Жұмысқа тұрамын десеңіз…

0 71

Елордада «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020-2021» бағдарламасы аясында 105 жоба жүзеге асырылады. Бұған 61 млрд теңге бөлінді. Оның 17 миллиарды республикалық бюджеттен, 44 миллиарды мемлекеттік құнды қағаздарды сатудан түсіп отыр. Бағдарлама аясында 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл – осыншама адам жұмыспен қамтылады деген сөз.Іске асырылатын жобалардың қатарында шаһардағы 140-тан астам аула мен 150 көшені жөндеу, 25 қоғамдық кеңістікті жоспарлау, бейімдеу орталығы мен екі мектептің құрылысы, көппәтерлі тұрғын үйлерге инженерлік желілерді тарту бар. Жұмыссыздар немесе пандемияға байланысты жұмысынан айырылғандар осы жобалар бойынша еңбекпен қамтылады. Бұл іс Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту орталығы арқылы жүргізіледі.
Әлемді жайлаған індетке байланысты қазіргі таңда орталық онлайн жұмыс режиміне ауысты. Бағдарламаға қатысу үшін елорданың Жұмыспен қамту орталығына 57-88-88 Call-орталық нөмірі арқылы хабарласу қажет. Жұмысқа тұрамын дейтін азаматтар жеке куәлікті, егер бар болса еңбек кітапшасын, білімі туралы құжатты (аттестат, куәлік, диплом), бар болған жағдайда курстардан өткенін растайтын құжаттарды (куәлік, сертификат) ұсынуы шарт.
Кешегі күнге дейін осы бағдарламамен 3906 адам жұмысқа тұрғызылды. Солардың кейбіреуімен әңгімелестік. Өзің Сәндібек деп таныстырған азаматтың құрылыс саласында істегеніне көп жыл болды. Бірақ пандемияға байланыс­ты жұмыс орнын жоғалтып, табысынан айырылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқылы екі қолға бір күрек табуға болатынын естіген ол қаланың Жұмыспен қамту орталығына жүгінді.
– Орталыққа барып, жаңа жұмыс орнына тұрдым. Қазіргі уақытта көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысына белсене қатысып, қаламыздың дамуына үлес қосып жатырмын, – дейді Сәндібек.
Николай Митрофановтың мамандығы – прораб. Үш жыл бойы ол жолдарды жөндеу жұмысымен айналыс­ты. Бірақ биыл жұмысынан айырылып қалды. Аталмыш бағдарлама туралы досынан білген ол да қазір үйреншікті ісін қолға алды.
Рахат Ахметов – тәжірибелі құрылысшы. Ол – қасбетті әрлеудің шебері. Жақында жұмысынан қысқарып қалды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының арқасында қазір ол да нәпақасын тауып отыр.
Осындай жұмыс іздеп жүрген азаматтар немесе жұмыс қолы жетпей жатқан жұмыс берушілер 57-88-88 Call-орталығы арқылы, электронды пошта және мобильді байланыс құралдары арқылы онлайн кеңес ала алады. Қызмет түрлері туралы қосымша ақпарат қаланың Жұмыспен қамту орталығының (fs: @cz.astana.kz, inst: @czn_astana) әлеуметтік желілерінде қолжетімді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 − 3 =