ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ БӘРІНЕ ЖЕТЕДІ

0 131

«Астаналықтардың мүм­кін­дігі шектеулі жандарға бей-жай қарамай­тындығының бір дәлелін айтайын. Бірде банк алдында сәл кідірдік. Ондағы ойы­мыз, жүргіншілердің қол арбаға таңылғандарды көр­гендегі алғашқы әрекетін бай­қау еді. Бас-аяғы бес минут­тың ішінде төрт адам бұры­лып келіп, біздерге кө­мек­тес­пек ниетін білдірді. Ал осыдан бір­неше жыл бұ­рын ғана «пандус» деген сөз­дің не еке­нін екінің бірі біл­мейтін еді ғой» дейді Аста­на қаласы әкімінің кеңес­шісі, «ДОС» тәуелсіз өмір» орталығының төр­айы­мы Дина Ердилдинова. Статистикалық мәлімет­терге сүйенсек, елордада 18 жастан асқан сегіз жүзге тарта мүмкіндігі шектеулі адам тіркелген екен. Дина Исламқызы олардың қоғамға бейімделуі мен проблемалары туралы әңгімелеп берді. ­– Бәрі де пандустан басталады. Қала ғимараттары­ның құрылы­сын жобала­ған­да мүгедектердің жайын ескеруге тиіспіз. Оны тек­се­ретін әкімдік жанына ар­нау­лы комиссия құрылға­нын естідік…
– Үйлердің алдында немесе кез келген ғимаратқа кіре­бе­рісте орнатылған пан­дус­тар тек қана қол арбалы­лар ғана емес, балалы аналардың арба алып жүруіне қолайлы. Қазіргі күнде аяғы ауыратындар үшін де тепкішекпен емес, пандуспен көтерілген жеңіл. Демек, жұртшылықтың қаже­тіне кәделі нәрсені құрылыс­шылардың қаперге алғаны жөн. Елімізде мүгедектердің құқыларын қамтамасыз етіп, тұрмыс жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шаралар бас қаламызда да жүзеге асырылып жатыр. Мүмкіндіктері шектеулі адамдардың еркін жүріп-тұруына қолайлы ету мақсатында әлеуметтік саладағы нысандарды құжаттау жұмысы қолға алынды. Ол үшін арнаулы­ комис­сия құрылған. Мен сол комиссияның мүшесімін. Мұндай нысандар­ пай­да­ла­нуға берілгенде, оның мүге­дек­тер­ге қолай­лылығына баса назар аударамыз. Қаладағы ғимарат­тар­дың барлығы да көзі көрмейтін және есті­мей­тін­ мүгедектерге қолай­лы деп айтуға болмай­ды. Алайда, арба­мен қозғалатын, тірек-қимыл мүше­лері зақым­данған жан­дар­дың қажетті жерлерге өздігінен баруларына мүм­кін­діктері бар.
– Мұны үлкен жетістік деп айтуға болады ғой?
– Қазір мүгедектердің әлеуметтік жағдайы көп өзгерді. Бұл ретте әкімдік тарапынан үлкен қолдау көрсетілгенін айту керек. Дегенмен, шешілуі тиіс мәселелер шаш-етектен. Атап айтсақ, зағип жандарға жақсы жолсерік, құлағы естімейтіндердің байланысуына қолайлы қалталы телефон дегендей… Қол арба науқастың ыңғайына лайықталып, өлшемі де сай келуі керек. Олардың психологиялық жағдайы, қоғамға бейімделуі, керек десеңіз, ем-домының да күрделі тұстары тағы бар. Мұның бәрін өзіміз атсалысып, тікелей қатысу арқылы шешуімізге тура келеді.
– Мүмкіндігі шектеулі жандардың көбі мемлекетке масыл болмай, жұмыс істеп, жалақы тапқысы келеді. Ондай мүмкіндіктердің шегі қандай?
– Жұмыс берушілер мүгедектерді жұмысқа алуға аса құлықты емес. Олар жұмыс орнын жарақтандыруға кете­тін артық шығынды алға тар­тады. Шындығында, ғима­ратқа кіретін пандус­ болса, есіктің ені мен босағасының биіктігі арба кедергісіз өте­тін­дей­ болып, лифт жұмыс істесе болғаны. Талап бойынша әр мекемеде мүгедектерді жұмыс­қа алуға қарастырылған квота бар. Ал, жұмыскерлердің 50 пайызы мүгедектер болса, онда мекеме қосымша құн салығын төлеуден босатылады. Шетел тәжірибесіне сүйен­сек, ондай мекемелерге мем­лекет тарапынан субсидия бөлінеді.
Біздің тарапымыздан да атқарылатын жұмыстар жетерлік. Жұмыс берушілерге мүмкіндігі шектеулі азаматтар жөнінде нақты мәліметтер базасын дайындап, ұсынғымыз келеді. Мүгедектерге де қолайлы жұмыстардың тізімін жасап, қайта даярлауды қолға алсақ дейміз. Сонда екі жаққа да тиімді ахуал қалыптасады.
– Мүгедектердің ор­таға бейімделуі де оңай емес. Психологиялық кедер­гі­лерден өтудің жолы бар ма?
– Осыдан он жыл бұрын көшеге шыққанда «жұрт маған қалай қарайды?» деп қарадай қысылатын едім. Күтпеген жерден келген кеселден кейін жігерімді қайрау қиынға түсті. Сондай күндерде дәл өзімдей адамды кездестірдім деуге болады. Ол да қоғамдық жұмыстармен айналысады екен. Маған сенді, қолдады, көмек қолын созды. Өмірімнің бағдарын сілтеген осы сәтті есімнен шығармаймын.
Бүгінде кемтар жандар өз қайғысымен оқшауланып қалмайды. Тек біздің қалада бірнеше үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істейді. Мүгедектерді әлеуметтік жағы­нан қолдап, қоғамға бейім­деуде олардың қыз­метінің орны бөлек.
Мен былтыр Жапонияда болдым. Ол елдің мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты басты ұстанымы ұнады. Яғни, керек болсын, болмасын, күніне бір рет далаға шығып, серуендеуге тиіс. Ең бастысы, төрт қабырғада қамалмай, есіктің алдына шықса да, еркіндікті сезінуі керек екен. Бұл, әсіресе, жүріс-тұрысы қиындарға ауадай қажет.
Ең ауыры, өз мүмкіндігіңді көрсете алмау дер едім. Кей жағдайда оны жүзеге асыруға қоғамның да мүмкіндіктері шектеулі. Дегенмен, көз алдымда талайдың өмірі түрленіп, толыққанды өмір сүріп отырғандары бар. Әрине, мүгедектерді қабылдауға көбіміз дайын емеспіз. Бұл осындай жағдайға түсіп қалудан қорқыныштан туындап, сескенуі мүмкін. Алайда, жүрегіңіздегі мейірім мен шуақты ешқандай дерт, апат та алып тастай алмайтынын білуіміз керек. Дүниеде адам жүрегінің қатыгездігінен артық мүгедектік жоқ.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 + 16 =