Жұмысы жаңаша жанданған

0 76

Еліміздің ұлттар мен ұлыстардың татулығын сақтаудағы өнегелі жолын Қазақстан халқы ассамблеясы ерекше дамытып келеді. Түрлі саяси кезеңдерде қазақ жерінен пана тапқан ұлттар мен жергілікті халық арасындағы бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда ассамблея маңыз­ды рөл атқарады.Барлық салаға оңай тимеген пандемия кезеңінде ассамблеяда да жұмыстың жаңа түрлері мен тәсілдері іздестірілді. Сөйтіп карантин талаптарын бұзбай қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін ANK LIVE тікелей эфир студиясы ашылды. Соның арқасында жұмыс тоқтамай, онлайн режимде барлық мүдделі ұйымдармен кездесулер жалғасын тапты. Тіпті халықаралық деңгейде де шаралар тоқтатылмады. Қала әкімдігіне қарасты Ішкі саясат басқармасының ҚХА хатшылығы – этносаралық қатынастар жөніндегі бөлім басшысы Гүлнар Тайгокованың айтуынша, ассамблея өзіне жүктелген міндеттерді үлкен жауапкершілікпен атқарып келеді.

Түрлі ұлттар мен ұлыстарды қамтыған

1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы ассамблеясын Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Елбасының Жарлығы шықты. 2007 жылғы мамыр айында Ата Заңға бірқатар өзгерістер енгізіліп, ассамблеяға конституциялық мәртебе берілді, ол Парламент Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығына ие болды. Ассамблея құрамына 22 ұлттың этномәдени бірлестігі кіреді. Соларды біріктірген ұйым жұмысы өте ауқымды және ол үнемі барлық бағытты, бүкіл халықты қамтиды. ҚХА құрылымы хатшылық, этномәдени орталықтар, «Жаңғыру жолы» жастар бірлестігінің қалалық штабы, этнолингвистикалық мектептер, 6 қоғамдық келісім кеңесі, ғылыми-
сараптамалық топтар, аналар кеңестері, медиация кабинеттері, ақсақалдар кеңесі, «Парасат» қайырымдылық қызметті үйлестіру орталығы, «Аналар аманаты» орталығы, волонтерлер қозғалысы, журналистер кеңесінен тұрады.

Қайырымдылық шараларын қолдайды

Індет орнап, қиын кездер өтіп жатса да, мерекелік шаралармен қатар қайырымдылық істерін өткізу жалғасын тауып келеді. Қалалық ассамблеядағы еріктілер пандемия кезінде ұйым жұмысына көп көмегін тигізген. Волонтерлер жұмыстан және жұмысқа дейін ыстық тамақ жеткізуді ұйымдастырып, 3,5 мыңға жуық маска таратқан.
– Жалпы былтыр біз 49 млн 810 мың теңге көлемінде қаржымен қайырымдылық көмек берсек, жыл басынан бері жалпы сомасы 18 млн 615 мың теңгеге 38 қайырымдылық іс атқарылды. Осы жылы көпбалалы, аз қамтылған, мүгедек балалар, жалғызілікті 3210 адамға көмек берілді. «Biz birgemiz» акциясы аясында аулаларды қардан тазарту жұмыстары қарқынды жүргізілді. Әрбір этномәдени орталықтың өздері қарасатын адамдары бар, соларға тоқсан сайын азық-түлік түрінде көмек береді. Ал қарттар үйіне қолдау білдіру дәстүрге айналған. Жыл сайын жер-жерде концерт беріп, ұлттық тағамдар көрмесін де ұйымдастырамыз, – дейді Гүлнар Ноянқызы.

Былтыр ассамблеяның 25 жылдық мерейтойына орай қалалық штабта «Ассамблея. Тұлға. Тағдыр» жобасы басталды. Осы арқылы ҚХА-ның қалыптасуына үлес қосқан этнос өкілдері туралы бейнероликтер сериясы шығарылды. Абай атамыздың 175 жылдығына орай «Ұлы Абайдың әдеби және рухани мұраларының құндылығы» атты ірі шара және
«ҚХА-ға 25 жыл: сын-қатерлер, жетістіктер және тәжірибе» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.

Жастарға ерекше көңіл бөледі

Жастармен жұмыс – ассамблея­ның өз алдына бөлек бір саласы. Жыл сайын балалар арасында «Алтын күн» патриоттық әндер фестивалі өткізіледі. Ал ұйым базасында жұмыс істейтін «Жастар жолы» мектебінің қызметі биыл санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып атқарылды. Бурабайда жастар үшін көшпелі лагерь ұйымдастырылды. Ассамблеяның «Аналар аманаты» орталығы адамдарды бизнес жүргізу, әлеуметтік кәсіпкерлік бағытында оқытады. Халықтың әлеуметтік осал топтарына қайырымдылық акцияларын жиі өткізетін осы орталық базасында үйде отырып 120 әйел оқыды. Олар жаңа машықтарды меңгеріп, жаңа өмірге жолдама алды. «Жаңғыру жолы» жастар бірлестігі қалалық штабының қолдауымен коворкингтерде кездесулер ұйымдастырылып, жастар кикілжіңді қалай шешу жолдарын үйренеді.
– Этномәдени орталықтар жанынан 12 этнолингвистикалық мектеп ашылған. Бұл – біздегі жұмыстың ең басым бағыты. Мұнда балалар туған тілінен бөлек өз елінің мәдениеті мен салт-дәстүрлерін үйренуге ден қояды. Аталған мектептер қалалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Штаттағы 34 оқытушы – Оқушылар сарайының ұстаздары. Биыл оларды қаржыландыруға 18 млн теңге бөлінді. Сабақтар барлық балалар үшін тегін өткізіледі, – дейді Г.Тайгокова.

Тілге құрмет – елге құрмет

Мемлекеттік тіл мәселесі де ассамблеяда бөлек қарастырылып, оған ерекше көңіл бөлінеді. Ел Президенті ассамблеяның 29-сессиясында басты назар аударатын бес қағидатты атап өткені белгілі. Соның ішінде мемлекеттер мен азаматтар арасындағы сенім, өзара іс-қимылға негізделген қазақстандық патриотизм қағидаты, азаматтық теңдік қағидаты, ұлттың ұдайы жаңғыруы қағидаты осы мемлекеттік тілді дамытуды көздейді. Достық үйі базасында қазақ тілін үйрену кабинеті жасақталған. Ол жерде этномәдени бірлестіктер басшылары мен мүшелеріне мемлекеттік тілде сабақ өткізіледі. Ассамблея осы бағытта «Руханият» орталығымен келісімшартқа тұрып, орталықта сабақ беруге мамандар тартып отыр. Соған қоса «Мәміле» ауызекі тіл бойынша пікірсайыс клубы да құрылған. Мұнда грамматика оқытылмайды, тек қазақ халқының салт-дәстүрлерін әңгімелесу арқылы үйретуге басымдық беріледі.

Мемлекеттік тілді мәртебе тұтады

Елордадағы украин ұлты өкілдерінің «Оберег» украиндар қоғамы» ҚБ мүшелері мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге ерекше мән береді. Бірлестік жанынан ашылған курстарда қазақ тілін үйренуге ден қойып, мемлекеттік тілді насихаттайтын челлендждерге жиі қатысатын, республикалық мерекелерде қазақ тілінде құттықтау бейнероликтерін түсіретін олар осылайша жергілікті халыққа деген құрметін көрсетіп отырады. Қазақстанда олардың ана тілін дамытуына да мүмкіндіктер жасалған. Мәселен, Қазақ радиосындағы «Достық» хабары арқылы қазақстандықтарға украин халқының тілі мен мәдениеті, салт-дәстүрлері кеңінен насихатталады. Бұл ретте бірлестік жанынан құрылған «Риднэ слово» жексенбілік мектебінің де үлесі зор. Ал «Чаривни джэрэла» жастар қанатының белсенділері ассамблея аясында өткізілетін форумдар, конференциялар, кездесулер мен қайырымдылық шараларына белсенді қатысып, аға буыннан сабақ алып қалуға тырысады.
– Қазақстан – түрлі этнос өкілдері бірлік пен татулықта өмір сүретін әлемдегі сирек елдердің бірі. Елдің ішкі саясаты барлық ұлттардың өз дәстүрін дамыта отырып, қазақ халқымен бірлікте өмір сүруіне орайластыра жүргізіледі. Осы істе Қазақстан халқы ассамблеясының қосар үлесі зор, – дейді «Оберег» украиндер қоғамы» ҚБ төрағасы Тамара Ширмер.

Үлкенді сыйлау – айнымас дағдысы

Құрылғанына 27 жыл толған «Таң» татар-башқұрт ұлттық-мәдени орталығы» ҚБ елордада тұратын мыңдаған татар мен башқұрттың мүддесін қорғайды. Орталық төрағасының міндетін атқарушы Равиль Валеевтің айтуынша, татарлардың ең басты сақтайтын салты – аға буынға зор құрмет көрсету. Сондықтан болар бірлестіктегі ақсақалдар кеңесі ең өзекті деген мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарып, жастарды қоғамның түрлі салаларында ірі жобаларды бастауға бағыттап отырады. Бірлестік қызметіндегі негізгі бағыттарға шығармашылық көркемөнерпаздықты қолдау, ҚХА мен Nur Otan партиясы және елорда әкімдігі арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту, озық дәстүрлер мен салттарды бекітіп, дамыту, тілді, тарихты, әдебиетті, өнер мен қолөнерді меңгертуге қажетті жағдайды жасау жатады.

Түрікшені тегін үйретті

Елімізде ҚР азаматтығы бар 250 мыңдай түрік ұлты, яғни кезінде жер аударылып келген түріктердің ұрпақтары өмір сүреді. Олар көбіне Жамбыл, Түркістан, Алматы, Қызылорда облыстарында тұрақтаған. Елордалық түріктердің басын біріктіретін «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» ҚБ-ның жұмысы білім, мәдениет, фольклор, спорт, халықаралық қарым-қатынастарды дамытуға бағытталған. Әсіресе олар қазақ және түрік жастарының қос елде білім алу жолындағы қадамдарына ерекше қолдау білдіреді. Қазақстанда мектеп бітіріп, Түркияға оқуға баратын немесе керісінше Түркия­дан қазақстандық ЖОО-ға келіп оқуды көздейтін жастарға көмек береді. Әлеуметтік көмек көрсету жобалары көбіне елде апатты жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге арналады. Орталықтың түрік тілін үйрететін жексенбілік мектептерінің жұмысы жаңа оқу жылында қайта басталады.
– Мына індет бізге көп нәрсені ұқтырды. Жеке өз басым былтыр елдің бәрі үйде қамалған кезде, адамдар психологиялық күйзеліске түсіп кетпесе екен деген оймен 110 күн онлайн түрде тегін түрікше үйрету сабақтарын өткіздім, – дейді «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» ҚБ төрағасы Әскер Пириев.

Жамбылды жырлаған

Індеттің кесірінен көп жерде жұмыс қашықтан жасалды. Елордадағы белорусь ұлты өкілдерінің «Радима» этномәдени орталығында да ішінара немесе толықтай көп шаралар онлайн өткізілді. Орталықтың жұмысын ерекшелейтін бір шара – көп жылдан бері Достық үйінде жыл сайын халықаралық ана тілі күніне арнап өткізілетін дөңгелек үстел. Биыл осы күннің тақырыбы қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаев шығармаларындағы халықтар бірлігі туралы болды. Бірлестік төрағасы Дмитрий Останьковичтің айтуынша, алдағы уақытта белорусь жазушылық күні, халықаралық қарттар күні, халықаралық музыка күні, Тұңғыш Президент күні және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған ірі шаралар өткізу жоспарланып отыр.

Телеарналар арқылы танылған

Қашықтан жұмыс істесе де қызметін тоқтатпаған орталықтардың бірі – «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі. Орталық төрағасы Шерзод Пулатовтың айтуынша, олар былтырдан бері ең танымал қазақстандық телеарналар арқылы көптеген бағдарламаларға түсу арқылы өзбек ұлтының дәстүрі мен мәдениетін насихаттай алған. Сондай ірі шара Әлішер Науаидің 580 жылдығына орай өткізілген «Шығыс жұлдызы – Науаи» атты әдеби кеші болды.
– Қазір біз жастарға ерекше көңіл бөлеміз. Олардың спорт және ағартушылық шараларға қатысуына қолдау білдіреміз. Жақында біздің футбол командамыз спорт жарысынан екінші орын алып, жастар қанаты өкілдері Бурабай демалыс орнында өткен жастар мектебіне қатысты, – дейді Ш.Пулатов.

Тарихи отанымен байланысы мығым

Бас қаладағы поляк ұлтының өкілдеріне арналған «Polacy» этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінде бірнеше мерейтойлық күндер атап өтілуде. Мәселен, биыл орталықтағы жексенбілік орталықтың құрылғанына 20 жыл және поляктардың Украинадан жер аударылғанына 85 жыл толып отыр. Індет кедергі келтіргендіктен, орталық өкілдері бұл мерейтойларын жылдың аяғында атап өтуді жоспарлады.
– Қазақстан халқы ассамблеясының арқасында біздің орталық қаламыздың қоғамдық өмірінде белсенді болып, қоғамның дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік алды. Жастарымыз да өз әлеуетін толық жүзеге асырып, қабілетін дамытуда. Ең бастысы, біздің тарихи отанымызбен байланысымыз үзілмей жалғасуда, – дейді орталық төрайымы Елена Роговская.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − 5 =