Жұқпалы дерттің жолын кесу керек

0 133

Қытайдағы коронавирустың өршуіне байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпті індеттің елімізге таралуына жол бермеу жөнінде шешуші ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырды. Тапсыр­маға байланысты ҚР Үкімет басшысы Асқар Мамин аталған жұқпалы індеттің Қазақстанда тарауына жол бермеу және оның алдын алу жөнінде арнаулы кеңес өткізді. Кеңестің шешімі бойынша Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен ведомствоаралық комиссия құрылды. Бас қаламыз Нұр-Сұлтанда қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен коронавирустың таралуының алдын алу жөнінде кеңес өтіп, сақтық шаралары жасалды.10 түрлі шара белгіленді

Үкімет кеңесінде Қазақстан аумағында қатерлі вирус таралуының алдын алу және оның таралуына жол бермеуге қатысты 10 түрлі шара белгіленді.
Атап айтқанда, Мемлекеттік шекарадан өткізу бекеттерінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау күшейтілді. ҚХР-дан келген барлық адамдарға тұрғылықты мекенжайы бойынша медициналық бақылау орнату белгіленді. Эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда халыққа көмек көрсететін медициналық ұйымдардың дайындығын қамтамасыз ету жөнінде арнаулы тапсырма берілді. Қытайға қызметтік іс-сапарлар шектелді және азаматтарға жеке жұмыспен немесе саяхаттап Қытайға баруды тоқтату жөнінде үндеу жасалды. ҚХР-дан келетін транзиттік жолаушыларға ҚР аумағына 72 сағаттық визасыз келу режимі де уақытша тоқтатылып, «Қорғас» ШЫХО қазақстандық бөлігінің жұмысы уақытша жабылды. ҚХР-дағы қазақстандық азаматтарға консулдық көмек көрсету жұмыстарын жандандыру жөнінде шешім жасалды.

Қазақстанда жұқпалы індет тіркелген жоқ

Қазірге дейін Қазақстанда инфекция жұқтырғандар тіркелген жоқ. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәлім етті. Алайда іргедегі елде тарап жатқан жұқпалы дертке немқұрайлы қарау­ға болмайтынын ерте ескерген еліміздің денсаулық сақтау мамандары өткен аптада коронавирус байқалған жағдайда оны қалай емдеу, емдеу қызметкерлері індет жұқтырудан қалай сақтануы керектігі жөнінде оқу-жаттығу өткізіп, дайындықтарын пысықтап шықты. Сондай-ақ еліміз коронавирусты зертханалық жағдайда анықтауға мүмкіндік беретін праймерлерді сатып алу жұмысын да бастап кетті.
Қазақстан – Қытай арасында қатынайтын пойыздардың барлық персоналына және жолаушыларына бетперде кию міндеттелді. Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай арасында аптасына бір рет үш жолаушылар пойызы қатынайды. Ал әуе тасымалына келсек, Қытайға әуе тасымалдарын Қазақстан тарапынан «Air Astana» және «SCAT» авиакомпаниялары, Қытай тарапынан «Air China» және «China Southern Airlines «әуе компаниялары орындайды. Барлығы аптасына 34 рейс жасайды, оның ішінде 22 рейсті отандық, 12 рейсті қытайлық компаниялар жүзеге асырады. Жексенбі күні «Air Astana» авиакомпаниясы Қытайдан Қазақстанға туристік топтардың сапарларын орындаудан бас тартты.

Студенттер назардан қағыс қалмайды

Үкімет отырысында Ухань қаласындағы Қазақстан студенттері мен ҚР азаматтарын шұғыл эвакуациялаудың жолын қарастыру да сөз болды. Қазір Қытайда вирус жұқтырғандардың күн сайын көбеюіне және «оба» ошағы болған Ухань қаласы мен оның маңындағы аудан-қалаларда карантин жариялануына байланысты АҚШ, Франция бастаған елдер өз азаматтарын Уханьнан алып шығып кетудің қамын жасап жатыр.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ақпаратынша, Ухань қаласында Қазақстаннан 230 студент оқиды. Қазір олардың 98-і ғана карантин жарияланған қалада қалып отыр. Қалғандары мереке кезінде Қазақстанға және басқа да елдерге кетіп қалған. Қазір еліміздің сырт­қы істер министрлігі бұл мәселе жайында Қытай тарапымен сөйлесіп жатыр.

Жұқпалы дерттің қазіргі жағдайы қалай?

Уханьда жұқпалы вирус таралды деген сыбыс шыққалы 2 айға таяды. Алайда жергілікті билік аурудың алдын алуға дер кезінде ден қоймай, жасырын ұстағандықтан, індет өрішіп, бүкіл Қытайға тарап үлгерді. 27 қаңтар сағат 12-дегі дерек бойынша, коронавирусты жұқтырғандар 2817 адамға жетіп, 81 адам өлген. Бұдан бөлек, 5794 адамға вирус жұқтырған болуы мүмкін деген күмәнді диагноз қойылған. Вирус жұқтырғандардың арасында 9 айлық бала да бар. Пневмонияның бұл түрі АҚШ, Жапония, Франция, Австралия сынды 12 елге тарап, қазірге дейін 39 адам вирус жұқтырғаны анықталды.
Қазір Қытайдағы ауру ошағы карантинделгенімен, жұқпалы дерт әлдеқашан сыртқа жайылып кеткен. Себебі қалада карантин жарияланудан бұрын 5 миллион адам Уханьнан шығып үлгерген. Бұл туралы жексенбі (26 қаңтар) күні өткен баспасөз мәслихатында Ухань қаласының әкімі Жу Чиануаң мәлім етті. Демек, Ухань қаласында карантин жариялаумен жұқпалы дертті тізгіндеу қазірше мүмкін болмай тұр. Осы мәселеге байланысты Ұлыбритания Ланкастер университетінің, Глазго университетінің және АҚШ Флорида университетінің вирус зерттеумен айналысатын мамандары Уханьдағы «оба» кемінде 250 мың адамға жұғуы мүмкін деген тұспал айтуда.
Коронавирустың бұл жаңа түрі неден тарайтыны жайлы әлі анық ақпарат жоқ. Десе де, бұл індеттің жабайы хайуанаттардан, өрмелегіш, кеміргіш жәндіктерден жұққан болуы мүмкін деген күмән күшейіп тұр. Осы жағдайға байланысты Қытай жексенбі күні жабайы жануарлар саудасына жаппай тыйым салатынын жариялады. «Уханьдағы вирус қаладағы вирус зерттейтін орталықтан ауаға тарап, одан соң адамдарға жұққан» деген қауесет те бар. Себебі 2018 жылы аталған қалада биологиялық зерттеумен айналысатын Р4 зертханасы құрылған болатын. Қытай ұлттық денсаулық сақтау комитетінің басшысы Ма Чияууи жақында эпидемияның аса ауыр және күрделі кезеңі басталғанын, жаңа коронавирустың таралғыштығы күшейіп, адам бойында тіршілік етуге бейімделгенін, инфекцияның ошағы әлі анықталмағанын мәлімдеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды