«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасы

0 196

Жедел технологиялық өзгерістер заманында жұмыс орындарына деген талаптар да өзгеріп отырады. Осыған орай, Астана әкімдігі халықты жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасын дайындауда.

«Біз еңбек нарығындағы қажеттілік пен сұранысқа терең талдау жүргіздік. Талдау барысында қала экономикасына салынатын ағымдағы және болашақтағы инвестицияларды назарда ұстаған жөн. 2018-2022 жылдары 55 мың тұрақты, 100 мың уақытша жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз. Мұның бәрі жұмыспен қамту саясатын қайта қарауды талап етеді» деп мәлімдеді Әсет Исекешев елордалық кәсіпкерлер форумында. Оның айтуынша, ауқымды мәліметтерге талдау жасай отырып, жергілікті және республикалық бюджет есебінен оқитын мамандарды даярлау және оқыту бағдарламасына түзетулер енгізіледі. Бұл орайда білім беру мен маман дайындау бойынша қазіргі заманға сай талаптарды ескере отырып, халықты жұмыспен қамту тұжырымдамасы әзірленуде.
Қазіргі таңда қандай да бір мамандарға сұраныс көп, ал енді біреулеріне аз. Сол себептен болашақта сұранысқа ие болатын мамандыққа оқыту қажеттіліктері ескеріледі. Мысалы, колледждеріміз жастарды BIM жобалаушы (75 адам), кибер қауіпсіздік бойынша маман (35 адам), web-дизайнер (75 адам) сияқты болашақтың мамандықтарына оқытуға бейімделіп жатыр. Мысалы, биыл Политехникалық колледжде тұңғыш рет құрылыс­тағы BIM-технология маманы бітіріп шыққан.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды