ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ ЖҮЙЕЛІ ҚАДАМЫ

0 106

Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасында көрсетілген міндеттер мен талаптарды жүзеге асыру жұмысы қалалық әкімдікке қарасты құрылымдарда жүйелі жүргізіліп келеді.

 Көшпелі мәжілісте күрмеуі шешілді

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бағдарламалық мақаланың мәні мен маңызын түсіндіру мақсатында басқармаға қарасты мекемелерді аралап, көшпелі мәжіліс өткізді.

Көшпелі жиынға қалалық мәслихат депутаттары мен кәсіподақ ұйымы өкілдері қатысты.

Қаламыздағы «Балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесі», «Тұрақты тұратын жері жоқ тұлғаларын әлеуметтік бейімдеу орталығы», Астана қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту орталығы», «Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесі» және «Психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесіне» арнайы ат басын бұрған билік өкілдері бірқатар маңызды мәселелерді ортаға салып, талқылады.

Еңбеккерлер еңбек заңдылықтары жөнінде кеңінен мағлұмат беру үшін кей мекемелерге Алматы және Сарыарқа аудандық прокуратура өкілдері де бас сұқты.

Алдағы уақытта да мұндай түсіндірме жұмыстарына прокуратура өкілдері, мемлекеттік еңбек инспекторлары бір кісідей жұмыла атқаратын болады.

 Бірлескен отырыста қаралды

Бағдарламалық мақала жарық көрген күннен бастап оны талқылау мақсатында қалалық әкімдік пен әкімдікке қарасты мекемелердің қатысуымен 4 рет бірлескен отырыс өткізіліпті. Бұған жұмыс берушілер, жұмыспен қамту бағдарламасына қатысуға ниеті бар өзге де құрылым өкілдері қатысқан. Мұндай бірлескен жиындардың маңызы зор. Өйткені, бос жұмыс орындары, қай мекеме қандай маманға зәру, алдағы уақытта қандай мамандарды даярлауға мән берген жөн деген мәселелердің бәрі осындай бас қосулар нәтижесінде мәлім болады.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалымен бірлесіп өткізген ашық есік күні нәтижесінде жұмыссыз жүрген жандар қамқорлыққа алынып, оларды жұмысқа орналастыруға жағдай жасалды. Ашық есік күніне қалалық әкімдіктің құрылымдары мен Парламент Мәжілісінің депутаттары да қатысты.

 *Дерек пен дәйек

  • 2009-2010 жылдардағы Жол картасы аясында оқыту курстарынан өткен 1394 адам түгелдей жұмысқа орналастырылды.
  • 2011-2012 жылдары 2219 адам кәсіптік оқуды тәмамдады. Оның ішінде бағдарламаға қатысушы 1535 жан жұмысқа орналасты, 441-і жұмысқа орналастыруды қажет етеді. 328-і белгілі себептерге байланысты жұмыс істеуден бас тартса, 104 адам оқыту курстарын тәмамдаған соң өз беттерінше жұмыс іздеуді жөн деп тапқан.
  • «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының бірінші бағытына сәйкес Астана қаласында 2012 жылы 483 адамды сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқыту қарастырылған.
  • Жұмыспен қамту орталықтарында оқыту, тұрақты және уақытша жұмыс табу, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында жастар практикасына қатысу мәселелеріне қатысты 820-дан астам кеңес берілді.
  • 352 жұмыс берушімен ниет хаттамасы жасалды.
  • Жыл басынан бері үш рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
  •  «Сислаб» жобасы аясында оқып шыққан 200 адамның 102-і жұмысқа орналасты, 9-ы өзінің жеке ісін ашты. Жоба бойынша жұмысқа орналастыру 57,5 пайызды көрсетіп отыр.

Шынар  ДОСАН

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 1 =