ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ – ЖҰМЫЛА КӨТЕРЕР ЖҮК

0 118

DSC_1802

Кеше қалалық Кәсіпкерлік палатасының ұйымдастыруымен «Астаналық жұмыспен қамту» форумы өтті. Бизнес өкілдерінің, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері мен жас түлектердің мүдделерін бір арнада тоғыстыратын шара жұмысына үш мыңға тарта елордалық қатысты.

– Адам өмірінде үш маңызды құндылық бар. Ол – бейбіт өмір сүру, ұрпақ өсіріп, еңбек ету. Содан да халқымыз «ырыстың да, тыныстың да діңгегі –еңбек» деген. Өйткені, өмірдегі жетістік пен жеңіс тек қана еңбекпен келетіні анық, – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева форумның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде. Жұмыссыздық және жұмыспен қамту мәселелерінің бүгінгі ахуалына тоқталып өткен Аида Ғалымқызы астаналық форум жұмысы өзекті мәселелерді реттеуде өзіндік үлес қосады деп бағалады.

Статистика бойынша Астана қаласында 24 мың жұмыссыз ресми тіркелген. Алайда, ішкі миграцияның есебінен бұл көрсеткіш бірнеше есе артатынын жоққа шығаруға болмайды.

Осы мәселелерді шешудің кешенді әдістері мен нақты жолдарын қарастырған форум, шын мәнінде, бизнес өкілдері үшін де, кәсіптік техникалық білім беретін мекемелердің түлектері үшін де өзара пікірлесетін алаңға айналды. Оның аясында «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы инженерлік-техникалық, инженерлік-педагогикалық мамандықтарға шетелде оқып, тәжірибеден өту мүмкіндіктері таныстырды.

Ал, «Астана қаласының өнеркәсіптері» көрмесіне елордалық бизнес құрылымдары қатысты. Олар бос жұмыс орындарын ұсынып, үміткерлермен тікелей сөйлесіп, кеңес берді.

Форумға қатысушыларға арналған семинарлар мен тренингтердің де тақырыбы сан алуан екен. «Жұмыс пен карьера: біріншісін қалай тауып, екіншісіне қалай қол жеткізуге болады?», «Керек кәсіпті таңдау», «Қаржылық тәуелсіздікке жол», «Еңбек заңнамалары бойынша құқықтық нигилизм» деген тақырыптарда білікті мамандар сабақ өткізді.

Елордалық кәсіптік білім беру мекемелерінің көрмесінен орта мектептердің биылғы түлектері еңбек нарығында сұранысқа ие техникалық мамандықтар жайында толық ақпарат алды. Құрылыс техникалық колледжі, Қоғамдық тамақтандыру және сервис, Энергетика және байланыс, Экономика, технология және тағам өндірісін стандарттау колледждерінің өкілдері жастардың дұрыс таңдау жасауына ықпал ететін ақпараттарымен бөлісті. Ірі бизнес құрылымдары, құрылыс корпорациялары өз жұмысшылары мен қызметкерлерінің қатарын толықтыруға лайық жандарды іріктеп, байланыс орнатты.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − 16 =