ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖОЛДАРЫ

0 100

Қалалық мәслихаттың мәжіліс залында депутаттарды ке­лесі сес­сияда қаралатын мәселелердің бірімен алдын-ала та­ныстыру өтті. Бұл — Қазақстан Республикасының «Халықты жұ­мыспен қамту туралы» Заңына сәйкес, жергілікті өкілдік және атқарушы органдардың құзыреті тақырыбы. 

Аталмыш мәселеге орай Астана қаласының Жұмыспен қамту жә­не әлеуметтік бағдарламалар бас­­қармасының бастығы Алма Ал­ты­­баева баяндама жасады. 2012 жыл­дың үшінші тоқсанындағы есеп бойынша елордадағы ең­бек етуге белсенді тұрғындар са­­ны 418,7 мың адамды құраса, олар­­дың 395,3 мыңы жұмыспен қамтылған. «Бүгінгі таңда еңбек нарығындағы жағдай тұрақты» дей келе, басқарма бастығы өткен жылдың соңғы тоқсанында бас қалада жұмыссыздар саны 5,6 пайызды құрағанын, 2011 жылмен салыстырғанда 0,2 пайызға, ал жас­тар арасында жұмыссыздықтың 0,7 па­йызға төмендегенін жеткізді.

Өткен жылы қалалық Жұмыс­пен қамту және әлеуметтік бағдар­ла­ма­лар­ басқармасына 12639 адам жұмыс сұрап өтініш білдірген. Олардың 84,5 пайызының, яғни 10682 адамның өтініші қанағаттандырылған. Соның нәтижесінде 2012 жылы Астанада экономиканың түрлі салаларында 18024 жаңа жұмыс орны ашылды.

Бүгінгі таңда Астанада қала әкім­­ді­­гі­нің жанынан құрылған Жұ­мыс­пен қамту орталығы, сондай-ақ 20 жекеменшік жұмыспен қам­­ту агенттігі жұмыс істейді. Елор­да­лық­тар­дың жұмыспен қам­ты­луына олар да үлес қосуда.

Алма Алтыбаеваның айтуынша, өткен жылы 692 адам, олардың 347-сі «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында жастар тәжірибесінен өткен. Ал, 1344 тұрғын кәсіби біліктілігін арттыруға жолдама алса, олардың 495-і ізгі ниетін аталмыш бағдарлама аясында жүзеге асырған.

Г.Өкешқызы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + eighteen =