ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ НЕМЕСЕ КЕУДЕНІ ТІЛМЕЙ ОТА ЖАСАУДЫҢ ТЫҢ ТӘСІЛІ

0 256

Қытайда жүргенінде онда адамға қажеттінің бәрі болды. Табысы мол қызмет, үй-жай, қымбат мүлік дегендей. Жас-тайынан ғылымға ден қойған осы азаматпен жақында етене танысудың сәті түсті. Көпшілікпен аралас-құралас болған ол қазақтың қамын ойлап, аспан асты елінен еліміздің бас қаласы Астанаға жол тартқанын екінің бірі біле бермес. Сол жолдың басталуына негіз қалаған дәнекер мен медицина саласы төңірегіндегі ізденісін атап өтеміз.

Бегылан айтқандай, 70-ші жылдың аяғында жүрек-қан тамырларына ота жасау – кеңірдектен кіндік тұсқа таяу аралыққа дейін теріні тілу арқылы іске асырылған. Дененің бір мүшесінен тамыр алып, оны әлгі жарамсыз тамырдың орнына жалғайды. Мұндай тәсіл сол жердің қайта зақымданбауына еш кепілдік бере алмайды. Бегылан осы тұжырымды Қытайда қорғаған өзінің ғылыми жұмысында дәлелдеп шығыпты.

Жақсы жүрек маманы атану үшін кардиолог болу қажет дейді ол. Осы еңбек өтілінен өткен маман ғана жүрек соғысын тап басып айта алады. Университет қабырғасында оқып жүрген жастардың мұны ескергені жөн. Ең кем дегенде бес жыл кардиолог болуы тиіс. Медицинаны дамытуға бағыт алған елдер осыған баса мән береді. Сөйтіп, операция үстеліне үлкен дайындықпен келеді. Мәселен, Бегылан Стамболұлы Үрімжі қаласындағы «Достық» емханасында бес жыл кардиолог болған. Сосын «Бейжің Фу Уай жүрек-қан тамыр орталығында» оқып, әрі интервенциялық кардиолог қызметін атқарады. Негізі, интервенциялық кардиология дегеніміз – кеудені тілмей, тамыр жалғастырмай ота жасау қызметі.

– Расын айтайын, жүрек талмасымен ауыратындардың дені – дене шынықтыру ісін ақсатып алғандар. Жайлы жұмсақ кресло көңіл жұбатқанымен, қан таралу жолын ретке келтіре алмайды. Ал темекі шегу салдарынан артерияның ішкі перделері зақымдалып, қан тамыры тарылады. Осының әсерінен адам жүрек талмасына душар болады. Күйзеліске шалыну, семіздік те адам ағзасының бұзылуына әкеліп соғады.

Жалпы, Елбасымыз өз Жолдауларында денсаулық сақтау мәселесіне баса мән беріп келеді. Бұл дегеніміз, адам құндылығының алғы кезекте тұрғанын, бізге зор жауапкершілік жүктеліп отырғанын айғақтайды. Десек-дағы, жоғарыда меңзеп өткенімдей, бәріміз салауатты өмір салтын ұстануымыз қажет, – дейді Бегылан бізбен әңгімесінде.

Қытайдың Үрімжі қаласында жүрек ақауын анықтайтын маман екі қазақ азаматы болыпты. Бірі – жүректің қалыпты соғуын тексерсе, екіншісі зақымдалған тамырға кергіш (стент) орналастырған. Осы соңғы айтылғанды Бегылан заманауи құрал-жабдықтармен сәтті атқарып келеді. Медицина ғылымының докторы, профессор атанған бұл азаматтың қан тамырының екі жағына кергішті (стент) орнату туралы ғылыми жұмысы кезінде оң бағаланған.

Жалпы, жүрек-қан тамырының зақымдалып, бітелуі А,В,С деген топқа бөлінеді . Соның ішінде В-1-орташа, В-2-ауыр, С тобы өте қауіпті түр ретінде саналады. Ал ұйыған қан қазіргі кезде катетер арқылы анықталады. Бұл катетер адамның денесіне кішігірім із қалдырып енеді де, тамырды бойлап ұйыған қанға тіреледі. Содан кейін зақымдалған тамырды арнайы құралмен тазалап, кергіш (стент) орнатады. Осы процес-тер жүзеге асырылып жатқанда адам ояу жатады.

Енді Үрімжіден Астанаға қалай ат басын бұрды деген сауалға жау­ап берейік. Сол жердегі жүрек-қан тамыр орталығында қызмет істеп жүрген кезінде әлемнің бірқатар елінен келген белді азаматтар Бегылан емінің шипасын сезінеді. Сондай бір сырқатынан айыққан қазақстандық белгілі академик кейіпкерімізге: – Біздің қаражатымыз болғасын саған жеттік. Ал табысы күнделікті ішіп-жеміне әрең жетіп отырған, жанына дауа іздеген жандардың мына Үрімжіңе келуі мұң ғой. Осы қандастарың үшін еліне барып қызмет істегенің жөн. Олар амалсыздан кеуделерін тілгізіп, азаптанып жүр емес пе?, – деп ой тас-тайды. Мазалаған сан сұрақтар ақыры Бегыланды елорда төріне жетеледі. Астанаға келісімен ұлттық ғылыми медициналық орталығының дирек­торы Абай Байгенжинге жолығып, ой бөлісті. Абай Қабатайұлы алыс-тан ат арылтып келіп тұрған азаматқа қолдау білдіріп, 2009 жылы алғаш рет орталықтан интервенциялық кардио­логия бөлімшесін ашып, меңгеруші етіп тағайындады. Және бар жағдайын жа­сап, бөлімшені заманауи жабдықтармен қамтыды. Бегыланның мәлімдеуінше, өткен жылдың өзінде мұнда 1200 адам тексеруден өткен. Соның 500-інің жүрек тамырына кергіш (стент) ор­натылды. Оқырмандар ескере кететін жайт, «тас» күйінде тамырда ұйыған қандарды еріту үшін белгілі бір мерзім керек. Сондықтан стент орнықтыру ісі кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Жақында ол арнайы шақырумен Син­гапур еліне барып келді. Онда жүрек-қан тамырына байланысты дәрігер-ғалымдардың конференциясы өткізілді. Бегылан тамырды теспеудің алдын алу жөнінде әріптестерімен пікір алысты. Сонда байқағаны, оның оқығаны мен іс жүзінде тоқығаны Батыстың озығынан кенже емес. Бүгінде ол бүйрек, мойын тамырларындағы ұйыған қандарды ретке келтіре алады. Көпшілікті ма­залап жүрген туа пайда болған жүрек ақаулары мен жүрек қақпақшаларының зақымдалуын да интервенциялық әдіспен (кеуде қуысын тілмей) емдейді. Осынысы үшін де Абай Қабатайұлы оған қолдау білдірген.

Интервенциялық кардиология бөлімшесінде 20 төсек орын бар. Қазір күніне ең кем дегенде 10 ота жасалады десек, әрине, бұл жатар орын тым аздық етеді. Ауруын асқындырып, ақырғы сәтте келгендерін де кездестіресіз. Қызылорда облысының Әйтеке би кентінен келген 64 жастағы Рахманберген Жұмағанбет 2006 жылы жүрек талма­сына шалдығып, әуелі жергілікті жерде, сосын А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында ем ала­ды. Ол кезде Қазақстанның бірде-бір жерінде интервенциялық кардиология бөлімшесі болмап еді. – Араға алты жыл салып, жүрек қайта сыздады. Бұл жолы дем алуым қатты нашарлады. Үйреншікті ішетін дәріден қайран болмағасын, Астанадағы осы бөлімшеге келдім. Тексеріс нәтижесі, бір тамырдың үзіліп, екіншісінің бітеліп қалғанын дәлелдеп берді. Бегылан ота жасап жатқан сәтін монитордан көріп, онымен жүзбе-жүз тілдестім. Қан ұйыған тамырды таза­лады да, стент орнатты. «Ағасы, сәтті шықты» дегенінде төбем көкке жетті, – дейді ол. 5 күн толғанда орталықтан шығып, туған жеріне бағыт алмақшы. Жағдайы қалыпты. Тыныс алуы ретке келген. 3 айдан кейін тексеруден өтуге келеді. Егер, бәрі ойдағыдай болса, бұл жерге қайта айналып соқпайды. Астана қаласының тұрғындары Дамир Тұқымұлы мен Жанат Балабекұлын да жүрек талмасы мазалайды. – Бұл дерттің орын алуына түрлі әсер етуші факторды санамалап келтіруге болады. Алайда, оның тұқым қуалайтыны жасырын емес. Соның салдарынан інім 40 жасында, қарындасым 55 жасында, ал анам 63 жасында өмірден өтті, – деді Дамир ағамыз. Өзі 2007 жылы кеуде тұсын тілгізіп, жүрек тамырын ауыстыртқан. Дәрігерлердің 10 жыл кепілдік мерзімі 3,5 жыл ішінде сыр берген. Сосын былтыр бар үмітін Бегылан алақанына сеніп тапсырады. Биыл тексерілуге келген екен. Стент орнатылған жер таза және қан айналымы жақсы деген қорытынды алды.

Әлем бойынша жүрек дертіне шалдыққандардың саны жетерлік. Деген­мен, бізде биыл бір күнде он отаның жасалуы – ойлантарлық жағдай. Бе­гылан созылмалы жүрек тамырының бітелуін 93,4 пайызға жақсарта аламын дейді. Неге 100 пайыз емес дейміз біз. Келтірген дәлеліне жүгінсек, техникасы дамыған Жапонияның өзі аталған дертті 95 пайызға сауықтыра алады. Германия болса, 64 пайызды місе тұтып отырған көрінеді. Интервенциялық бөлімше Жапонияның межесіне жетуді жос-парлап отыр. Ол үшін жетіспейтін 3-4 құралды тездетіп алуы шарт.

Адам құндылығы үшін Отанына ат басын бұрған азамат шәкірт тәрбиелеу ісін де ұмыт қалдырмапты. Қостанайдан келген жас маман Болат Қанапия 8 ай бойы Бегыланның қасында жүріп, еліне жаңа істің қыр-сырын меңгеріп қайтты. Мұрат Әлиханов, Марал Исадин де ізденіс үстінде. Күні ертең талайға қуаныш, ерлік те сыйлайтын – осылар. Ерлік демекші, біз осы қаһармандықты от-жалынға кеудесін тосып, адамдар­ды аман алып қалу деп ұғынамыз. Ал өміріне қауіп төніп тұрған жандардың жүрегіне дем беруді ерлікке пара-пар десек, қателесе қоймаспыз. Ендеше, олар күн сайын осындай іспен бетпе-бет келіп жатыр.

ТҮЙІН:

Ғылым жолында қия кетсең, құрдымға кеттім дей бер. Медицина озығын санасына тоқыған, әлгі біз айтқан ғылым тармағына заңды сабақтастырған ақ халатты дәрігер жүрек жылуын ақ адал ниетпен халқына беруде. Кімнің қалай түсінетінін білмеймін. Зақымдалған тамырды өзге тамырмен алмастыру ісі жылдар өте келе тиімсіздігін дәлелдеп берді. Оны жоғарыда Дамир Тұқымұлы да жоққа шығармады. Ал сыр алдырған тамырға стент орнатудың заманауи ірі жетістігін елордамызға алғаш алып келген Бегылан алақаны қандай құрмет болса да лайықты. Өзі үшін халқының пейілінен асқан мәртебе жоқ. Бұл тілекті әкесі және анасы Шайза Мейірбекқызы жастайынан құлағына құйған-ды. Ана сүтімен дарыған асыл қасиеттің текке кетпегенін туған елге келген қадамы айқын дәлелдеп отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 7 =