ЖҰМЫСЫ ЖОҚ, ҮЙІ ЖОҚ АДАМ ҚАЙТІП КҮН КӨРЕР?…

0 110

Орталық базардың маңы. Екі-үш қабатты ескі ғимараттар. Ресми атауы – Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы. Аты айтып тұрғандай, орталыққа біздің санамызға «БОМЖ» деген ныспымен сіңіп қалған кезбелер, қаңғыбастар, баспанасыздар жеткізіледі…
Журналистік сапарымыз осы мекенде жалғасты…

Әлеуметтік патруль «БОМЖ-дарды» әкеледі

Көзге жұпыны шалынған үш ғима­раттың алғашқысының іргетасы қаланғанына жарты ғасырдан асып кетіпті. Кейінгі екеуінің өзіне қы­рық жылдың жүзі болған. Мұнда негі­зінен белгілі тұрағы, баспанасы жоқ, нақты кәсіптен, қаржыдан ада жан­дар қоныс тепкен. Мекеменің басты міндеті – кемі бір айдың, ары кеткенде бір жылдың ішінде әлгі адамдарға әлеуметтік, медициналық жә­не басқа да көмектер көрсету. Со­­ны­­мен қатар, бас қаладағы кри­ми­­­но­гендік жағдайды жақсарту, са­ни­­тар­лық-эпидемиологиялық, қо­ғам­­дық тәр­­тіпті қамтамасыз ету.

Көкейде сауал көп-ті… Бірсы­пы­ра­сына орталық директоры Мұрат Кариев жауап берді: «Есігімізді он екі жыл бұрын аштық. Жүз сексен адамға дейін қабылдай аламыз. Түн­гі келушілер бөлімінде елу орын бар» дейді ол. Яғни, мұнда түнгі қа­былдау бөлімі мен әлеуметтік пат­руль мобильдік қызметі қоса жұмыс істейді. Мұрат Хасенұлының айтуынша, әлеуметтік патруль арнайы көлікпен қаланың ішін, вокзал ма­ңын, орталық, шеткері көшелерді күн­делікті аралап, үйсіз-күйсіз жандарды орталыққа жеткізеді. Одан кейінгі операция белгілі: олардың денсаулығы тексеріледі, құжаттары қалпына келтіріледі, қажет болса, тиісті орындарға, еліміздің басқа өңірлерінен болса, тұрғылықты жерлеріне қайтарылады…

Құдай мұнда күніңді түсірмесін

Айта кетерлігі, баспанасы жоқ, кезбе, қаңғыбастарды қабылдау жиырма төрт сағат бойына жүзеге асады. Әлеуметтік патрульдің күнделікті рейдтерді жаз мезгілінде кешкі сағат 21.00-ден таңғы 9.00-ге дейін, қыс мезгілінде 18.00-ден 10.00-ге дейін жүргізеді. Ішкі істер органдарынан, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдар­лама­лар басқармасынан, емханалардан, бас бостандығынан айыру меке­ме­лерінен де жеткізілетіндер баршы­лық. Орталық ұжымы тиісті меке­ме­лермен тығыз қарым-қатынаста.

«Біздің қыз­мет­ті пайда­­ла­нушы­лардың жа­сы кәмелет­ке толған болуы керек. Олар­­ға сексен бір қыз­­­мет­ке­рі­міз ба­рынша жағ­­дай жасайды. Оның ішінде сегізі мобильдік қыз­метте, оны түнгі бөлімде» деп, мұндағы көр­сетілетін қыз­мет­терді тіз­­бе­ле­ді ди­рек­тордың әлеу­мет­тік мә­се­ле­лер жөніндегі орынбасары Айнұр Аркенова.

Әлбетте, насихаттайтын, көпті ша­қы­ратын «алтынды жер» емес, лайым, бұл орталыққа ешкімнің кү­нін тү­сір­месін Құдай. Десе де, айта кет­кен жөн, Белгілі тұрағы жоқ адам­дарға арналған әлеуметтік бейім­деу орталығында психолог, заңгер кеңестері, дәрігер, шаш­та­раз, кітапхана қызметтері көрсе­тіледі.

Кезбелердің көбісі – басқа өңірден келгендер

Нақты сандарға жүгініп көрелік. 2012 жылы түнгі қабылдау бөліміне жеткізілген 1964 адамның 137-сі әрі қарай арнайы әлеуметтік қызмет алу үшін осында тұрақтап­ты. Әлеуметтік патруль мобиль­ді қызметі 150 рейд ұйымдас­тырып, 160 қаңғыбас әкелінген.

Өткен жылы әлеуметтік бейім­де­лу және оңалтудан 1283 адам өтіп­ті. Оның 360-ы мекеменің табал­ды­рығын бірінші мәрте аттаған. Ал, 923 адам бірнеше рет бас сұққан. 91 азамат бұрын сотталған көрінеді. Ең қынжылтатыны, өмірден орнын таппай, сандалып жүргендердің жүз елуге жуығы отыз жасқа дейінгі жастар болған. 402-сі – қырықтың қырқасына жақындағандар.

«Әйел – өмірдің шамшырағы» деп әспеттесек те, өткен жылы ор­та­лыққа 231 бұрымды түскен. Тағ­дыр­ларының тұзы жеңіл болды ма, кім білсін?.. Нәзік жандылардың елу үші отыз жасқа дейінгілерден құралған.

Орайы келгенде тілге тиек еткен абзал, мекеменің қызметін пай­да­ланушылардың көбісі басқа өңір­лерден: Ақмола, Қостанай, Қара­ғанды, Павлодар, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан. Мұны Мұрат Хасенұлы былай түсіндіреді: «Өзге облыстардың, қалалардың азаматтары Астанаға түрлі себептермен келіп, қайта алмай қалғандар. Түрлі себептермен адам аяйтындай күйге түскендер. Біреу құжаттарын жоғалтып алады, біреу қаражатсыз қалады, біреу ішкілікке салынып кетеді. Біз оларға барынша жәрдем көрсетуге тырысамыз».

Күн сайын үш адам келеді

…Орталықтың бөлмелерін аралап жүрміз. Директордың орынбасары Айнұр Нұрдәулетқызы жол-жөнекей тыныс-тіршіліктерін баяндап келеді: «Өткен жылы Бе­ло­руссия­ның, Ресейдің, Қырғыз­­стан­ның бір-бір азаматын, Өзбек­станның төрт азаматын елдеріне жөнелттік. Әрқайсысының тағдыры әр қилы, Астанаға әр түрлі жолмен келген. Мәселен, қырғызстандық бауырымыз Тараздағы туыстарын іздеп шығып, адасып, ол екі ортада құжаттарын қолды қылып, осы жақтан бір-ақ шыққан. Ұлттық «Қызыл жарты ай» қоғамдық ұйым­ның көмегімен ол елдің елші­лігіне хабарласып, мән-жайды айтып, құжат­тарын қайта рәсімдеп, шыға­рып салдық».

Айнұр Нұрдәулетқызының сө­зі­не сенсек, ме­кемедегі қызмет алу­шы­лардың саны әр күн сайын екі жүзден кемімейді. Әлеуметтік патруль қызметі әр күн сайын үш адамды жеткізеді.

Сарыарқаның алты ай жатып алатын қаһарлы қысы бар. Орталық­тағы мамандардың айтуынша, осы мезгілде мекеменің жұмысы да қыза түседі. Адуынды аяз, әсіресе, белгілі тұрағы жоқтарға қиын. Қыс күшіне мінгенде орталыққа он-он үш адамға дейін келеді. Аяқ-қолын үсітіп алатындар да аз емес.

…Жасы жетпісті алқымдап қалған қария назарымызды аударды. Бүк­шең­деп, әлдене істеп жүр. Жанына таяп, әңгімеге тартқан болдық. Есі­мі – Болат, тегі – Неғыметов. «Е-е, қарақтарым, менен несін сұ­рай­­сыңдар? – дейді. – Алпыстың ал­­тауы­­на шықтым. Ұйыған отбасым бар еді. Қарғыс атқыр 1993 жылы ғой. Кем­­пірім, ұлым, қызым, яғни, ең жа­қын­­дарым, жанашырларым кө­лік апа­тынан қайтыс болды.

Сосын… арада жылдар өтті. Сандалып Астанаға келдім. Әркімге жалшы болдым. Адаптация дегенді ол кезде білмеймін. 2009 жылы бір кісілер көп жұмыс істетіп, ақырында алдап, ақшамды бермеді. Амалым құрып, ішкі істер қызметкерлеріне барып, жағдайымды, жай-күйімді айттым. Олар осында алып келді. Бұл жақтан Петропавлдағы бейім­деу орталығына жіберді. Онда жағ­­­дайы­мыз мәз болған жоқ. Ішіп-же­мі­міз де қиындап кетті. Мұнда қайта жақ­сы ғой, тамақ мол. Содан кейін қай­тадан Астанаға қаштым. Мұн­да тағы да алаяқтарға ұрынып, бар­лық құжат­тарым­нан айырылдым. Сол жолы денсаулығымды да құрттым. Пәлен деген алыс жерде ауыр жұ­мысқа салды ғой, жаяу, жалғыз осын­да келдім…» Қария әлі де мақ­сатсыз емес, «Енді осы мекеме құ­­жат­­­та­рым­ды реттеп берсе, арқа си­пай­­тын бір кемпір тауып, жұмыс іс­тей­мін» дейді.

Қандастарымыздың қатары бірен-саран

Аралап келеміз. Асхана. Кілең жұпыны киімді кісілер. Арагідік әлгін­де­гідей қариялар да бар. Қалт-құлт етіп, тамақтарын үстелде­рі­не әкеледі, қолдары дірілдеп қасық­та­рын ауыздарына апарады… «Егде тарт­қан­дардың ертеңі не болар екен» деген ой мазалайды. Бұларды кім жұ­мысқа алады, қай туысы қам­қор­лық танытады?.. Беймәлім. Әйтеуір, қандастарымыздың қата­ры бірен-саран екені қуантады.Мынау шаштараз…

Мерекелік шаралар өткізу үшін му­зыкалық құралдармен жабдық­талған мәжіліс залы…

Кішігірім бөлмеге орын тепкен кітапхана. Өкініштісі, қордағы кі­тап­тардың санаулысы ғана қазақ тілінде. Көңілге медеті, «Қазақ әде­биеті», «Айқын», «Ана тілі», «Астана ақшамы» сынды қазақ мер­зімді басылымдарының тігіндісі бар. Оқырмандар да жоқ емес. Кітап­ханашы Анар Танабаеваның айтуынша, күн сайын сегіз-он оқыр­ман бас сұғады екен мұнда.

Теледидар көруге арналған бір­не­ше орын бар.

Психологиялық жеңілдететін сенсорлы бөлме мынау. Психолог Ғалия Жәминова қызмет алушылармен қалай сөйлесетінін, психологиялық ахуалын қалай қал­пына келтіруге тырысатынын әңгі­меледі. «Мен мұнда келген­дердің адам қатарына қосылып, дұрыс өмір сүріп кетуі психолог маманына байланысты екенін жақсы түйсінем. Сондықтан, алдыма келген адаммен мойнымдағы жауапкершілікті сезіне отырып сөйлесемін. Түрлі жолдармен өткен өмірін айтқызып, бойларын жеңілдетіп, жаңаша тіршілік бастауға серпін бергім келеді. Бойларындағы әлсіздікті жеңуге қол ұшын созсам деймін. Және көбіне осы мұратымның үде­сінен шыға­тыныма қуанамын» дейді ол. Ғалия Кеңесбайқызы мекемеге келушілердің көпшілігі ішкілікке салынғанын, құжаттарын жоғалтқанын айтады.
«Тағдыр деген бір-біріне ұқсай бермейді ғой. Осы мекенде таны­сып, табысып, шаңырақ көтер­гендер де бар. Осы жерден шығып, отбасымен қайта қауышқандар да көп. Олардың болашаққа деген сенімдерін, жігерлерін көргенде қуанып қаламыз. Ал, кейде кері­сінше, осы орталыққа екінші, үшін­ші, тіпті, төртінші мәрте келетіндер бар…» дейді психолог.

P.S. «БОМЖ-дардың» баспанасы, қамқоршысы болған жақсы. Бірақ, қоғамда сол «БОМЖ-дар­дың» болмағаны одан да жақсы ғой.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + six =