Жұмысшы құқын біле ме?

0 39

Кеше қала әкімдігінде өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Ерлан Бердалин індеттің алдын алу шаралары кезеңіндегі еңбек қызметінің ерекшеліктері туралы айтты.

«Жалдамалы қызметкерлер үшін 42500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік жәрдемақы төлеуге жұмыс берушілер өтінішті өздері береді. Әрине, бұл қызметі бас санитарлық дәрігердің шектеу шараларына түскен ұйымдар. Бұл төлемдер Әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді, яғни жұмыс берушілер бұл үшін ешқандай қаржы төлемейді» деді ­Е.Бердалин. Ол жұмыс берушілерге бұл жағдай ел үшін оңай емес екенін, сондықтан ақысыз демалыстағы жұмысшылардың тізімін беру мәселесіне аса жауапкершілікпен қарауды тапсырды.
Алдағы жұмыстарға тиісті бақылау жасау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың қыз­меткерлері кірген штаб құрылды.
«Еңбек қатынастары бөлігінде конституциялық құқықтардың бұзылуына байланысты барлық мәселелерді еңбек инспекциясы қарайды. Күн сайын еңбек инспекциясына 20-дан 40-қа дейін адам келеді. Бұл мәселелердің көпшілігі жұмыс берушілермен түсіндіру барысындағы әңгімелесуден кейін оң шешімін табады. Олай болмаған жағдайда қызметкер сотқа жүгінеді» дейді Е.Бердалин.
Еңбек құқықтары бұзылған азаматтар Достық көшесі, 13-үйде орналасқан Нұр-Сұлтан қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына жүгіне алады.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four + ten =