Жұмыссызға бағдар бередi

0 68

Халықаралық еңбек ұйымының мәлiметiнше, жұмыссыздық дертi былтыр да әлемдегi маңызды мәселелер қатарынан көрiнген. Бұл жылы шамамен 203 миллионнан астам адам жұмыссыз ретiнде тiркелiптi.
Ұйым мамандары жұмыссыздық деңгейiнiң әсiресе, дамыған елдерде жоғарылағанын, ал жұмыссыздықпен күресте керiсiнше, дамушы елдердiң жоғары жетiстiкке жетiп отырғанын айтады. Бұл тiзiмнiң алғашқы ондығында Қазақстан да бар.
Алғашқы ондықтан ойып тұрып орын алуымыз заңды да.
Неге десеңiз, Қазақстандағы жұмыспен қамту бағдарламаларының тиiмдi жүзеге асырылуы елдiң еңбек нарығындағы белсендiлiгiн арттырып отыр.
Елiмiздегi халықтың әлеуметтiк проблемаларын шешуге бағытталған бағдарламалар, Үкiметтiң қадау-қадау тапсырмалары жүйелi жүзеге асуда.
Сол себептi, Қазақстан өз iшiндегi жұмыссыздықты ауыздықтай алған санаулы елдердiң арасынан бой көрсетiп отыр.
Қазақстанда өткен жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы қабылданды. Негiзгi мақсаты – тұрақты және нәтижелi жұмыспен қамту арқылы халықтың тұрмыс деңгейi мен табысын арттыру болып табылады.
Осы бағдарлама аясында Астанада атқарылып жатқан шаруалар легi өзге өңiрлерге үлгi етуге тұрарлық.
Биыл елордада «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы үш бағыт бойынша iске асырылады.
Бiрiншi бағыт азаматтарды оқыту және еңбекпен қамту бойынша жүргiзiледi. Астана қаласы Жұмыспен қамту орталығының директоры Аманжол Әбдiрахманов pm.kz сайтына берген сұхбатында ағымдағы жылы 1733 адам оқытылады деп жоспарланып отырғанын айтыпты. 2012 жылдың 25 ақпанындағы жағдай бойынша, 66 адам оқуға кiрiскен.
Ал, жастар тәжiрибесiн ұйымдастырудың аясында 300 адамды жұмысқа тұрғызу үшiн республикалық бюджеттен 55,7 млн теңге бөлiнiп отыр.
Жалақыны жартылай субсидиялау шартымен әлеуметтiк жұмыспен қамту бойынша да жұмыстар жалғастырылуда. Мәселен, биыл 55 адамды әлеуметтiк жұмыс орындарымен қамту көзделiп отыр.
Ауылдағы кәсiпкерлiктi дамытуды қолдаудың аясында ұйымдастыру жұмыстары бойынша бағдарламаның 30 әлеуеттi қатысушысына кәсiпкерлiк негiздерiн оқыту және микронесиелер беру жоспарлануда.
Сонымен қатар, сайттағы сұхбатында орталық басшысы: «Үшiншi бағыт – еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шараларының аясында жұмыссыз, тұрмысы төмен және өз-өздерiн жұмыспен қамтып отырған аза-маттардың қатарынан 108 отбасыны қоныс аударту үшiн көппәтерлi тұрғын үйдiң құрылысы жоспарлануда», – деп атап көрсетiптi.
Бүгiнде әлемдiк тәжiрибеде халықты еңбекпен қамтудың түрлi әдiс-тәсiлi қолданылады. Мәселен, америкалық модель еңбек өнiмдiлiгi төмен, бiрақ халықтың қалың бөлiгiн қамтуға қауқарлы жұмыс орындарын құрумен ерекшеленедi. Сарапшылар бұл тәсiлдiң жұмыссыздар қатарын азайтқанымен, тұрғындардың тұрмысын жақсартуға қауқарсыз екенiн айтады. Ал, скандинавиялық модель мемлекеттiк секторда табысы орташа, еңбекақысы қанағаттанарлық жағдайдағы жұмыс орындарын көптеп аша отырып, жұмыс күштерiн солай қарай тартуға бейiмделген. Еуропалық модель еңбек өнiмдiлiгiн арттыру арқылы халықты жұмыспен қамту мәселесiне орайластырылған. Мұндай жағдайда жұмысшылардың жалақы-лары бiршама жоғары болады.
Қазақстанның қолға алып отырған шарасы әлемнiң ең үздiк деп танылған осы тектес тәсiлдерiнiң жиынтық үлгiсi деуге болады.
Жұмыссыздықты ауыздықтау жұмысында ауыз толтырып айтарлық жоғары нәтижеге қол жеткiзiп отыруымыз да сондықтан.
Шынар ДОСАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − seven =