«ЖҮРЕГІҢНІҢ ТҮБІНЕ ТЕРЕҢ БОЙЛА»

0 9  259

Осы айдар аясында редакцияның хат қоржынына оқырмандар тарапынан сауалдар түсуде. Соның бірқатары №64 мектеп-гимназияның оқушысы Жансая Зейноллинаның төмендегі сұрағымен мағыналас. «Қазақстан-Ресей университеті «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығы арқылы түрлі шаралар ұйымдастырылып, ақынның даналық пәлсапасын жаңа заман жастарына жаңаша жеткізіп жатқаны Абай өлеңдері мен шығар­машылығын тануға өз ықпалын тигізіп отыр. Абай шығармаларын оқу барысында ақын өлеңдері әртүрлі айтылады. Мәселен, «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» өлеңін­дегі төртінші шумақ бірде «Жүрегімнің түбіне терең бойла» деп, бірде «Жүрегіңнің түбіне терең бойла» деп оқылады. Қайсысы дұрыс?»

Оқырман хатына Қазақстан-Ресей универ­ситеті «Абайтану» орталығының директоры Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ жауап береді:

Абайдың «Өлсем орным сыз болмай ма» өлеңі – 1898 жылы жазылған, көңіл-күйге байланысты өзгеше бір ойлы мұңнан туындаған шығарма. «Атамұра» бас­пасынан жарық көрген «Абай» энциклопедиясында бұл өлең төрт тармақты, үш шумақтан тұратын өлең деп беріліпті. 1909 жылғы ақынның тұңғыш жинағында «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» Абай (Ибрагим) Құнанбайұғлының өлеңі, үшінші бөлік, өзі туралы. 39-бет» деп көрсетілген. Абай өлеңдерінің толық жина­ғында бұл өлең жеті шумақты, төрт тармақты түрде жарияланып келеді. Өлеңнің тақырыбы ойшыл адамның, өмірдің өріне жетіп, оның талай қиыр кезеңді жолдарынан өтіп, тірлік сапарын таусарманға келгенде айтқан шерлі сыры.
Бұл өлең туралы Абай­дың немере інісі, ақынның өлеңдерін тұңғыш жинақ­таушы Кәкітай Құнанбаев былай дейді: «…Абай бала жасынан қазақтың тәуір жігіті партияда күшті боламын деп талап қылғаннан басқаны ойламайтұғын уақытта өсті. Сол себепті жазушылықтың өзі де екінші дәрежеде қалып, салақ болып, берірек ұлғайып қираған кезінде өкініш түсіп, жасынан ғылым жолында болмай, қазақтың айғайымен жүргендіктен кешірген өмірі­нің, жазған өлеңінің ретсіз болып яки ғыйбрат алмаққа жарамайтұғын, ақылға сыйымсыз жері болса, кейінгі замандағы сынаушы жастардан өзінің тәрбиесіз, үлгісіз өскен өмірін айтып, надан елдің ішінде неше түрлі маша­қат әурешілікпен бойды ыза кернеп өткен қатам болса аяп, аз сөге көріңдер деп жаз­ғаны». Жазушы Мұхтар Әуезов Абайдың осы өлеңіне ерекше тоқталып, «Бұл өлең­де көп жайдың түйіні бар. Кеше ғана көрген соққының салдары ғана емес, өмірінің ұзын бойын шолып келіп, дәл осы жылда өлімді айтып отырған Абай аса қымбат қасиет табады. Ол келешекпен тілдеседі. Өз халқының кейінгі ұзақ тарихына өлместік із қалдырып отырғанына сенім артады. Өлім жайынан бас-тап, өлместің сырына ауысады» дейді. Данышпан ақын өзі өмір кешкен заманнан басқаша артық заман болатынын болжайды. Сол заманның адамымен сөйлескендей,
Сонда жауап бере алман мен бейшара,
Сіздерге еркін тиер, байқап қара, – дейді.
Ал төртінші шумақтың бастапқы жолында:
…Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыс-тым, кінә қойма – депті.
Бүгінгі ұрпағын өз заманынан ұғымдырақ, ойлырақ, әділетті тыңдаушы деп түсінеді. «Өзіңнің жүрегіңе терең бойлай отырып, менің соқтықпалы, соқпақсыз өмір тірлігімнен өзіңе сабақ ал, мені сөге көрме» дейді. «Сен­дер білмейтін көне күннің адамымын, ол уақытта мені қостайтын қауым өскен жоқ. Сол себепті сандалмамен күн кештім. Заманыма ұғымсыз, мағынасыз болдым» дейді. Осы өлеңнің бастапқы жолы 1909 жылғы Абай өлеңдерінің тұғыш жинағынан бастап, толық  академиялық жинақтарда (1939, 1945, 1954, 196, 1976 жылдар) «Жүрегіңнің түбіне терең бойла» деп басылған. Тек, 1977 жылғы жинақта «Жүрегімнің түбіне терең бойла» деп жарияланған. Ақын сөзінің не себеппен өзгертілгені туралы түсінік берілмеген. Бұл жайында абайтанушы-ғалым Қайым Мұхаметханов та арнайы тоқталған. Кейінгі жылдары Абай өлеңдері жинағын шығарушы баспалар бұл өлеңді 1977 жылғы жарияланған нұсқасы бойынша жарыққа шығарып жүр. Мәселен, «Мек­теп кітапханасы» бас-пасынан шыққан Абайдың «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» атты өлеңі «Жүрегімнің түбіне терең бойла» деп беріліпті. Абай мұрасының халық ой-санасында айрықша орын алуын көздеген тұста, жас ұрпаққа жаппай Абай оқуларын оқу­дан түрлі байқаулар  етек алған тұста Абай өлеңдерін текстологиялық өзгеріссіз жеткізген абзал. Абай мұра­сын танып, білу, ғылыми тұр­ғыдан зерттей отырып, ұлы ақынға деген ұрпақ ойын кес­телеу – алдыңғы буыннан жалғасын тауып келе жатқан дәстүр деп қарасақ, әсіресе, мектеп бағдарламасына ар­налған Абайдың өлеңдер жинағына аса сақ қарап, түп­нұсқамен салыстыра отырып жариялаған дұрыс. Ахмет Байтұрсынұлының «Абай сөздері дүниеде қалғаны – қазаққа зор бақ. Бетін түзеп, жөн сілтеген кісілерге де сілтеген жолды лақпай, тұп-тура тапқан адамға да қазақ балалары талай алғыс берер» дегені келер ұрпақтың жан дүниесін Абай сөзімен тәрбиелеуге негіз болса керек.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + eleven =