©2020 Астана Ақшамы
ЖҰМЫСЫ ЖОҚ, ҮЙІ ЖОҚ АДАМ ҚАЙТІП КҮН КӨРЕР?…
Орталық базардың маңы. Екі-үш қабатты ескі ғимараттар. Ресми атауы – Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы. Аты айтып тұрғандай, орталыққа біздің санамызға «БОМЖ» деген ныспымен сіңіп қалған кезбелер, қаңғыбастар, баспанасыздар жеткізіледі…
Журналистік сапарымыз осы мекенде жалғасты…
Әлеуметтік патруль «БОМЖ-дарды» әкеледі
Көзге жұпыны шалынған үш ғимараттың алғашқысының іргетасы қаланғанына жарты ғасырдан асып кетіпті. Кейінгі екеуінің өзіне қырық жылдың жүзі болған. Мұнда негізінен белгілі тұрағы, баспанасы жоқ, нақты кәсіптен, қаржыдан ада жандар қоныс тепкен. Мекеменің басты міндеті – кемі бір айдың, ары кеткенде бір жылдың ішінде әлгі адамдарға әлеуметтік, медициналық және басқа да көмектер көрсету. Сонымен қатар, бас қаладағы криминогендік жағдайды жақсарту, санитарлық-эпидемиологиялық, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету.
Көкейде сауал көп-ті… Бірсыпырасына орталық директоры Мұрат Кариев жауап берді: «Есігімізді он екі жыл бұрын аштық. Жүз сексен адамға дейін қабылдай аламыз. Түнгі келушілер бөлімінде елу орын бар» дейді ол. Яғни, мұнда түнгі қабылдау бөлімі мен әлеуметтік патруль мобильдік қызметі қоса жұмыс істейді. Мұрат Хасенұлының айтуынша, әлеуметтік патруль арнайы көлікпен қаланың ішін, вокзал маңын, орталық, шеткері көшелерді күнделікті аралап, үйсіз-күйсіз жандарды орталыққа жеткізеді. Одан кейінгі операция белгілі: олардың денсаулығы тексеріледі, құжаттары қалпына келтіріледі, қажет болса, тиісті орындарға, еліміздің басқа өңірлерінен болса, тұрғылықты жерлеріне қайтарылады…
Құдай мұнда күніңді түсірмесін
Айта кетерлігі, баспанасы жоқ, кезбе, қаңғыбастарды қабылдау жиырма төрт сағат бойына жүзеге асады. Әлеуметтік патрульдің күнделікті рейдтерді жаз мезгілінде кешкі сағат 21.00-ден таңғы 9.00-ге дейін, қыс мезгілінде 18.00-ден 10.00-ге дейін жүргізеді. Ішкі істер органдарынан, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан, емханалардан, бас бостандығынан айыру мекемелерінен де жеткізілетіндер баршылық. Орталық ұжымы тиісті мекемелермен тығыз қарым-қатынаста.
«Біздің қызметті пайдаланушылардың жасы кәмелетке толған болуы керек. Оларға сексен бір қызметкеріміз барынша жағдай жасайды. Оның ішінде сегізі мобильдік қызметте, оны түнгі бөлімде» деп, мұндағы көрсетілетін қызметтерді тізбеледі директордың әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Айнұр Аркенова.
Әлбетте, насихаттайтын, көпті шақыратын «алтынды жер» емес, лайым, бұл орталыққа ешкімнің күнін түсірмесін Құдай. Десе де, айта кеткен жөн, Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығында психолог, заңгер кеңестері, дәрігер, шаштараз, кітапхана қызметтері көрсетіледі.
Кезбелердің көбісі – басқа өңірден келгендер
Нақты сандарға жүгініп көрелік. 2012 жылы түнгі қабылдау бөліміне жеткізілген 1964 адамның 137-сі әрі қарай арнайы әлеуметтік қызмет алу үшін осында тұрақтапты. Әлеуметтік патруль мобильді қызметі 150 рейд ұйымдастырып, 160 қаңғыбас әкелінген.
Өткен жылы әлеуметтік бейімделу және оңалтудан 1283 адам өтіпті. Оның 360-ы мекеменің табалдырығын бірінші мәрте аттаған. Ал, 923 адам бірнеше рет бас сұққан. 91 азамат бұрын сотталған көрінеді. Ең қынжылтатыны, өмірден орнын таппай, сандалып жүргендердің жүз елуге жуығы отыз жасқа дейінгі жастар болған. 402-сі – қырықтың қырқасына жақындағандар.
«Әйел – өмірдің шамшырағы» деп әспеттесек те, өткен жылы орталыққа 231 бұрымды түскен. Тағдырларының тұзы жеңіл болды ма, кім білсін?.. Нәзік жандылардың елу үші отыз жасқа дейінгілерден құралған.
Орайы келгенде тілге тиек еткен абзал, мекеменің қызметін пайдаланушылардың көбісі басқа өңірлерден: Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан. Мұны Мұрат Хасенұлы былай түсіндіреді: «Өзге облыстардың, қалалардың азаматтары Астанаға түрлі себептермен келіп, қайта алмай қалғандар. Түрлі себептермен адам аяйтындай күйге түскендер. Біреу құжаттарын жоғалтып алады, біреу қаражатсыз қалады, біреу ішкілікке салынып кетеді. Біз оларға барынша жәрдем көрсетуге тырысамыз».
Күн сайын үш адам келеді
…Орталықтың бөлмелерін аралап жүрміз. Директордың орынбасары Айнұр Нұрдәулетқызы жол-жөнекей тыныс-тіршіліктерін баяндап келеді: «Өткен жылы Белоруссияның, Ресейдің, Қырғызстанның бір-бір азаматын, Өзбекстанның төрт азаматын елдеріне жөнелттік. Әрқайсысының тағдыры әр қилы, Астанаға әр түрлі жолмен келген. Мәселен, қырғызстандық бауырымыз Тараздағы туыстарын іздеп шығып, адасып, ол екі ортада құжаттарын қолды қылып, осы жақтан бір-ақ шыққан. Ұлттық «Қызыл жарты ай» қоғамдық ұйымның көмегімен ол елдің елшілігіне хабарласып, мән-жайды айтып, құжаттарын қайта рәсімдеп, шығарып салдық».
Айнұр Нұрдәулетқызының сөзіне сенсек, мекемедегі қызмет алушылардың саны әр күн сайын екі жүзден кемімейді. Әлеуметтік патруль қызметі әр күн сайын үш адамды жеткізеді.
Сарыарқаның алты ай жатып алатын қаһарлы қысы бар. Орталықтағы мамандардың айтуынша, осы мезгілде мекеменің жұмысы да қыза түседі. Адуынды аяз, әсіресе, белгілі тұрағы жоқтарға қиын. Қыс күшіне мінгенде орталыққа он-он үш адамға дейін келеді. Аяқ-қолын үсітіп алатындар да аз емес.
…Жасы жетпісті алқымдап қалған қария назарымызды аударды. Бүкшеңдеп, әлдене істеп жүр. Жанына таяп, әңгімеге тартқан болдық. Есімі – Болат, тегі – Неғыметов. «Е-е, қарақтарым, менен несін сұрайсыңдар? – дейді. – Алпыстың алтауына шықтым. Ұйыған отбасым бар еді. Қарғыс атқыр 1993 жылы ғой. Кемпірім, ұлым, қызым, яғни, ең жақындарым, жанашырларым көлік апатынан қайтыс болды.
Сосын… арада жылдар өтті. Сандалып Астанаға келдім. Әркімге жалшы болдым. Адаптация дегенді ол кезде білмеймін. 2009 жылы бір кісілер көп жұмыс істетіп, ақырында алдап, ақшамды бермеді. Амалым құрып, ішкі істер қызметкерлеріне барып, жағдайымды, жай-күйімді айттым. Олар осында алып келді. Бұл жақтан Петропавлдағы бейімдеу орталығына жіберді. Онда жағдайымыз мәз болған жоқ. Ішіп-жеміміз де қиындап кетті. Мұнда қайта жақсы ғой, тамақ мол. Содан кейін қайтадан Астанаға қаштым. Мұнда тағы да алаяқтарға ұрынып, барлық құжаттарымнан айырылдым. Сол жолы денсаулығымды да құрттым. Пәлен деген алыс жерде ауыр жұмысқа салды ғой, жаяу, жалғыз осында келдім…» Қария әлі де мақсатсыз емес, «Енді осы мекеме құжаттарымды реттеп берсе, арқа сипайтын бір кемпір тауып, жұмыс істеймін» дейді.
Қандастарымыздың қатары бірен-саран
Аралап келеміз. Асхана. Кілең жұпыны киімді кісілер. Арагідік әлгіндегідей қариялар да бар. Қалт-құлт етіп, тамақтарын үстелдеріне әкеледі, қолдары дірілдеп қасықтарын ауыздарына апарады… «Егде тартқандардың ертеңі не болар екен» деген ой мазалайды. Бұларды кім жұмысқа алады, қай туысы қамқорлық танытады?.. Беймәлім. Әйтеуір, қандастарымыздың қатары бірен-саран екені қуантады.Мынау шаштараз…
Мерекелік шаралар өткізу үшін музыкалық құралдармен жабдықталған мәжіліс залы…
Кішігірім бөлмеге орын тепкен кітапхана. Өкініштісі, қордағы кітаптардың санаулысы ғана қазақ тілінде. Көңілге медеті, «Қазақ әдебиеті», «Айқын», «Ана тілі», «Астана ақшамы» сынды қазақ мерзімді басылымдарының тігіндісі бар. Оқырмандар да жоқ емес. Кітапханашы Анар Танабаеваның айтуынша, күн сайын сегіз-он оқырман бас сұғады екен мұнда.
Теледидар көруге арналған бірнеше орын бар.
Психологиялық жеңілдететін сенсорлы бөлме мынау. Психолог Ғалия Жәминова қызмет алушылармен қалай сөйлесетінін, психологиялық ахуалын қалай қалпына келтіруге тырысатынын әңгімеледі. «Мен мұнда келгендердің адам қатарына қосылып, дұрыс өмір сүріп кетуі психолог маманына байланысты екенін жақсы түйсінем. Сондықтан, алдыма келген адаммен мойнымдағы жауапкершілікті сезіне отырып сөйлесемін. Түрлі жолдармен өткен өмірін айтқызып, бойларын жеңілдетіп, жаңаша тіршілік бастауға серпін бергім келеді. Бойларындағы әлсіздікті жеңуге қол ұшын созсам деймін. Және көбіне осы мұратымның үдесінен шығатыныма қуанамын» дейді ол. Ғалия Кеңесбайқызы мекемеге келушілердің көпшілігі ішкілікке салынғанын, құжаттарын жоғалтқанын айтады.
«Тағдыр деген бір-біріне ұқсай бермейді ғой. Осы мекенде танысып, табысып, шаңырақ көтергендер де бар. Осы жерден шығып, отбасымен қайта қауышқандар да көп. Олардың болашаққа деген сенімдерін, жігерлерін көргенде қуанып қаламыз. Ал, кейде керісінше, осы орталыққа екінші, үшінші, тіпті, төртінші мәрте келетіндер бар…» дейді психолог.
P.S. «БОМЖ-дардың» баспанасы, қамқоршысы болған жақсы. Бірақ, қоғамда сол «БОМЖ-дардың» болмағаны одан да жақсы ғой.
Асхат РАЙҚҰЛ