Жүрекке жол тартқан жоба

0 37

Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ бірлесіп, осындай қысылтаяң шақта ел рухын көтеретін қасиетті өнердің баршаға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында онлайн нұсқада «Карантиндегі жұлдыз» атты жаңа жобаны қолға алды. Жүрекке жылы әсері бар тамаша жобаның шымылдығын Қазақстанның мәдениет қайраткері, әнші Жұбаныш Жексенұлы ашты.Айтулы өнерпаз онлайн нұсқадағы өнер кешін Абай атамыздың «Желсіз түнде жарық ай» әнімен ашып, сайын даладағы түн патшалығының ғажайып көрінісін көз алдымызға әкелді. Жұбаныш концертін интернет желісінде бір мезетте 1783 адам қараған. Сонымен бірге онлайн нұсқадағы тұңғыш концертті Қазақстаннан бөлек Ресей, АҚШ, Түркия, Финляндия, Қытай, Моңғолия, Украина, Польша және т.б. елдерде тұрып жатқан қандастарымыз да тамашалаған. Бұдан кейін аталған жоба аясында Жеңіс Сейдоллаұлы мен Ғаділбек Жаңай да концерт берді.
Сондай-ақ «Қарантиндегі жұлдыз» жобасы шеңберінде Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Рымбаева көргендердің есінен кетпейтін тамаша кеш сыйлады. Жас күнінен өнер аспанынан жұлдыз болып жарқыраған әншінің кеші көктемнің саумал самалымен тыңдармандардың жан-дүниесін жадыратып жіберді. Оның бірде жүректерді нәзік шуаққа бөлейтін, енді бірде елітіп, еліктіріп әкетер әндері көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл жайында Мемлекет басшысы Twitter-дегі парақшасында: «Жезтаңдай әнші, Еңбек Ері Роза Рымбаеваның онлайн концерті – халықтың рухын көтеретін нағыз өнер туындысы. Әлем елдеріне үлгі боларлық дүние. Розаға және барша мәдениет қайраткерлеріне халықпен бірге болып, шығармашылығымен қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтамын. #Birgemiz» деп жазды.
Айта кетейік, бұл жоба жалғаса береді. Алдағы таңда да елдің ықыласына ие болған бірқатар майталмандар өнер көрсетеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × one =