ЖҮРЕ БЕРСЕҢ, КӨРЕ БЕРЕСІҢ

0 162

Астана – ел ордасы. Астана – еліміздің айнасы. Ендеше, елордамызға келген қонақтар әсем қала Астана арқылы елімізге баға берері сөзсіз. Ал сол қаламыздың әдемілігінің әрін бұзып тұратын жайттар көңілге кірбің түсіретіні белгілі. Осындай жағдайлар елордада әлі де толастамай келеді. Солардың бірсыпырасына тоқталып өтсек.

 Қалаға кіріп келе жатқан бағыт көрсетушіде Тұран даңғылын – Туран деп бағыттауда.

Бөгенбай батыр даңғылының бойында орналасқан «Сырдария» сауда орталығы атауының «ы» әрпінің жартысы түсіп, «р», «д» әріптерінің сыры көшіп, сауда орталығы «ауда ортал ғы» деп тұрғанына біраз уақыт болды. Ал осыған қарсы беттегі «Электр қозға лтқыштарын жөндеудегі» «о» әрпінің орны ойсырап-ақ тұр.

Мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенов атындағы көше Тәшенов емес, Ташенов болып жазылған. «Жүре берсең, көре бересің» деген рас екен. Осы көшеде астаналықтарды ауа баптағыштармен емес, «аубаптағыштармен» «баптайтындар» бар екен. Жаз бойы «ау баптағандар» әлі де өздерінің қателігін түзер емес.

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жырымы шығып, тозығы жеткен жарна­масында «тығыңдар» деген сөз «тығындар» деп жазылып тұрғанына көп айдың жүзі болды.

Жеңіс даңғылының бойындағы «Астана» қонақ үйінің атауы көрінер-көрінбес болып, қонақ үй – қонақ уй болып қор болуда.

Осы даңғылдағы тағы бір жарнамада кір жуатын үй жабдықтары – ұй жабдықтары болып қате көрсетілген.

Ы.Дүкенұлы көшесіндегі көлік жуу бекеті «көлік жүү» деп қате жазылған.

Қаладағы жарнамаларда жазылған қателіктер көбіне қазақтілді жарна­маларда кездеседі. Сондықтан, алдағы уақытта жарнамаларда қазақ әріптерін өз орнымен жазатын уақыт жетті.

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 2 =