Жүрегімізді жүктемейік

0 112

Қазіргі уақытта жүрек-қан тамырлары аурулары дүниежүзі бойынша бірінші орында тұр. Кардиолог мамандардың айтуынша, әйел­дерге қарағанда, ерлер психологиялық күй­зеліске көбірек ұшырап, осы ауруға жиі шал­дығатын көрінеді. Бұл көңілге қонымсыз көр­сет­кіштен Астана да қалыспай тұр.

Аурухананың есігі күндіз-түні жабылмайтын жағдайға жеттік. Тіпті, жедел-жәрдем қызметкерлері бірінен соң бірі із суытпай, науқастарды әзер жеткізіп жататын кездер бар. Әлбетте, мұндай келеңсіз жағдайлардың бәрі адамның денсаулығын қалай күтетініне байланысты. Мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда спортпен айналысатындар аз. Жұрттың көбі көліктен түспейді. Сағаттап компьютер алдында отырудан жалықпайды. Мұның бәрі – ауруға шалдықтыратын факторлар. Өмір бойы денсаулығына мән беретіндердің біраз жасқа келсе де, жүрегі сыр бермеуі мүмкін. Дәрігерлер айтқан кеңесті құлағына қыстырмай, аурухана есігінен шыға салып, ауруын ұмытып кететіндер де бар. Олар көп ұзамай ауруханаға қайтып оралады. Жүрек-қан тамырлары ауруы бүгін емделіп, ертең жазылып, арғы күні шапқылап кететін науқастардың қатарына жатпайтыны белгілі. Бір рет ақау түсті ме, өмір бойы өзіңізді күтімге алып, бақылауда болуға міндеттенесіз.

Аталмыш аурудың басты себептерінің ішінде семіздік, ішімдікке әуестік, темекі тарту сияқты толып жатқан жағымсыз әдеттер жүрек қызметінің бұзылуына әкеп соғады. Оның үстіне жұмыс тәртібінің бұзылуы, бір орында ұзақ уақыт отыру, яғни дене қимылының аздығы, таза ауада аз серуендеу, жаяу жүрмеу де кері әсерін тигізеді. Тұрмыс тауқыметі, әлеуметтік жағдай, жұмыссыздық, баспанасыздық мәселесі де айналып өтпейді. Қысқасы, жүрекке жүк түсіретін себептер жетіп артылады. Өмірдің өкіндірген, құлатқан, сүріндірген, жылатқан, аяушылық танытпаған ащы сәттерін жан дүниесіне жинай беретіндер… Оның бәрі айналып келгенде кардиологиялық орталықтан бір-ақ шығарады екен. Сондай-ақ, көбінесе ұстаздар қауымының жүрегі аурушаң келеді. Олардың қатарында жоғары әрі жауапты қызметтің құлағын ұстағандар да бар. Бір тиыннан қайтсем, екі тиын жасаймын деп жан таласатын кәсіпкерлер де – емханаға жиі бас сұғып тұрады екен. Зейнеткерлердің де жас ерекшелігіне байланысты басы ауырып, балтыры сыздамай тұрмайды. Бұл ауруды болдырмас үшін, ең бірінші артық салмақ жинамау керек. Егер ерлердің белінің өлшемі 102 см, әйелдердің белі 88 см асқан жағдайда, шұғыл түрде артық майдан арылуға күш салу қажет дейді мамандар. Велосипед тепкен пайдалы. Аптасына үш рет 30-40 минуттан спортты серік етсе, жүзіп, футбол, волейбол ойнаса, қан тамырлары қарсылық көрсетпейді. Жүйкеге зақым келтірмеу, ашуланбау, сары уайымға салынбауды да ойлаған жөн. Қан қысымын 140-90 деңгейінде ұстап, қадағалап жүрген артық етпейді. Ал егер мұның бәрін өткізіп алып, кардиолог көмегіне жүгінген болсаңыз, дәрігердің айтқанын бұлжытпай орындаңыз. Денсаулық үшін дер кезінде күресу ешқашан кеш емес. «Аурудың алты мың түрі бар, денсаулық біреу ғана!».

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − fourteen =