үйінде орналасқан болатын.

Екінші қабатқа көтеріліп келе жатып, бір апайдың айқайлап сөйлеп жатқанын естіп, тіпті зәреміз ұшты. Қасымда осы газетке кейін 15 жыл еңбек сіңірген Қымбат Тоқтамұрат бар. Себебі біз азуын айға білеген «мен атайын, сен тұр» журналист аға-апалардың қасында сарыауыз балапан едік. Сол кезде «Ақшамның» беделі үстем, оқырман асыға күтіп, іздеп оқитын газет еді. Әр нөмірінде басты ащы шындықты айқайлатып беріп, тұздығын салуды оқырман еншісіне қалдыратын небір мақалалар шығып жататын. Содан не керек, тәжірибеден өтуге келген мені бас редактордың бірінші орынбасары Талғат Батырхан жаңағы дауыстап жатқан апайға ертіп келді. Ол кісі хат бөлімінің меңгерушісі Өріс Яшүкір­қызы екен. Апайға күніне ондаған десем өтірік болмас, қарт кісілер келеді, олар­дың арасында көзі кеміс тартқан немесе естуі нашарлаған қариялар да бар. Біз солардың біріне естіртіп қатты сөйлеп жатқанының үстінен түсіппіз.
Иә, ол кезде «Ақшамда» тірлік қыз-қыз қайнап жататын. Сапырылысқан жұрт. Бірі шатпақтап жазған жазуы бар бір жапырақ қаға­зын ұстап кіріп келе жатса, енді бірі мақаласы шыққан газетін ұстап, алғысын жау­дырып, мәз-мейрам боп кетіп бара жатады. Телефонға да дамыл жоқ. Кейін оқуымды бітіріп, дипломды журналист ретінде қалалық газетке жұмысқа тұру бақыты маған да бұйырды. Ақпарат, экономика бөлімдерінде біліктілігімді шыңдадым, әлеуметтік мәселе, медицина, экономика, құрылыс, өндіріс, тіпті спорт тақырыптарында да мақала жазып, қаламымды ұштадым. Сан салалы тақырыпты қозғайтын газетте жүріп наркодиспансер, тубдиспансер керек пе, балалар үйі, үлкен құрылыс алаңдары, шет аймақ, тағысын тағы жерлерді аралап, қиындығы мен қызығы қатар тілшілік өмірдің «дәмін» таттым, журналист болып қалыптастым.
Әзілдеп жүріп мақала тақырыбын тартымды етіп қоятын Талғат Батырхан, спорт десе делебесі қозып, сағаттап сыр шертуге дайын Ғалым Қожабеков, экономикалық тақырыптың жілігін шағып беретін марқұм Ерғазы Әсембекұлы, «ботам» деп сызылып отырып орыс-қазағыңның тамырын дөп басып, керек ақпаратты еш қиналмай алатын Айтқадыр Тілеуов, аз сөйлеп, көп іс тындыратын Төлеубай Ілдебаев сынды ағалармен, әсіресе, соңғы бетке сенбі сайын беріліп тұратын «Бояусыз өмір» айдарымен шығатын журналистің әдеби шығармашылығын әдемі коллажбен әсемдеп, әрлей түсетін жауапты хатшы Амангелді Қияс, қашанда кісінің көңілін қалдырмау­ға тырысып бағатын оның орынбасары Әдебиет Жұманмен кезінде жұмыс істеп, әріптес болғанымды ерекше сағынышпен еске аламын. Қымбат Тоқ­тамұрат, Лаура Мүсірова сияқты бір топта оқыған құрбыларыммен кейін әріптестік өміріміз де жалғасып, Төлен Тілеубай, Ерлібай Қадырбай, Еренға­йып Қуатайұлы, Дастан Кенжалин сияқты жалындаған жас журналистермен жұмыс істеудің өзі бір ғанибет еді. Біз бір атаның баласындай тату едік, жұмыстан кейін бірге театрға, концерттерге баратынбыз, одан шығып өзімізше қойылымдарды талқылаймыз, домбыра, гитарамен ән айтып, көңілді отырыстар жасайтынбыз. Қазір бір кездері үзеңгілес болған қыз-жігіттер журналистика саласында болғанмен, әртүрлі арнада еңбек көрігін қыздырып жатыр. Бірі – «Егеменде», енді бірі – «Айқында», басқа да газеттерде, телеарналарда жүр. Өзім салалық «Қазақстан теміржолшысы» газетіндемін. Біздің бәрімізді байланыстыратын ортақ нәрсе – ол бізді бала бүркіттен қанаты қатқан қыранға айналдырып ұшырған «Астана ақшамы» газеті. Биыл күзде республика және елорда тұрғындарының сүйікті газетіне айналып жүргеніне 30 жыл толады екен. Әріптес­терімді, сондай-ақ газеттің қазіргі ұжымын осы мерейлі белесімен құттықтап, оқыр­мандарыңыз көп болсын, жазарларыңыз оқылымды болсын демекпін!

Сұлугүл БАКЕСОВА,
журналист

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 18 =