ЖҮРЕК ТЕРБЕГЕН ТУЫНДЫ

0 142

IMG_1884

Театрдан шығып жатқан көрерменнің қарасы мол. Шат-шадыман күйге бөленген жастар қиқулап, «мысықтай мияулап» барады. «Мысықтай мияулағаны несі?» деп таң қалмаңыз. Бұл 25 қазанда актер Дәурен Серғазиннің режиссер ретіндегі екінші туындысы «Алғашқы махаббат» комедиясының естен кетпес эпизодының бірі еді.

Театрдың сегізінші маусымының ашылуын асыға күткен көрермен қауым үшін Астана қалалық Жастар театрының сахнасында қаламгер  Қанат Жүнісовтің шығармасының қойылуы үлкен жаңалық болды. Қойылымды көрген адам басынан кешкен бал күндеріне, оқушы кезіндегі оралмас сәттеріне қайта сапар шеккендей әсер алары сөзсіз. Жас режиссер Дәурен Сер­ғазин жазушы шығармасын көкірек көзінен, жүректен өткізіп, оған өзгеше бояу, көркем нақыш берген.

Алдымен көңіл аударар образ – Қанат. Ол  шығарманың жүгін арқалап тұр­ған негізгі кейіпкер. Оқушылардың ішіндегі ең бұзақысы сол болғанымен, ақынжанды, жүрегі нәзік, ғашық болған адамы үшін өмірдің қай тосқауылына да қарсы тұратын тәуекелшіл жігіт. Қанат рөлін кейіптеген Нұрлыбек Төлеген өзінің өзгеше ойынымен, ғашық атаулыға тән албырт сезіммен бозөкпе бозбаланың мінезін жақсы ашып берген.  Содан ба, жеңіл комедия көпшілік назарын өзінен алыстатпай, бір ендікте ұстап, сахнаға ұмсындыра  түсті.

Мәдина Май ойнаған Гүлзат бейнесі де қызу дайындықтың жемісі. Бозбала сезімін баурап алатын тылсым күш, жақсы қасиеттермен көмкерілген ажар әйелдің тал бойына тоғысқандай. Дәл осындай сәтті шыққан бейнелерге мектеп директорын (Б.Құсанбаев),  Қайрошты (Е.Тілеукенов), Батырды (Е.Шайкенов) жатқызған жөн болар.

Ал, біз басында айтып өткендей, театр­дан тыныс алып шыққан көрер­меннің көкейінен кетпей, әңгімелеріне арқау болып, кейіпкерін де, көрерменін де «мысықша мияулатқан» келесі бейне – белгілі актер Әділ Ахметов жан бітірген Айбол образы. Сахнаны еркін меңгеріп, елдің ықыласына бө­ленген актер бұл жолы ерекше ше­берлігімен көзге түсті.  Жасыратыны жоқ,  баспасөз беттерінде еміс-еміс Әділ­дің актерлігі  бірсарындылыққа, бірізділікке салынып бара жатқан­ды­ғын, кейіпкерлерінің бірі-біріне ұқсап кететіндігі туралы жазылып та жүрді. Міне, бүгін осы ойларды Әділ жоққа шығарды. Ол образды биік деңгейіне дейін көтере келіп, осындай жағымсыз типтердің жәдігөйлігін жеріне жеткізе бейнеледі. Мысық мияуын келістіре салған Айболдың иненің көзінен өтетін айлакерлігін мойындамасқа әддің жоқ.

Әрине, сахнаға шыққан қандай туынды болмасын, актердің солғын ойнауға қақысы жоқ. Ал, театрға енді еті үйреніп келе жатқан жас орындаушылардың шеберлігін ұштауда немесе олардың рөл жасау сәтіндегі алғырлығын реттеуде бұл қойылым алдағы уақытта өз міндетін толығымен орындайтына сеніміміз мол.

Жан-жақты шығармашылық ізденіс­терін, сан алуан көркемдік бейнелеу тәсілдерін қарастыруда Д.Серғазин режиссурасы өзінің өсу қарқынын еселеп келеді. Оған қойылымның безендірілуі де, әуен сазбен орынды астасып, бимен серпін алуы, көркем туындының түлей түсуіне өз септігін тигізген. «Алғашқы махаббат» – елордалық театр­дың үлкен табысы. Сонымен, актер Дәурен, режиссер Сер­ғазин өнер өріне тағы бір батыл қадам жасады. Ұстаз бен шәкірт арасындағы махаббат тоғыспаса да, өз арнасын тауып, өзгеше шешілді. Ал, мектеп директоры мен ауыл тұрғыны Айболдың мысықша мияулап қала беруі көңілге қонымды финал. Қазақтың әр ауылында тіршілігі тасада қалып, жастық шағы ұрланып, уақыты зымырап өтіп жатқан өмір кейіпкерлері көп-ақ…

Біз жатақханаға жеткен соң да студенттер спектакль туралы ұзақ тол­ғанды.  Жарайсың, Жастар театры!

Мирас ӘБІЛ ,

Қазақ ұлттық Өнер университетінің 4-курс студенті, театртанушы

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + 13 =