Жүректі тербейтін дүниелер көбейсе…

0 72

Жақында Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, белгілі театр және кино режиссері Талғат Теменовтің әлеуметтік желіде жуырда ғана тағайындалған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваға «Абайға емес, Аидаға хат жаздым» деген ой-толғанысы жарияланды. Бұл хат оқырмандар арасында біраз пікір туғызды. Сондықтан танымал тұлғаның телевидение саласындағы өзекті мәселелерді қозғап, оны жан шырылымен жеткізуі түсінікті. Бұл хатқа қазіргі Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары, оған дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрі болған Дәурен Абаев жауап беріпті. Екеуінің де мақсат-мүддесі бір – елге, руханиятқа қызмет ету. Сондықтан жанашырлықпен жазылған дүниені жылы қабылдап, екі азаматтың ой-пікірін газетке ықшамдап беріп отырмыз.Шын мәнінде ұлт руханиятында телевидениенің алатын орны бөлек. Былайша айтқанда, ол – идеология. Өйткені сол теледидардан көрген әр дүние біздің санамызға судай сіңіп жатыр. Сондықтан оған бей-жай қарай алмайсыз. Режиссер осы салада қордаланып қалған мәселеге тереңірек тоқталып, тарқатады.
– Бүгінгі күнде саны бар, сапасы жоқ телеарна­лар қаптап кетті. Осы мына карантин басталғалы қарап отырсам, қойыл­ған киноларымыз бар, музы­ка­лық бағдарламалар, әзіл-сықақтардың бар­лығын қарап отырып менің көзім жеткені, Қазақ арналары ең алдымен музыкалық жеңіл-желпіге құрылған арна болса, одан кейін «әзіл-сықақ» бағдарламаларға құрылған дүние екен. Өкінішке қарай, осы 2 айдың ішінде мен бірде-бір каналдан терең, тарихи мағлұмат алатын, адамның санасына да, жүрегіне де тиетін ғылыми болмаса бала-шағаңмен ұялмай еркін көретін бірде-бір арна таппадым, – дейді ол.
Бұған Президент Әкім­шілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев хат иесіне ортақ іске алаңдаушылық танытқанына алғысын айта отырып жауап береді.
Қазір «рейтинг» деген сөзді жиі айтамыз. Ұлттық арнада «Келбет», «Сөнбес сәуле» деген ел ардақтыларын ұлықтаған бағдарлама болып еді. Соны қызығып көруші едік. Кейін осы бағдарлама «рейтинг» болмағаннан кейін жабылып қалды деп естідік. Режиссер қазіргі телевидениенің өзекті проблемасының бірі «рейтинг» мәселесіне де тоқталады. Бұл жайында ол рейтингтің халыққа емес жарнама беретін жекеменшік компаниялар мен телеарналардың басшыларына қажет екендігін айтады. Ұлтқа қызмет ету бір басқа, рейтинг жинау бір басқа деп күйінеді.
Дәурен Әскербекұлы рейтинг мәселесіне байланысты қоғамда екіұдай пікір бар екенін айтып, қазір көрерменнің қолында пульт бар, қандай бағдарлама тартымды болса, соған ауыса салатынын мысалға келтіреді.
– Барлығы көрерменнің талғамы мен қызы­ғушылығына байланысты. Әзіл-сықақ, музыка, тағы да басқа хабарлардың да өз аудиториясы бар. Елімізде 2017 жылдан бастап цифр­лық телевидениеге көшу басталғанын білесіз. Оны 2022 жылға дейін бітіруді жоспарлап отырмыз. Соның нәтижесінде шалғай ауылдардағы ағайын қазіргідей 2-3 емес, ең кемінде 15 телеарна көретін болады. Яғни нағыз бәсеке сол кезде туындайды. Басқаша айтқанда, қоғам тынысын дөп басып, көпшілікке ұнаған бағдарламалар жалғаса береді, көшке ілесе алмағаны қалады. Әрине, отандық арналар сапалы контент ұсынуы керек. Бұл – даусыз. Бірақ контент әртүрлі болуға тиіс, – деп ойын білдірген.
Сонымен бірге Талғат Теменов телеарнада күн сайын көрсететін кинолар туралы, оның ішіндегі түрік, үнді, кәріс фильмдері жайында айта келіп: «Телеарна басшылары Еуропа мен Американың ең озық фильмдерін сатып алып көрсетуге келгенде қаржы аяйды, өйткені түріктің, кәрістің, үндінің арзан киноларын прокаттау әлдеқайда оңай әрі жеңіл. Енді мұның артында қандай «батпан құйрықтың» жатқанын бағамдап көрейік. Үнді фильмдеріне біздің жастарымыз тез ұйиды.. Осы карантин кезінде мен тікелей эфирде онлайн сұхбат бердім. Сондағы маған көпшіліктің сұрақтарының ішіндегі бірнеше қайтара қойғаны Қазақстан телеарнасындағы мен түсірген «Судағы із» сериалын неге көрсетпеді деді. Мен осы мәселе бойынша «Қазақстан» арнасының басшыларына телефон соғып олар «Судағы ізді» қарашада көрсеттік, екіншіден сол киноны көрсеткенде біздің рейтинг түсіп кетті» дейді.
Бұл жайында Д.Абаев кино түсіру жанкешті еңбек пен үлкен қаржы қажет ететін ұзақ процесс екенін жеткізіп, тәуелсіздік дәуірінде бұл салаға біраз көңіл бөлініп, соның нәтжесінде едәуір дүниелер жасалғанын тілге тиек етеді.
– Кезінде жылына 1-2 фильм шыққанын жетістік санасақ, қазір ондаған фильм мен сериал шығып жатқанына таңғалмаймыз. Бұған қуану керек деп санаймын. Жазбаңызда айтылған «Сүлеймен Сұлтан» сериалы да тосыннан түсірілген туынды емес. Көп жылдар бойы бәсекенің қазанында қайнап, кәсібиліктің көрігінде қызған дүние. Сол үшін де танымал. Бұйырса, біз де ол деңгейге жетеміз, тіпті асып түсеміз деп сендіргім келеді. Ал жазбада көрсетілген «Судағы із» телехикаясына, оның сапасы мен сериалдар санына қатысты телеарнамен араңызда туындаған дау өзіңізге аян. Бұл сериалды «Қазақстан» арнасы 4 рет көрсеткен, – дейді.
Сонымен бірге Дәурен Әскербекұлы режиссердің жазбасындағы жиырмадан аса рет қайталанған «идео­логия» түсінігі қазір таза күйінде Солтүстік Кореяда сақталғандығын жеткізе келіп: «Басқа елдердің өзіне тән идеологиясы бар. Біздің халық та түрлі идеологияның куәсі болды. Біреуін ұстанды (коммунизм), екінші біреуіне қарсы күресті (фашизм). Алайда тарихтан алған тағылым – біздің жалғыз-ақ ұлттық идеологиямыз бар. Ол – Отанды сүю, Тәуелсіздікті сақтау, қоғамды сапалық тұрғыдан дамыту үшін тынымсыз еңбек ету! Сонда ғана мемлекет өркендейді» деп ой қорытады.
Айтпақшы, кеше Талғат Теменов әлеуметтік желіде Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың берген жауабына ризашы­лығын білдіріп: «Билікте отырған мемлекет қызметкерінің творчество адамына арнаған хаты – бұл үлкен жақсылықтың нышаны. Көктемде келген алғашқы қарлығашты көргендей қуанып қалдым. Сіз маған «пульт» туралы жақсы айттыңыз. Дұрыс делік. Бірақ менікі қолдағы пульт – жолдағы пульт болмаса екен, сол пульт санада, жүректе, тәрбиеде болса екен деймін. Және сол пультті басарда, өзім сүйетін, асыға тосатын біздің каналдарда ұлттық сананы қозғайтын, жүректі тербейтін, тәрбие­лі дүние болса екен деген тілек болатын» деп жазыпты.
Иә, біз де мұны жақсы­лыққа жорып, қуандық. Өйткені көпшіліктің көкейінде жүрген мәселені зиялы азаматтардың осылай ашық айтып, ортаға салып, пікірлескенін парасаттылықтың белгісі деп таныдық.

Дәурен АБАЕВ, Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары:

– Десе де, төл телевидениеміздің 60 жылдан астам тарихында оның шын түлеп, дамыған тұсы егемендік алғаннан кейінгі кезең екеніне ешкімнің дауы жоқ. Мұны мойындау керек. Өзіңізге мәлім, Кеңес уақытында тұтас қазақ тілінде хабар тарататын телеарна түгілі, ана тіліміздегі қарапайым бағдарламаның өзі саусақпен санарлық еді. Ақпарат алудың балама көздері болмаған соң жұртшылық бар-жоғы екі – оның біреуі Мәскеуден тарайтын телеарнаны көруге мәжбүр болатын. Әр қадамды аңдап басатын сол заманда ұлт болашағына алаңдаған зиялылар да аз емес еді. Дегенмен, ел ағалары ақылдаса келе, жалғыз телеарнаның жауапкершілігін Шер-ағаңа сеніп тапсырды. Жалғыз ұлы бар ата-ана баласын қалай аяласа, бүкіл зиялы қауым да жалғыз телеарнаны солай үкілеп, мазмұнының мүлтіксіз болуына атсалысты. Оған елдің әр түкпірінен тек кәсіби мамандар таңдап алынды. Ал қазір, шүкір, мемлекеттік телеарналармен бірге жекеменшік арналар да көптеп ашылды. Журналис­тердің де саны артты. Осы қалың ақпарат нөпірінің ішінде кейде қателік болмай тұрмайтыны да белгілі. Бірақ осындай көптің арасынан шын жүйріктер міндетті түрде суырылып шығады. Яғни саннан сапа туады. Бұл – заңдылық.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 7 =