ЖҮРЕК СӨЗІ

0 113

x_15903af2

Төрт қабатты сәулетті білім шаңырағының табалдырығын аттамас бұрын кейіпкерімізге қоятын сұрақтарымызды тағы да бір ой елегінен өткізіп алдық. «Шәкірт тәрбиелеуде жиырма жылдан астам тәжірибесі бар, өз мамандығының білгірі. Кешегі нарық алқымнан алып, қиыншылық жан-жақтан қысқанда кәсібіне адалдық танытқан жандардың бірі. Шынында да, еңбегі елге әйгілеуге тұрарлық азамат екен».

Осындай оймен қаладағы №30 мектептің есігін аштық. Іздеген адамымыз – әдебиет пәнінің мұғалімі Еркін Нұрманов еді. «Жолы болар жігіттің…» дегендей, өзі де алдымыздан шықты. Қырықты алқымдаған жігітпен амандық-саулықтан кейін өзі жайында сұрағанымызда әріптестері ол туралы толғана жөнелді.

– Шыны керек, мен өзім туралы айтуға жоқпын. «Мектепте оқыдым, институт бітіріп келіп, шәкірт тәрбиелеп жатырмын» дегеннен артық не айтамын. Одан да мен сізге мені осы мамандыққа баулыған алғашқы ұстазым хақында айтайын. Ол кісі қазір құрметті еңбек демалысында. Соған дейін қырық жыл өмірін жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге арнады. Маған білім нәрін сіңіріп, қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұстаздықты таңдауыма бірден-бір себепші болған адам ол – Нұрділдә Елемесов деген ағай еді, – деп бастады әңгімесін Еркін. – Бәрі де күні кешегідей көз алдымда. Біз оқыған мектеп ауылдың қақ ортасында болатын. Әп дегенде Нұрекең бірнеше бүлдіршінді ертіп жүріп білім ұясының айналасына тал отырғызды. Үзілісті көбіне сол талдардың саялы көлеңкесінде өткізетінбіз.

Бір күні Нұрділдә ағай мектепке қуанып келді. Келген сәтте: «Сүйінші, балалар, сүйінші! Сендер енді жаңа мектепте оқитын боласыңдар. Бөлмелері кең де жарық, барлық жағдай жасалған. Сен, Еркеш, бүгіннен бастап әдебиет үйірмесіне барасың. Сенің көркем әдебиетке қызығушылығың бар екенін мен көптен байқап жүрмін. Жалқаулығың мен еркелігіңді қойып, сабақтан кейін бір-екі сағат үйірмеге қатыс»  деді.

Бірақ, мен қырсыққанда сол күні ағай ұйымдастырған үйірмеге бармай қалдым. Ол ерінбей мені іздеп үйге келді. Маңдайымнан сипап тұрып, жылы сөздеріне орап, алып кетті. Содан бері мен ол кісіге шексіз қарыздар екендігімді сеземін. Аяулы ұстазымды жиі сағынамын. Оның айтқан ағалық ақылдары, жанашырлық сөздері үнемі құлағымда жаңғырады, – дейді өткен күндерге ой жүгіртіп.

Ол есіліп сөйлеп отыр. Ұстаздың ұстаз туралы толғанғанынан артық не бар?! Іштегі сырларын бүкпесіз ақтарады. Студент кезінде мұғалімімен жазысқан хаттарын әлі күнге көздің қарашығындай сақтап жүргендігін айтты.

– Адамдар туған жерден ұзап шықпаса, туған топырақтың, ондағы ыстық жандардың жүрегіне жақын екенін біле бермейді ғой деймін. Туған жерде дүниеге келдің, ер жеттің, сосын әр талы мен әр тасына ғашық көзбен қарап тұрып, қолыңды бұлғап тұңғыш сапарға аттанасың. Содан бастап арман жетегінде кетеді екенсің. Өмірдің тап осындай заңдылығы болғаны қандай жақсы деймін іштей. Үлкен қалада жүріп, ауылды аңсаған кезімде осындай сағыныштар ақыры маған ұстазыма хат жазғызды.

Жүректі тепкілеп, уақыты жетіп жазған хатыма жауап та алдым. «Иә, көп қателік жібердім» деп кешірім сұрапсың. Несіне кешірім сұрайсың. Түсінемін, бәрін балалықпен істедің. Ондай балалық кімнің басында болмайды?! Қайта барлығын да  уақытында түзедің ғой» депті хатыма жауабында.

Тағы да көз алдыма өткен күндер оралады. Сегізінші сыныпты бітірген жылы ауылдас балалармен бірге кәсіптік-техникалық училищеге бармақ болып құжат тапсырдым. Сондағы ойым – тракторшы болу.

  Ертеңіне үйге Нұрділдә ағай келді.

   –  Халің қалай, механизатор? – деп есіктен әзілдей кірді.

   –  Жақсы, ағай, – дедім.

– Жай келгенім жоқ, сенің мектепте оқымаймын дегеніңді естіп, өзіңе ұрсайын деп келдім.

  –  ?

–   Он бестесің. Сынға түсетін шағың. Қазір сен алапат теңіз толқынының жалында жүргеніңді білесің бе? Білмесең, біл. Сан-саққа тартқан алдамшы жолдар көп. Соның арасынан өз соқпағыңды таңдай білу оңай емес. Өмір сені биігіне өзі жетелемейді. Аңғалдығыңды көтермейді. Тракторлық оқудың саған күні қарап қалған жоқ. Одан да мектепті жақсылап тәмамдап, жоғары оқу орнына түс, – деп арқамнан қақты.

Міне, қазір мұғалім болып, шәкірт тәрбиелеп жүргенім сол тұңғыш ұстазым Нұрділдә ағайдың арқасы екенін мен бір сәтте естен шығармаймын. Оған деген жүрек сөзімді осылай жеткізсем деймін, – деп аяқтады ол әңгімесін.

 Кәсіби мерекесі қарсаңында бір ұстаз туралы сыр тарқатпақ болып барып, шәкірттерінің ыстық ықыласына бөленген екінші ұстаз хақында да жылы-жылы сөздерге қанықтық. Барлық мейірімдеріңмен шуақ шашып жүретін адам жанының зергерлері, сіздер жайында қандай марапат айтылса да артықтық етпейді-ау!

Сағи ОРАЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three − 2 =