ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?

0 260

жумыс

«Нұр Отан» партиясы қалалық филиалында депуттаттық фракция жұмысының кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы және еңбек саласындағы заңдық құжаттардың орындалу барысы талқыланды.

Бұл мәселелер «Сәтті қадам», «Кедергісіз келешек» атты партия жобаларын жүзеге асыру аясында қарастырылып отыр.

Жиынның алдында «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сапар Ахметов партия мүшелеріне «Нұр Отанның» жаңа үлгідегі партиялық билетін табыс етті.

Бұдан кейін күн тәртібіне көшкен жиын қатысушылары алдымен қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алма Алтыбаеваның елордалықтарды жұмыспен қамту жөніндегі баяндамасын тыңдады. Баяндамашының айтуынша, былтыр «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы оқыту мен жұмысқа орналастыруға жағдай жасау бағытында жүзеге асырылған. 2013 жылы бағдарламаға қатысуға 952 адам өтініш берсе, оның 61 пайызы әйелдер екен. Ал, бағдарлама шеңберінде еңбек нарығындағы жұмыс күшінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және сапаны көтеру мақсатында 387 адам оқытылған. Соың 76-сы бұрын-соңды ешқандай мамандық алмаған. Қайта даярлаудан 110 адам өтіп, жаңа мамандыққа ие болса, 65 адам біліктілігін жетілдірген.

Кәсіби оқыту қалалық білім мекемелерінде жүргізілген. Бағдарламаға қатысушылар электрмонтер, дәнекерлеуші, жөндеуші, аспаз, балабақша тәрбиешісі, гид-экскурсовод сынды қалаға керекті мамандықтарды алып шыққан.

Басқарма басшысы бағдарламаның жыл басынан бергі жүзеге асырылу барысына да тоқталды. Биыл бағдарлама екі бағыт бойынша іске асырыла бастапты: біріншісі – оқыту және жұмысқа орналасуға қол ұшын беру болса (үшінші бағыт), екіншісі – инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамту (бірінші бағыт).

Үшінші бағытты жүзеге асыруға 215 215, 0 мың теңге бөлінген. Жыл басынан бері бағдарламаға қатысуға 545 адам ниет білдірген. Соның 70 пайызы әйелдер болса, 56 пайызы 29 жасқа дейінгі жастар екен. Осы жылы кәсіби оқытумен 1 мың адамды қамту көзделіп отыр. Бүгінде әлеуметтік жұмыс орны мен жастар практикасына 74 адам жіберілген. Сондай-ақ, 78 ұйыммен келісімшарт жасалыпты.

Жалпы, жыл басынан бері бағдарлама бойынша 166 жан жұмысқа орналасқан.

Алма Алтыбаева жыл соңына дейін бағдарламаға бөлінген қаражат толық игеріліп, оның барлық міндеттері орындалатынын жеткізді.

«Нұр Отан» қалалық филиалының депутаттық фракциясында қаралған екінші мәселе бойынша Астана қаласы Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ерлан Оспанов баяндама жасады. Ол 2014 жылдың басынан бері еңбек заңнамаларының сақталуын қадағалау бойынша 141 тексеру жүргізілгенін айтты. Ұйымдар мен кәсіпорындарды тексеру кезінде 152 заң бұзушылық дерегі анықталған. Тексеру нәтижесінде 120 лауазымды және заңды тұлға 17,6 млн теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.

Жұмысшылардың өндірістік жарақат алуы төңірегінде сөз қозғаған басқарма басшысы 2014 жылдың басынан бері Астана қаласындағы өндіріс орындарында 45 оқыс оқиға болып, 65 адам зардап шеккенін атап өтті. Он үш адам қаза болып, 44-і ауыр дене жарақатын алған. Бұл оқиғалардың 95 пайызы құрылыс алаңдарында болыпты.

Бұдан кейін Ерлан Оспанов өндірістік жарақат алу оқиғаларына байланысты қорытынды жасап, бірқатар заңдарға өзгерістер енгізу қажеттігін жеткізді.

Жиында жергілікті атқарушы органдар басшылары мен кәсіподақ жетекшілері, қалалық мәслихат депутаттары да сөз сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселелерге байланыс­ты, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × five =