Жұмыспен қамтудың жаңа жобасы

0 108

Осы аптада Үкімет «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдар­ла­ма­сын қабылдады.

Құрылыс жүрсе, қол бос болмайды

Біріншіден, азаматтар инфра­құры­лым­ және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесі арқылы жұмыс­пен­ қамтылады. Бұл механизм 2009-2010 жылдардағы «Жол картасында» қол­да­ныл­ған болатын. Яғни, халық тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық, әлеуметтік-мәдени, рес­пуб­­ликалық маңызы бар нысандарды, инженерлік-көліктік ин­фра­құры­лымды жөндеу жұмыстарына тар­ты­лады. Сонымен қатар, биыл ауылдардағы фельдшерлік-аку­шер­лік қосындар құрылысына, абат­тан­ды­руға көңіл бөлінетіндіктен, шал­ғай­да­ғы шағын елді мекендерде екі қолға бір күрек табылады.

«Жергілікті бюджеттен бөлі­не­тін қаржыны есепке алғанда, атал­ған бағытты жүзеге асыруға қарас­ты­рыл­ған соманың жалпы көлемі 57,6 млрд теңге және 22,5 мың жұмыс орны пайда болады» деп атап өтті құжатты таныстырған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минис­трі­нің міндетін атқарушы Тамара Дүйсенова

Тіршілік лебін әкелетін «тірек ауылдар» идеясы

Екінші бағыт бойынша ауылда жеке кәсіппен айналысқысы келетіндерге 3 миллион теңгеге дейін шағын несие беру арқылы қолдау көрсетілмекші. Мұндай әдіс бұдан бұрын жүзеге асырылған «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасында да болған еді. Бірақ, бұл жолғы бастаманың өзгешелігі – «тірек ауылдар» идеясы. Жұртшылықпен кеңесе отырып, әр ауылдың өз даму жоспары дайындалады. Онда ауылға қандай инфрақұрылым, қанша маман қажеттігі, басқа да жұмыс орнын көбейтуге септігі тиетін шаралар егжей-тегжейлі жазылады. Ондай тізімге кірген ауылдардың кәсіпкерлеріне берілетін шағын несие көлемі 5 миллионға дейін арттырылмақ. Тек жергілікті жердің әжетіне жарайтын шаруа бастаса болды. Өсімі пайыздан аспайды. Ал, кооперативке біріккендерге арнайы бір жобаны жолға қоятындай-ақ қаржылай қолдау көрсетіліп, керек құрал-жабдық пен технология сатып алуға гранттар бөлінеді. Әзірге қанатқақты жобаға еліміздің алты облысынан (Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақмола, Атырау, Алматы, Қарағанды облыстары) 11 «тірек ауыл» іріктеліп алынды. Екінші бағыт бойынша 11,4 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Оған 25,7 миллиард теңге бөлінеді.

Әлеуметтік келісімшарт

Үшінші бағытты бұрын-соңды болмаған соны тәжірибе десек те болады. Бұдан былай жұмыс беруші өзінің болашақ қызметкерін оқытуға тікелей үлес қосады. Іс-тәжірибеден өтуге жағдай жасайды және біртіндеп жұмысқа алуға кепілдік береді. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс беруші болашақ маманмен әлеуметтік келісімшартқа отырады. Ал, әлеуметтік жұмысқа тартылғандарға келісімшарт мерзімі бір жылдың орнына бір жарым жылға, «жастар практикасы» жарты жыл орнына бір жылға ұзартылып отыр. Мемлекет «жастар практикасына» іліккендерге жалақыны біртіндеп кеми беретін шкаламен төлейді, ал, қалған алты айын жұмыс беруші өз мойнына алады.

 Тұрғын үймен қамту міндетін теңдей бөліседі

Бағдарламада еңбеккерлерді тұрғын үймен қамту мәселесіне де көңіл бөлініпті. Бірақ, тұрғын үй тек жұмыс берушіден нақты ұсыныс түскен жағдайда ғана салынады. Мысалы, қазіргі таңда СҚО, ШҚО, Павлодар, Қызылорда облыстарының жұмыс берушілері жұмысқа алуға кепілдік бере отырып, жалпы көлемі 313 пәтер баспана салу бастамасын көтеріп отыр. Үй салуға кететін қаржы мен құрылысты жүргізу мін­детін мемлекет пен жұмыс беруші тең­дей бөліседі. Ал, құрылыстың орны нақты бір өндіріске қарай таңдалады. Жалпы, үшінші бағыт бойынша кемі 90,1 мың адамды жұмыспен қамту жос­пар­ланып отыр. Оны жүзеге асыруға 213,4 млрд тең­ге­ қарас­­ты-­ры­­лады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven + 6 =